Home Әлеумет ҚАРИЯЛАР – ҚАЗЫНА, ДАРИЯЛАР

ҚАРИЯЛАР – ҚАЗЫНА, ДАРИЯЛАР

Қазақ – қариясын сыйлаған халық. Қарияның батасын алмай қазақ қоғамында қордалы байламдар жасалып, іс басталмаған. Бұл – атам заманнан бері келе жатқан игі дәстүр. Отан деп, тынымсыз еңбектерiмен мемлекетiмiздiң негiзiн салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың өмiр жолы бүгiнгi ұрпаққа табылмас қазына. Қарт кiсiнi құт-береке деп танысақ – ол ұрпақ көрегендiгi.
Қарттар күніне орай «Ардагерлер орталығында» ауқымды мерекелік шара өтті. «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Дүниеден озған марқұмдардың әруағына бағыштап құран оқылды. Мұнан соң қалалық мәдениет үйі жанынан алғаш құрылған көркем сазды фолькорлық ансамблі би билеп, ән шырқап өнер көрсетті. Бұған дейін, яғни, шара ресми ашылғанға дейін спорттың әр түрінен (биллиярд, стол теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, шекемтас) сайысқа түсіп, соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.

Мерекелік жиында қала әкімінің міндетін атқарушы С.Дәрібай, қалалық мәслихат хатшысы А.Байтанаев, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Исламбеков сөз сөйлеп, ардагер қарттарды құттықтады. «Тәрбиелі ұлт, дамыған мемлекет ардагерлерін сыйлап, үлгі тұтқан, қадірлеген, өмірлік мол тәжірибесінен тәлім алған. Міне, осындай таусылмас қазынаны жастар тәрбиесінде тиімді пайдалануымыз керек» деді игі жақсылар.
Көңіл шат шарада Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық һәм мәдени дамуына ерекше үлес қосқан бір топ ардагер Алғыс хатпен, Грамотамен және дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, осы салтанатты шара басталғанға дейін мәресіне жеткен спорттық жарыс жеңімпаздары да осындай дәрежемен және медальдармен әспеттелді.
Айта кетейік, мәдениет үйінде қазыналы қарттарымыз бата беруден де сайысқа түскентін. Көкірегі алтын сандық қария – Балғынбай қажы Пердебеков осы жарыстың жеңімпазы деп танылды.
Шара барысында минералды сусындар шығаратын «Арыс минералды су» ЖШС-нің директоры Полатханұлы Руслан демеушілік жасап, сусындармен қамтамасыз етті.
Ең бастысы, қаламыздағы ардагерлер қауымы өздерінің есіл еңбектерінің бағаланып, құрметке бөленіп, қоғамға қажеттілігін сезінді.