Home Әлеумет «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт»

«Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт»

«Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» республикалық жобасы облысымызда табысты жүзеге асып келеді. Былтыр облыс әкімдігі мен Болат Өтемұратов қоры өзара меморандум жасасқан болатын. Меморандум негізінде облыстағы 50 мектепке «Jas Leader» факультативті курсы оқытылды. Аталмыш жоба оқушылардың, кітапханашылардың жəне ата-аналардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруге, сондай-ақ, оқу мəдениетінің деңгейін арттыруға жəне оқуды насихаттауға бағытталған.Әкімдік тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында облыстық білім беруді дамыту орталығының инновациялық «KitapХАН@» кітап оқу жарыс жобасына Болат Өтемұратов қоры қолдау көрсетті. Балалар жылында өтіп жатқан кітап оқу жарысының жеңімпаздарына «Steppe World» баспасының «Хәрри Поттер» және тағы басқа көркем әдебиеттері ұсынылуда. Аталмыш жобаға облыстағы білім беру ұйымдарының педагогтері, колледж студенттері мен 5-10-сынып оқушылары қызыға қатысып келеді.Жоба аясында көркем әдебиеттер тізімін 4 бағыт бойынша жүзеге асыру көзделген. Олар: еліміздің үздік классиктерінің кітаптары, ана тіліне аударылған әлем әдебиетінің жауһарлары, қазіргі заманғы ақын-жазушылардың кітаптары және түрлі анықтамалықтар мен ғылыми-көпшілік басылымдармен, оқу-әдістемелік құралдарымен жасақтау. Жоспарды жүзеге асыру үшін жыл сайын мектептердің кітапханасын 20%-ға көркем әдебиетпен толықтыру жұмыстары жүргізілмек. Яғни бес жыл ішінде мектеп кітапханалары 100 пайыз көркем әдеби кітаптармен қамтылуы тиіс. Облыстық білім беруді дамыту орталығы облыс ұстаздары мен білімгерлерді кітап оқу жарысына шақырады.