Home Спорт ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАДЫ

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШ БАСТАДЫ


Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы жылдың қорытындысын жариялады. Биыл Түркістан өңірінің спортшылары ұлттық спорттың 11 спорт түрінен сайысқа түсті. Жыл басынан бастап спорт түрінен жекелеген ішкі чемпионаттар, кубок бәсекелері, ұлттық спорт фестивалі, халықаралық жарыстар мен әлемдік додалар өтті. Бір жылдың қорытындысы бойынша 17 облыс пен 3 қаланың арасынан Түркістан облысы үздік атанды.


Түркістан өңірінің спортшылары биылғы жарыстарда жалпы саны 58 алтын, 52 күміс, 65 қола жүлдемен көш бастады. Оның 13 алтынын түркістандықтар қазақ күресінен еншілеп, рекордтық көрсеткішті тіркеді. Осындай жоғары көрсеткішке жету үшін Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп келеді.


Аймақ өкілдері ұлттық спорттың дамуын жүйелі жолға қойған. Түркістан облысының ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Болат Қонаевтың айтуынша, жыл басында алға қойылған жүйелі жоспар жүзеге асқан. Облыста ұлттық спорт кеңінен дамыған, бәсекелестік өте жоғары. Биыл аударыспақ, жамбы ату мен теңге ілуге өзгерістер енгізілгеннен кейін жүлде саны да артты. Ат спорты дамытылады. Ересектер арасында көкпар командасын жасақтау мен ат мәселесіне баса ден қойылады. Басты мақсат – 2024 жылы қыркүйек айында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсету.
Жылды жоғары жетістікпен аяқтаған ұжымның шәкірттері мен жаттақтырушыларына және мекеменің үздік қызметкерлеріне алғыс хатар мен статуэткалар табысталса, демеушілер тарапынан қаржылай сыйлықтар ұсынылды.