Домой Мәдениет ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢНЕН БАСТАЛАДЫ

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢНЕН БАСТАЛАДЫ

Туған жер – ұстанымы ұлағат болған ұлтымыздың ғана емес, мың нәубетке мойымаған асқақ рухымыздың алтын бесігі. Тектіліктің төрі, тәлім-тағылымның тұғыры, адами құндылықтардың «құбыласы», перзенттік парыздың шұғыласы да өмірдің өзегіне айналған өскен өлке. Халықтың қалыбынан шыққан перзенттік парыз үшін оның құны жақұттай, бағасы бақыттай қымбат. Алғаш рет ауасын жұтып, кіндік қан тамған туған өлкенің кіршіксіз киесінен асқан құдірет жоқ та шығар, сірә. «Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде. Адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында» деп әлемге әйгілі ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, өз жемісін рухани нәр алған туған өлкесіне бағыттап жүрген игі жандар да аз емес.Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» жобасы мен еліміздегі «Мәдени мұра» ұлттық стратегиялық бағдарламасы аясында, «Абылайхан» атындағы жалпы орта мектебінің оқушыларымен Түркістан облысы Мақтаарал аудандық орталық кітапханасында кездесу өтті. Төл тарихымызбен, өлке тынысымен терең таныстыру бағытындағы басқосуға Мақтаарал аудандық орталық кітапхана басшысының орынбасары Жанат Зулпыхарова, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Сандуғаш Әлжанова мен ақпараттық библиографиялық қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Қалия Қалжанова қатысты.Туған жерді сүю – парыз, сүю үшін – білу парыз. Туған өлке тарихын әспеттеп келер ұрпаққа жеткізу аға буынның міндеті. Болашаққа қалай қадам басарымыз – өскелең ұрпаққа беретін тәрбиеге байланысты. Бүгінгі кездесудің де көздегені осы. Жастарды киелі мекеннің тарихымен таныстыра отырып, олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін арттыру. Оқушылар Мақтаарал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде ұлы халықтың өнегесін, тарихи терең түсініп, кейінгі дамуымызға бағдаршам етіп ұстау қажет екендігін ұғынды.