Домой Білім ТҮРКІСТАН: ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТІРЕГІ

ТҮРКІСТАН: ТІЛ – МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰҒЫРЛЫ ТІРЕГІ

Тіл – халықтың басты қарым-қатынас құралы. «Балық тілсіз болса да, халық тілсіз болмайды» деген Қадыр мырза атамыздың нақылындағыдай, тілсіз халық түгіл жеке тұлға өмірін елестету қиын. Толыққанды адам ретінде өмір сүрудің негізгі кілті – қоршаған ортамен байланыс болса, бұл байланысты қамтамасыз ететін басты элемент – тіл. Мемлекеттік тілді ғылыми әдебиетте ресми тіл деп те атайды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» -деген сөздерді қате түсініп, мемлекеттік қызметкерлер орыс тілін ресми тіл деп өрескел қатеге барады. Мемлекеттік тіл мемлекеттің тұтас аумағында, болмаса белгілі бір аймағында заңдық мәртебесі мемлекеттегі басқа тілдерден ең жоғары бекітілген тіл. Мемлекеттік тіл ең алдымен осы мемлекеттің Конституциясының тілі, сондықтан, Конституциясы жоқ елдің мемлекеттік тілі де жоқ деп есептеледі. Мемлекеттік (ресми) тіл көп жағдайда осы мемлекеттік сан жағынан басым, байырғы ұлттық тілі. Сондықтан да, әлемде мемлекеттік тілді ресми тіл дейді. Қажет болған жағдайда ресми құжаттар (заңдар, т.б.) басқа тілдерге аударылады. Қазақ тілінің тәуелсіздік жылдарында білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында өрісі кеңейді. Дегенмен елімізде мемлекеттік тіл өте қайшылықты ортада өмір сүруде.

Мемлекеттік тіл – тәуелсіз еліміздің негізгі рәміздерінің бірі болып саналады. Әрбір тәуелсіз, тұғырлы елдің туы, елтаңбасы, әнұраны, шекарасы болатыны сияқты мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіліміз егеменді ел екеніміздің бір белгісі.  Қазақ тілі тек қазақ халқының тілі емес, Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын, өзін Қазақстанның патриоты деп есептейтін әрбір азаматтың тілі. «Тіл – тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі. Қазақтың ұлы тұлғалары Абай, Мағжан, Мұхтар, Сәбит сөйлеткен қазақ тілі – қазақ халқымен, бірге абыройлы да асқақ, сынақты да сындарлы тағдырды басынан кешірді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйіп, жүйелі сөзбен алқалы топты еңсерген ойшыл, шешендерді ел басқару ісіне араластырып, халық жүрегінде жатталған дала данышпандары, кемеңгер ойдың кемелді арнасы, тілінен бал тамған, қара қылды қақ жарған әділетті би – шешендер ұлылық пен ұлағат, өнеге мен тағылымның мектебі, аталы ойдың алтын қазығы бола білді. Сондай – ақ, тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға анасындай қымбат. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тіл.

Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт – дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі – ана тілі. Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде қасиетті қазақ тілі. Тек ана тіліміз арқылы ата-анаға, елге, Отанға, халыққа деген махаббатымызды жеткізе алатынымыз анық, олай болса, адам баласы өз анасын қалай сүйсе, өз тілін де солай сүйіп, құрмет тұтқаны абзал.

Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сəні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дəстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз.

Халқымызда: «Тілін білмеген – тегін білмейді» деген сөз бар. Бүгінгідей ел болып еңсе тіктеген тұста ана тілдің қадір-қасиетін арттырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру өте маңызды мәселе. Қазақ тілі – Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі және ол барлық отандастарды ортақ мақсат-мүддеге топтастыратын ұлттық бірліктің басты факторы болып табылады.
Бұл міндеттер әрине мемлекеттік тіл – қазақ тілі арқылы ғана іске асырылмақ. Ал қазақ тілі – уақыт ағымынан алынған адамдардың өмірлік тәжірибесін, оның наным-сенімін, өмір салтын және шығармашылық қуатын көрсететін аса бай тілдердің бірі. Елімізде әр жыл сайын ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі салтанатты түрде аталып өтуде. Еліміздің барлық білім мекемелерінде «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі және «Мемлекеттік тіл» апталықтары дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілде, яғни, қазақ тілінде іс жүргізудің сапасы анағұрлым артуда. Олай болатыны, тіл – ұлттың жаны, рухы, оның бет-бейнесі, өткені мен бүгіні және болашағы, ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ететін ең маңызды құрал.
Тіл – Тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік – егіз ұғым. Тіл – Тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі Тәуелсіз мемлекет болып орнағалы 30 жылдан асып барады. Тиісінше, қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып жарияланды. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету қажет. Ел Тәуелсіздігінің ең маңызды нышаны – оның мемлекеттік тілі. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту – бәрімізге ортақ міндет.
Ғұлама ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тілдің ұлт үшін қандай маңызды құндылық екенін бір-ақ ауыз сөзге сыйдырған. Әлемде жаулап алушы елдердің озбырлығынан және үстемдігінен қаншама тіл жоғалып кетсе, қаншама тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны мәлім. Сондықтан қазіргі жаһандану дәуірінде аз ұлттар мен ұлыстар өз тілдерін қорғап қалуға барынша күш салуда. Қазақстан Республикасы қазақ тілінің ғана емес, елімізде тұратын басқа да ұлттар мен ұлыстардың тілінің дамуына барынша жағдай жасап отыр.
Мемлекеттік тілдің қоғамдағы алатын орны ерекше. Мемлекеттік тіл мәртебесінің өсуіне, іс қағаздарының қазақ тіліне толық көшуіне әрбір қазақстандық азамат үлес қосуы керек. Көркем шығармаларды, поэзия мен драматургияны, сондай-ақ ғылыми әдебиет пен БАҚ материалдарын оқу арқылы қазақ тіліне деген құрмет пен жан-жақты түсінік қалыптасатыны белгілі.
Үкімет өзге де мемлекеттік, жергілікті, өкілді және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық жұмыстармен қатар, материалдық-техникалық жағдайлар жасалған.
Қоғам дамуының басқа салаларымен қатар, мемлекеттік тіл де тең дәрежеде дамуы қажет. Өйткені, ол мемлекет Тәуелсіздігінің баянды болуына негіз жасайтын басты құндылықтардың бірі болып табылады.
Мемлекеттік тіл – өсіп-өркендеп, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміз бен теңдігіміздің қайнар көзі, кемелді келешегіміздің ұйытқысы. Бұл маңызды міндетке өзіміз ұйытқы болып атсалыспасақ, оған өзгенің жаны ашымасы анық. Демек, болашағымыз жарқын, мемлекет тұғырының биік болуы ең біріншіден өзімізге байланысты.

Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз – тәуел­сіздік, егемендіксіз – тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни қазақ жастары қазақ тілінің мәртебесін көтеруіміз керек.
Ұлттық мәдениеті жоқ ел ешқашан да егеменді ел бола алмайды, болуы да мүмкін емес. «Тіл туралы» Заңның 4-бабында: «Қазақстан халқын топтас­тыру­дың аса маңызды факторы болып табы­латын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір аза­матының парызы. Үкімет, өзге де мемле­кеттік, жергілікті атқарушы орган­дар Қа­зақстан Республикасының барша аза­мат­тары­ның мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қа­жетті барлық ұйым­дастырушылық, ма­териалдық-тех­никалық жағдайларды жа­сауға міндетті» – делінген. Осы орайда, Департаментімізде көптеген шаралар өз бастамасын табуда. Атап айтсақ, қазақ тілін оқып-үйрену бойынша үгіт-насихат жұмыстары, семинарлар мен дәрістер өткізіледі. Осы іспеттес жұмыстар аудандық басқармаларда да жүргізілуде.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – дейді Қадыр ақын. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен деймін.