Home Әлеумет МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ӘДЕП САҚТАУ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – ӘДЕП САҚТАУ

Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, бұған қарап отырып біз, бұрынғыға қарағанда мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады.

Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдын-дағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Сондықтан ел алдындағы азаматтардың қашанда үлгілі істерге жақын болғаны абзал.

 Мемлекеттік қызметші әркез әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі, ол жұмыста, демалыс күндерінде болсын, қонақта болсын, далада табиғат аясында демалғанда болсын, тіпті жай үйінде қонақ күтіп отырған күннің өзінде де. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді, сөз түзейді. «Өзі жақсы адамға, мың кісілік орын бар» дегендей, құрметтеп төбелеріне көтереді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, ел алдындағы адамның ішкен-жегені де, киім кигені де әдептіліктің ауылынан ұзамағаны жөн. Қалай болса, солай киіну, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өзіне-өзі есеп беріп отыруы қажет. Әр мемлекеттік қызметші аталған Әдеп кодексте айтылғандарды басшылыққа алғаны абзал.

Мәселен, кодексте мемлекеттік қызметшінің жалпы мінез-құлығына қойылатын талаптары халықтың бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуы, адал, әділ, қарапайым болуы, үнемі біліктілігін арттыруы, шектеуліктерді қатаң сақтауы, қоғам тарапынан сынға ілікпеуі, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы, іскерлік әдепті сақтауы, мемлекеттің мүлкін, автокөлік құралдарын қоса алғанда тек қызметтік мақсатта пайдалануы тиіс деп нақты белгіленген.

Бұдан басқа қызметтік қарым-қатынастардағы мінез-құлық стандарттарында әріптестердің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына, басшылардың қарамағындағы қызметшілермен және төмен тұрған лауазымдағы қызметшілердің басшылармен өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар айқындалған. Яғни, олардың өзара қарым-қатынас жасауы іскерлік негізде жүзеге асырылып, ұжымда әріптестер бір-бірінің ар-намысы мен абыройына зиян келтіретін ақпарат таратпаулары тиіс делінсе, басшы қол астындағы қызметшілер үшін барлық адамгершілік қасиеттердің үлгісіне айналуы, оларға қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиеттерін қорлауға жол бермеуі және қызметтен тыс мәселелерін шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауы тиіс делінген.

Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және                                  «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуы қажет.

А.Б. Бекмуратов,


Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.