Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ БЮРО ОТЫРЫСЫНДА ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАН: «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ БЮРО ОТЫРЫСЫНДА ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында жыл басынан бері 363,5 мың шаршы метр тұрғын үй беріліп, 10541 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңірде 13 кәсіпорын ашылып, 1665 адам жұмысқа орналасты. Жол картасы аясында 7 жаңа мектеп ашылған. Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылу барысы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды.
Жол картасының орындалуы бойынша «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламаның орындалуы партия филиалының қатаң бақылауына алынып, тұрақты түрде зерделеу жұмысы жүріп жатыр. 2021 жылы облыстық Жол картасы бойынша 110 индикатор жоспарланса, оның 25-і орындалды.
Аудандық, қалалық Жол карталарында жоспарланған 1418 индикатордың 668-і, яғни, 47 пайызы жүзеге асқан. Осы және өзге деректерге тоқталған баяндамашы сайлауалды бағдарламаны орындау барысындағы қиындықтар мен мәселелерге де тоқталды. Жол картасы бойынша жылына 2 рет аудан, қала әкімдерінің есептері тыңдалса, деген ұсынысын жеткізді.


«Nur Otan» партиясының бюро отырысында облыстық стратегиялық және стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбектің баяндамасы тыңдалды. Ол Жол картасы аясындағы жұмыстармен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылуы баяндалды. 2021 жылы 70 ауылдық елді мекенде 302 жобаға 16,1 млрд.теңге бөлінген. Іске асыру жоспарланған жобалар аясында білім, денсаулық, спорт саласында жаңа нысандар бой көтеріп, аудан, қалаларда инфрақұрылым жаңарады. Жыл қорытындысымен 280 нысанды пайдалануға тапсыру жоспарланса, бүгінгі таңда, 95 жобаның жұмысы аяқталып, қабылдауға дайын. Оның ішінде, 91 көше орташа жөндеуден өтіп, 4 мектепте күрделі жөндеу жасалған.
Мәжілісті қортындылаған облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев сайлауалды бағдарлама өңірдің даму тұжырымдамасымен ұштасатынын айтты. Жол картасындағы әрбір индикаторды сапалы әрі уақтылы орындау жөнінде тапсырма беріп, барлық аудан, қала әкімдері мен басшыларға бұл іске жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Жол картасын орындау барысындағы өзекті мәселелерді жылдам анықтап, жұмысты тоқтатпау керектігін жеткізді.