Home Әлеумет Қазақ әдебиетінің мұғалімі ұлт идеологы һәм руханият жанашыры болуы тиіс

Қазақ әдебиетінің мұғалімі ұлт идеологы һәм руханият жанашыры болуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 1 қыркүйегіндегі  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет» деген болатын. Іле-шала Президент «Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Соның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталып, «2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасы» заңмен бекітілді. Бұл жобаның басты мақсаты – барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру.
2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасының бесінші бағытында еліміздегі жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру көзделген. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі түрлі шешімдер қабылдап, бүгінде ол жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда студенттердің сұранысы мен талап-тілегін,  таңдауын ескеру маңызды болып отыр. Ел болашағы – жас ұрпақты заманына сай маман ғана емес, отаншыл, патриот, қазақы рухтағы тұлға деңгейіндегі маман етіп шығаруды басты назарда ұстап келеміз. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастарға қатысты сыни пікірлер көп айтылады. Көңіл толмаушылық бұрын да болған. Ғасыр бұрын Мағжан Жұмабаев: «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақта жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуы тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген еді. Ұрпақ тәрбиесінің отбасынан бастау алатынын ескерсек, бұл –  бәрімізге ортақ мәселе. Десе де, орта мектептегі білім мен тәрбиенің орны айрықша. Осыдан-ақ сол орта мектепке маман даярлайтын біздің ұжымның жауапкершілігін салмақтай беріңіз. Мектепте өтілетін пәннің қай-қайсысының болсын баланы өсіруде, дамытуда рөлі орасан. Әйтсе де, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз, мәдениетіміз бен руханиятымыз басты назарда болатын айрықша пән бар. Ол –  «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні. Сөзімізге IX ғасырдағы түрік ғалымы Махмуд Қашқаридың  «Тәрбие басы – тіл» деген нақылы, белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің «Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы –  сөз» деген пікірі дәлел. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалім өз пәнін жетік меңгеріп қана қоймай, ұлт идеологы болуы тиіс. Ол Қазақстан дейтін алып елдің мемлекеттік тілі мен әдебиетін оқыту арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, елдің, жердің қадірін білуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейді. Лев Толстойша айтсақ, «Білім берудің қай түрі болмасын – тәрбие».Қазақта дәстүр сабақтастығы деген ұғым бар. Міне, осы алтын көпірдің бұзылмауын, бабалар жолының үзілмеуін ана тілдің, сөз өнерінің қуат-күшімен жас ұрпаққа ұғындырып, санасына сіңіртетін де – осы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Шәкіртін бар болмысымен қабылдап, жан жүрегімен сүйетін ұстаздың басты міндеттерінің бірі –  баланың қоғамдық көзқарасының, азаматтық талғамының қалыптасуына, ізденуіне бағыт беру, соған оң ықпал ету. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасырдың басында айтқан «Қазақша оқу жайынан» атты мақаласындағы «…бір нәрсені істегенде, сол істі істей білетін адам істесе, шапшаң да, жақсы да істейді. Бұл жалғыз қол ісі емес, ми ісінде де солай. Мал бағатындар мал бағуын жақсы білерге керек, ел бағатындар ел бағуын жақсы білерге керек. Бала оқытатындар бала оқытуын жақсы білерге керек. Бала оқытуын жақсы білейін деген адам, әуелі, балаларға үйрететінін алдымен өзі жақсы білерге керек, екінші, баланың табиғатын біліп, көңіл сарайын танитын адам боларға керек. Оны білуге баланың туғаннан бастап, өсіп жеткенінше, тәнімен қатар ақылы қалай кіретін жолын білерге керек. Баланың ісіне, түсіне қарап, ішкі халінен хабар аларлық болу керек… …болыстық та, билік те, халықтық та оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде оқуменен түзеледі» деген пікірі бүгін де өзектілігін жойған жоқ.Білім беру саласына енгізілген санасаң саусақ жетпейтін реформалардың қазақ тілі мен әдебиеті пәніне тигізген теріс ықпалдары да аз болған жоқ. Жаңадан қаралып, бекітілер бағдарламада ол олқылықтардың орны толтырылады деп сенеміз. Әдебиеттің ежелгі дәуірінен бүгінгі кезеңіне дейінгі аралықтағы тарихын, тілдің салаларын оқып үйренетін пәннің екі аяғын тең басып, төрт құбыласының түгел болуы ұрпақ үшін ғана емес, ұлт үшін де маңызды. Ұлттың даналық мектебінің ұстазы Халел  Досмұхамедұлының «Халықтың құлқы, мінезі, ойы заманындағы әдебиетінен білінеді. Әдебиет – халықтың түрлі қимылдарының айнасы… Осы әдебиетті тексеріп отырсақ, қазақтың өткендегі  құлқы, мінезі, заманындағы күйініші, сүйініші, арасында болған түрлі әлеумет қимылдары анық сезіледі.  Заманымыздағы түрлі қимылдардың жаман-жақсы мінездердің өз-өзінен  пайда болмай, өткен заманмен тамырласып жатқаны байқалады» деген сөзінің астарына үңіле білсек болғаны. Қазақ халқында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге арналған көптеген ұғымдар бар. Соның бірі – қара шаңырақ. Қacтеpлі, қacиетті саналатын оны «үлкен үй» атап, аналарымыз босағасын аттағаннан құрмет көрсетіп, иіліп сәлем берген. Оңтүстік өңірде білім мен ғылымның қара шаңырағындай жып-жылы құтты мекен бар. Үш бес жылдықтан соң құрылғанына ғасыр толатын бұл оқу ордасы бүгінде Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті деп аталады. Уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті педагог мамандар даярлауды басты мақсат еткен оқу ордасының бағындырған биіктері мен жеткен жетістіктерінің артында оқытушылардың ұшан-теңіз еңбегі жатыр. Олар жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеп, әл-Фараби өсиетіне адалдық танытып келеді. Осы ретте ойға Жүсіпбек Аймауытовтың «Адамның өзін тануы, өз жолын табуы өте қиын. Бұл қиындық әсіресе жастардың басында: олар тәжірибесіз, олар көңілі, ойы құбылмалы, толқымалы, сондықтан өзін сынай алмайды. Өмір жолдары тараулы» деген сөзі оралады. Бұл істе табандылық пен қажырлылық, қайтпас қайсар төзімділік керек екенін ұстаз алдын көрген әрбір жан мойындары анық. Дұрыс жазып, көркем сөйлеуді үйретіп қана қоймай, рухани тұрғыдан байытуды мақсат ететін әріптестердің еңбегі өлшеусіз. Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, қазақ тілі мен әдебиеті пәні – ұлттық тәрбие негізі.
Динара БАЙҒҰТОВА, ОҚМПУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, доцент.