Қазақ тілінің алдынан шығып жатқан бүгінгі проблемаларды сол кезде, яғни бір ғасыр бұрын болжаған көреген адамды кемеңгер демеске себеп бар ма?! Өйткені ол орыстың тіліне тәуелділікке ұшырауымыз мүмкін екенін, бойына біткен ғайыптан хабар алатын сиқырлы күш арқылы емес, кемел білімімен болжай білді. Басталып келе жатқан замана желінің соңы қайда апарып соғатыны оған айнадағыдай айқын еді. Сондықтан ол қазақша оқуды ұлтты құтқарудың бірінші құралы деп бағалады.
Сондай-ақ ол қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын «Тіл – құрал» атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл – құрал» қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Сондай-ақ Байтұрсынұлы практикалық құрал ретінде «Тіл жұмсар», мұғалімдерге арналған «Баяншы» деген әдістемелік кітаптар жазды. А.Байтұрсынұлы оқулығындағы тілдік санаттарды ұғындыру мақсатында енгізген «сынау», «дағдыландыру» деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсынұлының ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды.
Түрлі мемлекеттік қызметке араласа жүріп, бір мезгілде өзінің жаны сүйген оқытушылық-ұстаздық жұмысынан да қол үзбей қатар алып жүрді. 1921-1925 жылдары Орынбордағы, 1926-1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты.
А.Байтұрсынұлының педагогикалық еңбектеріне ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов былай деп баға берген екен: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Ақаң – еңбегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ақаң мектебіне тізіліп кіріп жатқан жас буын… Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды». Қанша атып-шапса да, өртеп, жойса да Ахаңның тұтас ұлттың жүрегіне ұялаған елшілдік ұраны жоғалған жоқ, шыққан күн секілді өзінің нұрлы бояуымен қайта жарқырады. Бүгінгі Қазақстан Республикасындағы оқу орындарында А.Байтұрсынұлының есімін еске алмайтын ұжым жоқ деуге болады.
Ахмет Байтұрсынұлы туралы айтқан кезде алдымен, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш-қуатын жұмсаған қайраткерлердің бірі екенін көруге болады. Саналы ғұмырын сауат ашуға арнап, қарабайыр халықтың көзін ашуға ұмтылған жан, қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы. Осы мақсатты орындау үстінде, ол қазақ тілінде оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап-танытқан, сонымен қоса, осы зерттеу негізінде «Әліппе» мен тұңғыш ана тілі оқулықтарын жазған.
Өзінің өткір тілді өлеңдері, жыр-жинақтары арқылы халқының құлағына маса болып ызылдап, ұйықтап жатқан халықты оятуға талпынған, жанды жерінен шағып, болашаққа зер салуды насихаттаған ұлт ұстазы.
Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарда пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алған. Оны қазақ фонетикасына икемдеген, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарып, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосып, қазақ тілінің жуанды — жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы белгі жасаған. Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеген.
Талай жанның өміріне шуақ болып шашылып, талай жанның шамшырағын жағуға ықпал еткен азамат, тек білім саласында орасан тер төгіп қана қоймай, баспа саласының дамуына да үлкен көмегін тигізді. Тұңғыш, жалпыұлттық «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына да түрткі болған, дәл осы Ахмет Байтұрсынов болатын.
А.Байтұрсынұлын толғандырған аса маңызды мәселелердің бірі – халықтың әлеуметтік жағдайы, кеңінен алғанда елдің экономикалық ахуалы. Бұл ұлттың болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі. Өткен ғасырдың басында қазақ оқығандары білім мен егіншіліктен бөлек, қаржы, экономика мәселелері бойынша да біршама мәселе көтерген. ХІХ ғасырдың соңы, ХХ ғасырдың басында либералды-демократиялық патриоттық бағыттағы көптеген зиялы қауым өкілдері: Әлихан Бөкейхан бастаған А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев, М.Шоқай секілді Алаш зиялылары өздерінің ғылыми еңбектерінде қазақ өлкесі дамуының экономикалық тарихына да назар аударады. А.Байтұрсынұлының бұл бағыттағы еңбектерінің бірі, сол заманда қазақтың қабырғасына батып тұрған жер мәселелері бойынша жазғандарынан, аудармаларынан көрінеді. «Қазақ жерін алу турасындағы низам» атты еңбегінде (аударма) ол былай деп жазады.
«Қазақ пайдасындағы жерлерді алады, қыстауларынан көшіріледі, қай жөнмен алып, қай орынға көшіреді – оны қазақ білмейді. Жоғарғы хакімдердің қазақ жері турасында шығарған низам, бұйрықтары болса да, ол бұйрықтарды мұндағылардың қайсылары орнына келтіріп, қайсылары орнына келтірмейді. «Қазақ жол ретін білмейді», дейді де, біреулері жолменен істемей, жосып, бетімен кетеді», деп қазақтың жер туралы мұңын баяндай келе, былайша түйеді: «Жалпақ жұрттың бəрі болмаса да, жалғыз-жарым азы да болса, пайдаланар деген ниетпен қазақтың жерін алу турасындағы шыққан низам, бұйрықтарды қазақшаға аударып, бірте-бірте жұрттың құлағына тигізбек ойым бар».
Қазаққа жер – тұрақ, мекен, күнкөріс, тіршілік көзі. Бар байлығы жермен байланысты халықтың басына туған қиыншылық біріншіден, отаршылдық пиғылдан келсе, екіншісі – қазақтың өз құқығын жоқтай алатын сауатының болмауынан. А.Байтұрсынұлы қолға алған үлкен бастаманың бірі – сол кезде қалыптасқан жағдайға орай халықты экономикалық сауаттандыру болды. Осы мақсатта жазылған «Земство», «Жер жалдау жайынан», «Көшпелі һəм отырықшы норма» секілді еңбектері қазақтардың жер иелену жағдайына байланысты жазылған. Жаңа талаптарды түсінбей, жер турасында кетіп жатқан кемшіліктер мен жерге ие болудың жолдары көрсетіледі.
А.Байтұрсынұлының жан алып, жан беріскен осындай шақтағы еңбегін С.Сейфуллин былайша бағалайды: «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уезд, губерния соттарына күш салып, тілмаш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды. Халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті».
Жер иеленудің өзіндік дәстүрлі үлгісімен жүздеген, мыңдаған жылдар бойы өмір кешіп келе жатқан қазақ үшін жаңа талаптарды қабылдап, байыбына барып болғанша біршама уақыт керек еді, алайда отаршыл билік жүйесінде күтіп тұратын ондай «уақыт» болған жоқ, салдарынан қарапайым жұрт аса үлкен зардап шекті. Осы тұста қарлығаш қанатымен су сеуіп шырылдаған Ахаңның еңбегі аса сауатты жанның әрекетін көрсетеді. Қазақ үшін қолайсыз заңның қолайлы жақтарын жан-жақты түсіндіреді, жерге ие болудың жолдарын анықтап береді. Сонымен қатар ел ішіндегі жеке бастың қамы үшін мұжықтарға жер сатып, салдарынан қарапайым халықты сорлатып жүрген кей адамдардың қылығын күйіне жазады.
А.Байтұрсынұлы экономикалық, құқықтық жағдайларға байланысты біршама мәселе көтерді. Ол көтерген мәселелердің біразы орындалды, біразы керісінше, өзіне қырсық болып жабысып, таяқ болып тиді. Ақыр соңында 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсынұлын қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Орынборда тұрғанда ұлт мүддесіне сәйкес келетін біршама қоғамдық-саяси жұмыстарды жүзеге асырды. Осында ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлымен бірігіп, сондай-ақ барша қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, 1913-1918 жылдары тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білім мен экономика, оның ішінде сауда-саттыққа және кәсіпті меңгеру үшін де білімді болуға шақырды. Осылайша, айдауда жүрсе де, өз өмірін арнаған ұлт мүддесіне деген көзқарасынан жаңылмай, мақсатына жетуге әрекеттене берді.
Кемел адам өзгелер сөксе де, айыптаса да, өсек-өтірікті қарша боратса да, тіпті жалаға тап болса да, аузын ашып ешкімге артық сөз, жағымсыз жауап қатпады. Кемел адам өзгенің кемшілігін көретін емес, керісінше жасыратын адам. Ахаңа қанша жала жабылса да, өмірден қазағым, Алашым, елім деп өтті. «Өзің мәңгі емес, атың мәңгілік. Атың мәңгі болса, затың – мәңгілік», деп Жүсіп Баласағұн айтпақшы, Ахаң қазақ халқына, жастарға пайдасы тисін деп басын қауіп-қатерге тікті. Осындай ерлігі үшін ол халық жадында мәңгі сақталады.
Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
педагогика ғылымдарының докторы,
математика профессоры