Home Uncategorized ТҮРКІСТАН: КӘСІПТІК БІЛІМ ҚАШАН ДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

ТҮРКІСТАН: КӘСІПТІК БІЛІМ ҚАШАН ДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

«Түркістан Ахмет Ясауи кәсіби колледжі» – кәсіби білім беру бағытында қалыптасқан дәстүрі бар университеттің құрылымдық бөлімі. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауда орнықты бағыт ұстанған колледждің көкжиегі кең. Біз колледждің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Алтынбек КЕНЖАЛИЕВПЕН білім ордасының тыныс-тіршілігі туралы сұхбаттасқан едік.

– Алтынбек Тұрлыбиұлы, мектептерде бұрыннан қалыптасқан, үлгерімі төмен, тәрбиесі мен мінезі күрделі «қиын балаларды» 9-сыныптан «колледжге кет» деп ысырып салатын үрдіс болатын, әлі де кездеседі. Айтыңызшы, қазіргі уақытта колледжде оқу қаншалықты тиімді?

– Иә, әрине бұндай факторды жоққа шығаруға болмайды. Оқушыларымыздың арасында тәртібі қиын, үлгерімі төмен балалар қазірде жоқ емес. Бірақ, барлығы солай деп те айта алмаймыз. Әсіресе, соңғы жылдары колледжге өз қалауымен келетін талапкерлер саны артуда және олардың арасында оқу үлгерімі жоғары, тәртібі де жақсы балалар көп. «Қиын топтағы» оқушылардың колледждерге оқуға келуінің себептері де әртүрлі: жоғарыда айтқандай тәртібі мен оқу үлгерімінің нашар болуы, ҰБТ-да шекті балл жинай алмау қаупі, жоғары оқу орындарындағы төлемақының қымбаттығы, отбасындағы әлеуметтік жағдайының төмендігі сияқты күрделі мәселелер бар. «Қиын» екен деп бұл топтағы жастарды қоғамнан тыс қалдыруға болмайды. Тәртіпке шақырып, таңдаған кәсібіне баулып, бойындағы жақсы қырлары мен қабілеттерін ашу арқылы қоғамда өзінің лайықты орнын табуға көмектесуіміз керек. Бізге қойылатын негізгі міндеттердің бірі де осы. Талабы мықты болса әрі қарай оқуын университетте жалғастырып, білімін жетілдіруге мүмкіндік алады. Осы орайда, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау үшін колледждерге мемлекеттік тапсырыс (грант) бойынша орын бөлу және оны жылдан-жылға көбейту арқылы Үкімет үлкен әлеуметтік мәселені шешіп отыр деп ойлаймын. Жуырда, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасында өткен жиналыста жаңа 2022-2023 оқу жылына, облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру орындарында оқыту үшін республикалық бюджеттен 10 мыңға жуық грант орындарына сұраныс жасалғанынан хабардар болдық. Бұл жақсы жаңалық. Жалпы, елімізде 9-сыныпты бітірушілерді колледж деңгейінде толығымен тегін оқыту жобасы қолға алынды. Бұл жерде басымдық бірінші кезекте еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтарына беріледі. Мысалы, біздің колледжде дайындалатын: аспаз, кондитер, ветеринарлық санитар мамандықтары осы санатқа енеді. Қазіргі таңда біздің өңіріміздегі еңбек нарығында сылақшы, кірпіш қалаушы, электрмонтаж шебері, газбен дәнекерлеуші, аспаз, даяшы, шаштараз және т.б. мамандықтарға сұраныс көп. Демек, осындай мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс көбейеді деген сөз.

– Колледж тарихы, жеткен жетістіктер мен табыстары туралы айтып өтсеңіз.

– Оқу орнымыз 2001 жылы университетке қарасты аграрлық колледж болып Кентау қаласында ашылды. 2006 жылы Кентауда ұстау тиімсіз деп санағандықтан осында көшірілді. Уақыт өте еңбек нарығының сұранысына орай, кейбір мамандықтар жабылып, жаңа мамандықтармен толығып, біртіндеп көпсалалы колледжге айналды. Қазір бізде аграрлық бағытта тек «Ветеринария» мамандығы ғана қалды. Бүгінде колледжімізде 1078 студент оқиды. Оның 500-ден астамы мемлекеттік грантта, 500-ден астамы ақылы негізде білім алады. Университтетің құрылымдық бөлімі болғандықтан, оқу ғимараты, жатақхана, басқа да материалдық-техникалық базалардың игілігін көріп отырмыз. Мұнан басқа университетке қарасты Клиника-диагностикалық орталық, Виварий, Орталық ғылыми кітапхана, спорт нысандары және университеттің басқа да инфрақұрылымдарын колледж студенттерінің тегін пайдалануына мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, оқу-әдістемелік жағынан да университеттің оқытушы-профессорларының әлеуетін пайдаланамыз. Жаратылыстану, Инженерия факультеттерінің ғалымдары студенттерімізге дәрістер, апталық мастер-сыныптар өткізіп отырады. Соңғы жылдары материалдық-техникалық базамызды нығайтып, едәуір жаңалауға қол жеткіздік. Атап айтқанда, оқу аудиторияларын толығымен жаңа үлгідегі интерактивті тақталармен жабдықтадық, 5 компьютер сыныбын толығымен жаңа моноблоктармен қамтамасыз еттік. «Тігін технологиясы», «Робототехника» шеберханаларына, «Ветеринария» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтарының зертханаларына қажетті құрал жабдықтар мен қондырғылар сатып алынды. Колледждің кітапхана қоры жаңа оқулықтар мен көркем әдебиеттермен жүйелі түрде толығуда. Былтырдан бастап министрлік колледждерге практикалық сабақтар барысында жасаған дүниелерімізді сатып, пайда табуға мүмкіндік берді. Мысалы, біздің болашақ аспаздарымыз бен кондитерлерімізді практикадан өткізу барысында едәуір шығын жұмсаймыз. Ұн, өсімдік майы және т.б. түрлі қоспаларын сатып аламыз. Оны дайындаған соң өткізу керек қой. Әзірге өз асханамызда сатып, шығындарын өтеуде. Алдағы уақытта колледждің алдынан кондитер өнімдері дүңгіршегін ашсақ деген жоспарымыз бар. «Ветеринария» мамандығының практикалық дәрістерінде қолданылатын қымбат бағалы «УЗИ Драминского» аппараты бар. Мал ауруларын анықтауда таптырмас құрал, буаздығын анықтаудан бастап, үй жануарларының басқа да түрлі дерттерін анықтайды. Бүгінде студенттеріміз өздері өндірістік практикаға барған шаруашылықтардан, жеке қожалықтардан аталған аппараттың қызметіне тапсырыстар әкелуде. Сынақ ретінде алғашқы тапсырыстарды орындап та көрдік. Бұл да бір табыс табудың көзі. Студенттердің бұған қызығушылығы зор. Бюджетке ғана байланбай, қосымша табыс табудың басқа да жолдарын, қаржы көздерін қарастырып жатырмыз. 2019 жылдан бастап оқу ордамыз дүние жүзі шеңберінде жұмысшы мамандықтары бойынша өткізілетін «WorldSkills» чемпионаттарына қатысуда. Бұл сайыс колледждердің білім деңгейін анықтайтын маңызды критерий болып саналады. Соңғы 2020 жылы өткізілген облыстық чемпионатта «Робототехника» және «Кабельдік желілер» құзыреттіліктері бойынша студенттеріміз 1-орын алды. Мұнан басқа «Графикалық дизайн», «Веб-дизайн» және «Ветеринария» құзыреттіліктері бойынша қатысқан командаларымыз жүлделі орынға ие болды. Чемпион болған командаларымыз 2021 жылдың қараша айында республикамыздың 30-дан астам колледжінің базасында өткен «WorldSkills-2021» ұлттық чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғады. Бүкіл облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың командалары қатысқан үлкен додада екі командамыз да жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Студенттеріміз бұдан да басқа өз мамандықтары бойынша пәндік олимпиадаларға, ғылыми жобалар байқауларына және біліктілік сайыстарына қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Спорт пен өнер саласында да студенттеріміздің мақтануға тұрарлықтай жетістіктері көп.

– Қай мамандықтарыңыз ерекше сұранысқа ие?

– Бізде «Есептеу техникасы» саласы бойынша ІТ мамандықтарына сұраныс жоғары. Оның ішінде техник-бағдарламашы, веб-дизайн біліктіліктеріне. «Ветеринария», «Дене тәрбиесі және спорт», «Аспаз» мамандықтарына да сұраныс көп. Өйткені, еңбек нарығында бұл мамандықтарға қажеттілік бар. Мысалыға, аспаздықты оқуға келетіндер көпшілігі болашақта өз кәсібін ашуды көздеп келеді. Осы салада отбасылық бизнесі қалыптасқан кейбір азаматтар балаларын «бізге осыны оқу керек» деп әкеліп жатады. Сонымен қатар, қолданыстағы заң талаптарына сәйкес кафе, мейрамхана және т.б. қоғамдық тамақтандыру мекемелерінде де дипломды кәсіби технолог не аспаз жұмыс істеуі керек деген талап бар. Сондай-ақ, облыс орталығына айналғаннан кейін қаламызға көптеген мемлекеттік мекемелер көшіп келді. Түрлі салада қызмет ететін кәсіпкерлік субъектілері көбейді. Нәтижесінде «Есеп және аудит» мамандығы бойынша «1С бухгалтерия» бағдарламасын меңгерген мамандарға соңғы кезде тұрақты сұраныс бар. Бізде «1С бухгалтерия» лицензиялық бағдарламасымен жабдықталған арнайы компьютерлік сыныбымыз бар және білікті ұстаздарымыз сапалы мамандар даярлауда. «Құқықтану» мамандығына келушілер де аз емес. Бұл мамандықтың жылдағы контингент деңгейі төмендеген жоқ.