Домой Білім ТҮРКІСТАН: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСАДЫ

ТҮРКІСТАН: «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы дәстүрлі Жолдауында білім саласына көрсетіліп келе жатқан қолдау шараларына ерекше тоқталып өтті.

Жолдауда халықтың көкейінен шыққан мәселе дәрігерлерге, мұғалімдерге барынша жағдай жасаумен қатар білімі ошақтарын үш ауысымды мектептерден «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы арқылы таяу жылдары аяғынан тік тұрғызу туралы ауқымды жоба ұсынылды.

«Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» жаңа ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Президент айтқан жаңа мектептер ең заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спорт залдарымен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спорт залдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады. Бұл тапсырмамен қатар жақында Үкімет басшысы Олжас Бектенов тиісті ведомство басшыларына жаңадан салынып жатқан мектептердің стандарты мен сапасы «Жайлы мектептен» кем болмауы керектігін қатаң тапсырды.

Ел Президенті 2025 жылға дейін 800 мың баланың заман талабына сай жарақтандырылған мектепте оқуы үшін апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешуге тапсырма берді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ел аумағында 2 кезеңмен іске асады. Алғашқысы бойынша биыл жыл соңына дейін 217 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Оның 98-і бірінші қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Тағы 152 нысан келер жылға жоспарланған. Үкімет биыл 200 мың оқушы орны тапшылығын жоюға күш салмақ. Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылуын әкімдіктер, мектеп басшылығы, қоғамдық ұйымдар мен қарапайым жергілікті тұрғындар да қатаң қадағалауда. Мәселен, Түркістан қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Абдиев арнайы жұмыс сапарымен келді. Облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан 2000 орындық «Жайлы мектеп» алаңына барып, құрылыс жұмыстарының деңгейін бақылады. Аталған нысанның құрылыс сапасын тексеру үшін Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Сауран ауданынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Тоймахан бастаған жергілікті халық қалаулылары да қатысты. Мәжіліс депутаты Ерлан Тұрсынбайұлы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасында білім беру орындарының құрылысы маңызды екенін атап өтті.

«2000 балаға арналған білім ошағының құрылысы қарқынды, өзінің кестесімен келе жатыр. Алайда атауы «Жайлы мектеп» болған соң барлық жағынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс. Байқағаным, бастапқы жобада болған 2 лифтінің саны тапсырыс беруші тарапынан қайта түзетіліп, 1-еуге азайыпты. Ал 2000 балаға 1 лифтінің болуы ақылға қонбайды. Осы жәйтті қайта қалпына келтіруді ұсынамын. Одан бөлек, мүгедек жандарға арналған механикалық сатыны пандусқа айналдырған жөн. Себебі механикалық саты көп жағдайда тез бұзылып қалады және оны арнайы бір маман үнемі қадағалап отыруы тиіс. Біз дәл қазіргі әдемілікті емес, оның адамдарға бірнеше жыл қызмет ететін жайлы, тиімді жағын қарастырумыз керек» деді Мәжіліс депутаты.

Ұлттық жоба аясында Түркістан облысында 49 мың оқушыны қамтитын 63 «Жайлы мектеп» салынады деп жоспарланған. Түркістан қаласының Жаңа қала аумағындағы 42-ші көшеде салынып жатқан заманауи білім ұясының құрылысы өткен жылы басталған нысандардың бірі. Бой көтеріп жатқан нысанның атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде мердігер компания «Каратас Майнинг» ЖШС-і жауапты өкілі баяндады. Партиялық бақылауға алынған нысан 4 қабатты. Құны 8 млрд теңгені құрайтын ғимараттың жалпы ауданы – 20 147 шаршы метр, ал аумағы 4 гектар. Өткен жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған мектепті биыл қараша айында пайдалануға беру көзделіп отыр. Дәл қазір қас беттерін әрлеу, спорт залды сырлау және ішкі жұмыстар атқарылып, аула реттеліп жатыр. Мектептің мейлінше тез, сапалы бітуіне 170-ке жуық құрылыс маманы жұмылуда.

Түркістан облысындағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселесін шешу мақсатында «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында заманауи мектептер бой көтеруде. 2025 жылға дейін 49 мың бала білім алатын 63 жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

Жайлы мектептердің құрылысы Сауран ауданында да қарқынды жүріп жатыр. Сауран ауданында жалпы 53 мектеп жұмыс істейді. Ондағы оқушылар саны 25 мыңнан асады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында ауданда бес мектеп жоспарланып, үшеуінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Оранғай ауылдық округінен 150 орындық жаңа мектеп құрылысы аяқталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер есебінен 5 мектептің құрылысы жүруде.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданына жұмыс сапарымен барып, білім ұясының құрылыс барысын бақылады. Мердігерлермен кездесіп, нақты тапсырмалар міндеттеді. Сапаны қатаң бақылап, ғимаратты мерзімінде тапсыруды ескертті. Сауран ауданы, Иассы ауылдық округі, Еңбекші Дихан елді мекенінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жүруде. Құрылыс жұмыстарын «Ныш-Ер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023 жылдың тамыз айында бастады. Жаңа ғимаратты биыл білім күніне дейін тапсыру көзделген. Жоба құны – 4,267 млн теңге. Жалпы ауданы 2,8 гектар жерді құрайды. Ал, ғимараттың жалпы ауданы – 8 419,71 м2.