Home Әлеумет Мәселе – жақсы мұғалімде! Ал, оған қай кезде де сұраныс жоғары

Мәселе – жақсы мұғалімде! Ал, оған қай кезде де сұраныс жоғары

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы өзекті мәселелерді ұдайы айтып келеді. Соның бірі – білікті мұғалімдердің тапшылығы. Осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өңірлерге үздік мұғалімдерді тарту және  оларды дайындау үшін арнайы бағдарлама әзірленетінін айтқан болатын. Оның сөзіне сүйенсек, білікті мұғалімдердің тапшылығы, әсіресе, Атырау, Маңғыстау, Алматы және Түркістан облыстарында қатты сезіледі. Бұл білім беруде үлкен алшақтық байқалатын өңірлерге жүргізілген арнайы талдаудың нәтижесі екен.Министрдің айтуынша, аталған аймақтарға жоғары оқу орнын бітірген ең үздік педагогтар жұмысқа тартылып, оларға арнайы әлеуметтік қолдау шаралары ұсынылмақ. Нақтырақ айтсақ, білікті мұғалімдердің жалақысын арттыру бойынша тиісті коэффициент белгілеу, коммуналдық қызмет төлемін немесе тұрғын үй ақысын өтеу сияқты ынталандыру шаралары қарастырылып жатқан көрінеді. Мәселеге тереңірек үңілу үшін біраз жыл бұрынғы ОҚО білім беру басқармасын басқарған Балқия Көмекбаеваны сөзге тарттық. Ардагер педагогтың айтуынша, бұл мәселе таяудағы жылдардың ішінде шешілмейді. – Өңірімізде білікті мұғалімдер жоқ емес, бар, бірақ, жеткіліксіз. Бұған біріншіден, бала санының көбейіп, тиісінше мектеп пен білікті мұғалім санының оған сай болмауы әсер етіп отыр деп ойлаймын. Мысалы, кейбір мектептерде орыс тілі, ағылшын тілі, физика, химия сынды пәндерден сабақ беретін білікті ұстаздар тапшы. Сонымен қатар, бұл проблеманың бір ұшы жекеменшік жоғары оқу орындарына келіп тіреледі. Себебі, сондай ЖОО-ларды ақшасын төлеп бітіріп алған кейбір мамандар мұғалім деген атқа сай болмай шығады. Сондай-ақ, осы салада қызмет атқарып жүрген мамандар өңіріміздегі бала санын, туу көрсеткішін, жеткіліксіз мектептер санын министрлікке бүкпесіз айтуы қажет. Өйткені, мектеп жетіспейтін, бір сыныпта шектен тыс көп оқушы отыратын, балалар 3-4 ауысыммен оқитын жерде білім сапасы туралы сөз етудің өзі артық. Өзім 2006-2010 жылдары облыстық білім басқармасын басқардым. Ол кезде министр Жансейіт Түймебаев еді. Сол жылдары өңірімізде мектеп жетіспейтінін алға тартып, «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында 40-қа жуық мектеп салуға қаржы бөлдірттік. Оған министр мен қазіргі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қолдау көрсетті. Сонда басқа өңірлердің депутаттары «неге оңтүстікке көп бөлінуі керек?» деп қарсылық та танытқан. Қазір сол қарсылық танытқан өңірлердегі кейбір мыңнан астам оқушыға арналған білім ұяларында 200-300 ғана оқушы оқып жатыр. Сондықтан  мектептерді бала санына қарап салу қажет. Сосын соңғы жылдары жекеменшік мектептердің де көбейіп жатқанына куәміз. Ондай білім ұяларына да талапты күшейтіп, сапалы білім беруді қатаң қадағалау қажет. Қазір мектеп бітіруші түлектердің педагогикалық мамандыққа оқуға түсуіне арналған шектік балл жоғарылады. Оған қоса, мұғалімдерді біліктілік тестінен, квалификациядан өткізіп жатыр. Сондықтан бұл проблема жақын арада емес, жеделдеткенде 5-6 жылдан кейін шешілуі мүмкін, – дейді Шымкент қалалық аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева.«Қызмет» газетінің бас редакторы, қоғам белсендісі Бейсенкүл Нарымбетова да бұл мәселені жоққа шығару мүмкін емес екенін айтып отыр. Оның ойынша, білікті мұғалім тапшылығының орын алуына бірнеше себеп бар. – Біріншіден, қазіргі білім беру саласында оқуды сырттай бітірген мұғалімдер көп. Жекеменшік оқу орнын лекцияға бір күн қатыспай-ақ тәмамдаған ондай мұғалімдер қалай білікті маман болсын?! Олардың жұмысқа қалай орналасатынын білмеймін, бір білетінім, кей мектептерде білім беру сапасы төмен. Әйтпесе, мектепте оқитын ұл-қызымызды қосымша курсқа беруге мәжбүр болмас едік ғой. Ал, курстар тұтынушысын нақты нәтиже арқылы табатындықтан, онда өзіндік имиджін қалыптастырған педагогтар жұмыс істейді. Сол себепті, баласының ертеңіне алаңдаған ата-аналар «мына жерде мықты физик бар, ана жерде білікті биолог бар» деп курс жағалайды. Тіпті, кейбір ауыл мектептерінде «мұрагерлік» қалыптасып қалған. Яғни мектепте бір пәннен сабақ берген мұғалім өзінің баласын да сол мамандық бойынша оқытып, зейнетке шығып бара жатқанда орнын тапсырып кетеді. Солардың барлығы әке-шешесі сияқты маман бола береді дейсіз бе?! Біздің мұғалімдерді кері тартып тұрған тағы бір жағдай – рейтинг. Өйткені, қазіргі көптеген педагог рейтингі мен категориясын көтеру үшін білім сайыстарынан жүлделі орындарды сатып алып жатады. Тіпті, сол рейтингті жоғарылатуға қажетті Алғыс хат, медаль мен сертификатты қосып сатуды кәсіпке айналдырып алған мекемелердің де бар екендігі анық. Ұстаздарға қойылатын осы бір критерийді жүйеге түсіру қажет. Әйтпесе, категория көтерілсе, жалақысы да өсетінін білетін ұстаздардың басым бөлігі рейтинг қуып кетуі ғажап емес. Жалпы, ұстаздық – қасиетті мамандық. Ал, сол қасиетті құндылықтан айырылып қалар болсақ, келешегіміз бұлыңғыр болмақ, – дейді Бейсенкүл Нарымбетова.Министрлік көтерген мәселе бірер күн бұрын облыс әкімдігі аппаратының жиынында да сөз болып, мектептерді мықты мұғалімдермен қамтамасыз ету – өңірдегі өзекті мәселенің бірі екені айтылды. Әкімдік ақпаратына сәйкес, алдағы уақытта өңірімізге қажетті білікті педагогтар саны анықталып, «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында ұсынылатын қолдау шараларының мөлшерін ұлғайту бойынша ұсыныс енгізілмек. «Қазіргі таңда білім беру саласы мамандарына «Дипломмен – ауылға» жобасы аясында 100 АЕК мөлшерінде (306,3 мың теңге) бір жолғы жәрдемақы және тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген кредит түрінде әлеуметтік қолдау қарастырылған. «Дипломмен – ауылға» жобасы іске асырылғаннан бері жалпы 11 595 маманға 2,1 млрд. теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы ұсынылған. Оның 7911-і мұғалім. Сондай-ақ, 11,6 млрд. теңге көлемінде бюджеттік кредит ұсынылып, нәтижесінде 3573 маман баспаналы болды, оның ішінде 2265 білім саласының өкіліне қолдау көрсетілген» делінген әкімдік ақпаратында. Біз осы салаға тікелей жауапты болып саналатын облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына да сұрау салдық. Басқарманың мәлімдеуінше, қазіргі уақытта облыста 945 жалпы білім беретін мектеп болса, ол білім ұялары 429 білікті мұғалімге мұқтаж болып отыр. Мұндай педагогтардың 350-ге жуығы шағын жинақты мектептерге қажет көрінеді. Ал, күрмеулі мәселені шешу жолы ретінде жас мамандар мен басқа өңірлердің ұстаздарын әлеуметтік жағдайларын реттеу және баспанамен қамтамасыз ету арқылы жұмысқа тарту қарастырылып отыр екен. Сонда мектептерді жоғары оқу орнын жаңадан бітірген жас, тәжірибесі толыспаған мамандармен толықтырсақ, білікті мұғалімдердің тапшылығы жойыла ма? «Дипломмен – ауылға» жобасы аясындағы қолдау шараларының мөлшері қаржымен өлшенетінін ескерсек, аталған бағдарлама төңірегінде де сыбайлас жемқорлық әрекеттері көбейіп кетпесіне кім кепіл? Білім және ғылым министрлігі, жергілікті билік пен білім беру саласына жауапты мамандар жемқорлық әрекеттерінің орын алмайтынына сенімді болса, бүгінге дейін неліктен білікті педагог тапшылығы проблемасын шеше алмаған? Әлде бұл проблеманың түйінін тарқату үшін міндетті түрде Мемлекет басшысы қатаң тапсырма жүктеп, министрлік арнайы бағдарлама әзірлеу керек пе? Қазіргі білім беру саласында осындай жауапсыз сұрақтар мен мәселелер көп-ақ.Басқарманың тағы бір дерегіне сүйенсек, облыс бойынша соңғы 4 жыл көлемінде жергілікті бюджеттен жоғары оқу орындарына оқуға түсуге мемлекеттік гранттар бөлінбеген. Осы орайда жыл сайын мектеп бітірушілердің санының артуына байланысты педагогикалық мамандықтарға, оның ішінде жаратылыстану бағытындағы және орыс тілінде сабақ беретін мамандықтарға облыс бюджетінен гранттар бөлу ұсынылмақ. Сондай-ақ, қазіргі таңда өңіріміздегі ауыл мектептерінде білім сапасының көрсеткіші 48,2-ақ пайызды құрайды екен. Ал, 900-ден астам мемлекеттік мектептердің арнайы пән кабинеттерімен жабдықталуы 39 пайызды ғана құрап отыр. Бұл айтқандарымыздың төмен көрсеткіш екені айтпаса да түсінікті. Ертеңгі күні ел тізгінін бүгінгі жастар ұстайтынын ескерсек, мына жағдайды еліміздегі білім және ғылым саласына қағылған дабыл деп есептеуге әбден болады. Ал, бұған жауаптылар проблеманы қандай жолмен және қалай шешетініне алдағы уақытта куә боламыз.

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».