Домой Қоғам ВОЛЕЙБОЛДАН ТАРТЫСТЫ ЖАРЫС ӨТТІ

ВОЛЕЙБОЛДАН ТАРТЫСТЫ ЖАРЫС ӨТТІ

Түркістан облысы Мақтаарал аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің, ішкі істер бөлімі “Пробация қызметі” бөлімшесінің ұйымдастыруымен спорттық іс-шара болып өтті.
Аудандық пробация қызметінің есебінде тұратын 29 жасқа дейінгілер арасында волейболдан өткен ашық біріншілікке 5 команда қатысып, бақ сынасты.
Түрлі себептермен тағдырына таңба басылып, заң алдында жауапкер болғандардың қоғамнан өздерін жат сезінбеулеріне жағдай жасау, бұқаралық спортты дамыта отырып салауатты өмір салтын насихаттау, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілген әуе доп шеберлерінің біріншілігіне ауданның ауылдық округтерінен келген ойыншылар өзара мықтыларды анықтады.


Тартысты өткен ойынның қорытындысы бойынша жарыстың ІІІ орыны “Достық” командасына бұйырса, “Атакент” командасы ІІ орынға табан тіреді. Ал, жүлделі І орын өзгелерден ептілігімен ерекшеленген “Мырзакент” командасының қанжығасына байланды.
Жарыс соңында жүлделі орынға ие болған командалар мен үздік ойын үлгісін көрсеткен жекелеген ойыншылар ұйымдастырушылардың алғыс хаттарымен, бағалы сыйлықтарымен марапатталды.