Home Әлеумет АРЫС ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

АРЫС ӘКІМІ АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен әкімдік аппаратының өкілдері арыстық ақсақалдармен кездесті. «Ардагерлер орталығында» өткен шарада ауыл биін сайлау мен қариялар қауымының қоғамдық шараларға белсенді қатысу жайы талқыланды.

Арыс қаласындағы ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Исламбеков жетекшілік еткен жиында қаланың тұрмыс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер күн тәртібіне шығарылды.
Ал жиында сөз алған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова ақсақалдар алқасының бұқаралық шараларға белсенді араласуы – ел ынтымағы жолында игі іс екенін атап өтті.

«Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» демекші, біз сіздерге арқа сүйеп, осылай ақылдасып, кеңесе отырып жұмыс жүргізсек, ұтылмайтынымыз анық. Сондықтан, ауыл әкімдері мен әкімдік аппаратының өкілдері ауыл билерімен етене байланысып жұмыс істегені жөн. Бұл бағыттағы жоспарымызды әлі де ширата түсетін боламыз», – деді ол.

Айта кетейік, басқосуда қала тазалығы мен мал ұстау тәртібі, суды үнемді пайдалану мен ағаш отырғызу жайы, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер мен қоғамдық қауіпсіздік, көше атауларын реттеу туралы ұсыныс, пікірлер кеңінен талқыланып, шешімін табудың жолдары қарастырылды.