Home Әлеумет ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН БАҚЫЛАУҒА АЛДЫ


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» фракциясының мүшелері – Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев Түркістан облысы, Кентау қаласында болды. «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамына арнайы келіп, жұмысшыларымен кездескен халық қалаулылары ел көкейіндегі сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы да сөз қозғалды.
Кездесуде «Кентау трасформатор зауыты» АҚ-ның жұмысшылары халық қалаулыларына өндіріс орындарында, зауыттарда ауыр жұмыс істейтін әйелдердің зейнет жасын төмендету жөнінде ұсыныс-тілектерін білдірді. Сонымен бірге 2006 жылдан бері жер кезегінде тұрған тұрғын өзінің кезектен сызылып кеткені туралы айтып, осы мәселені шешіп беруді сұрады. Депутат Қайнар Абасов аталған ұсыныстарды назарға алатынын жеткізді. Зейнет жасын төмендету мәселесі терең сараптауды қажет ететін дүние екенін, сайлаушылардың талаптары бойынша ізденіп, жұмыс жүргізетінін мәлімдеді.
«Кентау трасформатор зауыты» АҚ-ның басқарма төрағасы Хайрулла Қожабаев депутаттарға «жаңа станоктар мен машиналар алуға мемлекеттен жеңілдетілген несие қарастырылса, моноқалаларды дамыту бағдарламасы арқылы 1 пайыздық несие берілсе» деген ұсынысын жеткізді. Ол мәселені зауыт жұмысшылары да қозғады. 60 жылдық тарихы бар зауыт трансформатордың 400-ден астам түрін құрастырады. 1200-ден астам адам жұмыспен қамтылған зауыт өндірген өнімнің 40 пайызы экспортталады. Бірақ шетелден және елімізден келген сұранысты толық орындау үшін зауытқа сапалы станоктар ауадай қажет болып тұр. Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, мәселе шешімін тапса, өндіріс екі есеге артады.
Бұл ұсыныстарды тыңдаған депутат Сырым Ертаев «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында экспорттаушы кәсіпорындарды қолдау басым бағытқа ие екенін мәлімдеді.
«Сайлауалды бағдарламаны орындау арқылы алдағы 5 жылда еліміздегі белсенді экспорттаушы компаниялар санын 400-ден 1000-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Сонымен бірге шикізаттық емес экспортты 2,5 есе арттыру жоспары бар. Ауылдарды аралау барысында кәсіпкерлер тарапынан осы бағытта ұсыныстар мен өтініштер жиі айтылды. Әсіресе пандемия салдарынан жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау аса қажет. Біз кәсіпорындарды несиелендіру барысын жандандыру үшін Парламентте тиісті ұсыныстар жолдаймыз», – деді ол.


Ал Қайнар Бегалыұлы трансформатор зауытының Орта Азияда жетекші кәсіпорын екенін айта келе осы кездесуде көтерілген ұсыныстар назарға алынатынын жеткізді. Қазіргі таңда отандық өндірушілерді қолдау бойынша заң жобасы әзірленіп жақанын айтқан ол жұмысшы тобына ене отырып, кәсіпорындарды несиелендіру бойынша нақты ұсыныстар беретінін атап өтті.
Жалпы Парламент Мәжілісінің депутаттары 7 шілдеден бері Түркістан облысының барлық дерлік аудан-қалаларын, елді мекендерін аралап шықты. Қоғамдық қабылдаулар өткізіп, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасының орындалу барысын саралады. Іссапар әлі де жалғасуда. Алдағы уақытта сайлауалды бағдарламаны орындау арқылы өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жолында жұмыстар жалғасын табады.