Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: АРАЛАС МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ОҚЫТАДЫ?

ТҮРКІСТАН: АРАЛАС МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ОҚЫТАДЫ?

Соңғы деректерге көз жүгіртсек, елімізде 7 863 мектеп бар, оның 4 059-ы қазақ тілінде, 1 149-ы орыс тілінде оқытса, білім ордасының 2 655-і аралас мектеп. Астанада қазақ мектептері – 35, орыс мектебі – 3, аралас мектеп саны – 60.  Ал Алматы қаласында барлығы 215 мектеп бар. 77 мектеп – қазақ тілінде, 57 мектеп орыс тілінде оқытса, 78 аралас мектеп бар. 

Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл жобаның аяқталуына да бір жылдың жүзі қалды. Осы мемлекеттік бағдарламаның «Қазақ тілінде ана тілі ретінде сөйлейтіндердің үлесі» деген бөлімінде 2009 жылғы жүргізілген халық санағы бойынша қазақ тілін ана тілім деп танитындардың үлесі, халықтың жалпы санына шаққанда, 62,4 пайызды көрсетсе, 2018 жылғы статистикалық деректер қазақ тілін ана тілі ретінде көрсеткен қазақтардың үлесі 95 % екенін анықтады деп жазылған. Бұл мемлекеттік бағдарламада «Жастар арасында кітап оқу мәдениеті, ауызша сөйлеу сауаттылығы, тілдің лексика-фразеологиялық бейнелі сөздерін, этномаркерлі лексикалық қорды білу және қолдану деңгейі төмендеуі байқалады. Осыған байланысты қазақ тілінің ғылыми және пәндік курсының мазмұнын орфоэпия, фразеология, лингвомәдениеттану, стилистика, тіл мен сөз мәдение­ті бойынша жаңа білімдер жүйесімен байыту керек» деген мәселенің де көтерілгенін байқаймыз. 

Ал біз орыс мектептердегі қазақ тілін оқыту бағдарламасымен танысып, көтерілген мәселенің шешімін табу мақсатында орыс, аралас мектептерде сабақ беретін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерін, бүгінгі қазақ тілінің кіл мықты мамандарын, тіл жанашырларын әңгімеге тарттық.  

Қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі керек пе?

Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры, филология ғылымының кандидаты Бижомарт Қапалбек тіл сая­сатына жауап беретін құрылымдарда вертикальдың жоқ екенін алға тартады. 

«Қазақ тілі өз мемлекетінде, яғни Қазақстанда еркін тыныстауға тиіс. Тіл саясаты мемлекеттік тіл ретінде қазақ тіліне басты назар аударуы керек. Респуб­ликаның Тіл комитеті, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстағы Тіл басқармалары мен орталықтарының арасында вертикаль байланыс әлсіз. Мәселен, дардай Алматыда тілге жауап беретін басқарма жоқ, жабылған. Кейбір өңірлерде тіл басқармалары білім, ішкі саясат, мәдениет және басқа басқармаларға біріктірілген. Қарап отырсаңыз, осы жердің өзінде де жүйесіздік орын алып отыр. Жарайды, шенеуніктерді қысқартайық дегенге келісейік. Бірақ әр облыста тілге жауапты басқарманы жетім баладай ойына келген құрылымға теліп беруге бола ма? Алматы қаласында оны әкімнің аппаратына қосып қойған. Тіл дегеніміз үлкен ұғым ғой. Ол мәдениет пен білімнен де үлкен. Тіл комитеті Ғылым және жоғары білім министрлігінің ішіне кірді ғой, енді әкімдіктердегі басқармалардың да Тіл және білім басқармасы болуына не кедергі? Басқармалар тілді дамытуға арналған қаржыны жергілікті әкімдіктерден алатындықтан, өздерінің бөлек бағдарламалары, өткізілетін іс-шаралары, шығаратын кітаптары бар. Үйлестірілмегендіктен, әр облыс жеке-жеке өз беттерінше әрекет етеді. Мәселен, Ақтөбеде жасалған оқу құралын Қарағанды қайта шығарып жатуы мүмкін. Сондықтан олар мемлекеттік сатып алуға қойылатын қызметтер мен тауарлар бойынша Тіл комитетінде бас қосып, ақылдасып, сол жерде жұмысын үйлестіріп отырғаны абзал. Екіншіден, Үкіметтің тілге қатысты саясатының босаңдығынан мемлекеттік тілді дамыту бағдарламалары орындалмай қалды. Егер «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдана қалса, басқа заңдардың баптары соның талаптарына сай өзгертілуге тиіс. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мен «Білім туралы» заңға азғантай түзетулер мен толықтырулар енгізілсе, тіліміз отыз емес, екі-ақ жылда қанатын кеңінен жаятын еді», – дейді ол. 

Бижомарт Қапалбек бүгінгі қазақ мектебі туралы әр деңгейлі оқытудың мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірленуі қажеттігін, сол сияқты құқықтық талаптардың белгіленуі де маңызды екеніне назар аударады.

«Қазір мектепте функционалды білім, функционалды сауаттылық деген ұғымды жиі айтамыз. Ол не? Ол – оқушының келешегіне жарамды, былайғы өміріне қолдана алатын білім. Ақаң оны жалпыға бірдей тегіс керек білім дейді. Мектептегі қазақ тілі пәні – нағыз сондай пән. Бүгінгі тілмен айтқанда, нағыз функционалды сауаттылыққа үйрететін пән. Бұл өмірде жазбайтын, сөйлемейтін адам жоқ. Тілші, әдебиетші, журналист қана жазбайды – бәріміз жазамыз, бәріміз сөйлейміз. Әрине, мектептегі барлық пәндер баланың болашағына керек білімді үйретуге бағытталған ғой. Функционалды сауаттылық дегеніміз – осы. Бірақ жұрттың бәріне тегіс керек білімді тек қазақ тілі ғана үйретеді. Барлық оқушының физик, химик, математик болуы екіталай, ішінара ғана болады. Бірақ сөйлемейтін физик, жазбайтын математик болмайды. Сол дағдыны тегіс үйрететін пән – қазақ тілі.

Біз осы мысалды алға тартып жоғарыға хат жаздық және бұл мәселені жоба аясында зерттеп жатырмыз. Жобамыз «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді деңгейлеп оқытудың жүйесі» деп аталады. Зерттеудегі нәтижелеріміз: қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде балабақшада, бастауыш, орта және жоғарғы мектепте оқытудың біртұтас жүйесі жасалуы керек; оқытып жатырмыз, сағат та бөлінген, бірақ нәтиже жоқ. Әр деңгейді оқытудың мақсаты белгіленіп, деңгейлік бағдарламасы әзірленуге тиіс, құқықтық талаптары белгіленуі керек. Жоба барысында Қазақстан Республикасында қазақ тілін оқытудың қолданыс­тағы жүйесін талдау, әр деңгейге арнап жасалған бағдарламаларды сараптау, қазақ тілі оқытушыларына арналған нұсқаулықтар мен әдістемелік құралдар әзірлеп шығару, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде білуді анықтаудың деңгейлік тестілік жүйесін жасап, мемлекеттік тілді білудің құқықтық талаптарын әзірлеп, ұсынуды мақсат етіп отырмыз. Әзірге қолдан келері – сол. Зерттеу Қазақстан Респуб­ликасында қазақ тілін оқыту жүйесінің кемшіліктерін анықтауға және оны шешу жолдарын ұсынуға бағытталып отыр. Мұның да нәтижесін қоғамға таныстырып отырмақпыз», – дейді.

Алматы қаласындағы жалпы білім беретін №11 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсара Есембекқызы орыстілді мектептердегі қазақ тілін оқыту бағдарламасы туралы сұрағымызға бүкпесіз, нақты жауап беріп, ұсынысын да айтты.

«Бала үй ішінде қазақ тілінде сөйлемегендіктен, орыс және аралас мектептердегі қазақ тілінің оқыту деңгейі төмен болып тұр. Бұрындары 5-сыныптан жоғарыға қарай аптасына 5 күн бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытылатын еді, қазір 1–2-сыныпта аптасына 2 сағаттан, 3–4-сыныптарда 4 сағаттан, 10–11-сыныптарда 3 сағаттан оқытылатындай етіп қойды. Орыстілді, аралас мектептерде қазақ тілін оқыту деңгейі төмен. Мектептің жанынан үйірмелер ашылса, ол үйірме қазақ тілінде жүргізілсе, домбыра сыныптары көптеп ашылса, әр сыныпта аптасына 2 рет домбыра сабағын факультатив ретінде емес, арнайы пән ретінде енгізілсе, жақсы болар еді. Ол үйірмелер басшылық тарапынан қадағаланып, есебін алып отыратын адам болса, бір сыныпқа жететіндей 30–40 дана сапалы домбыра таратылса, жақсы болар еді», – дейді жанашыр мұғалім. 
«Орыстілді балаларға арналған қазақ тілін оқыту әдістемесі қандай отандық ғалымдардың еңбегіне сүйеніп жасалған?» деген сұрағымызға ұстаз былай жауап қайтарды:

«4 бастауыш сыныпты алып шықтым. 4-сыныптан 5-сыныпқа ауысқан кезде бала түгілі, өзім қатты қиналдым. Өйткені бастауыш сыныптағы қазақ тілі оқулығы мен 5–11-сыныптар арасындағы қазақ тілі оқулығының арасында ешқандай байланыс жоқ. Неге бұлай деп таңғалдым, кейін барып түсіндім. Бастауыш сыныптарға арналған және жоғары сыныптарға арналған оқулықтардың авторы екі бөлек болады екен. 1–4-сыныптар арасында қазақ тілі оқулығы жеңіл, балаға түсінікті тілде құрастырылған. Ал 5-сыныптан жоғары сыныптарда қатты қиындатып жіберген: көлемді мәтіндер, күрделі әдеби сөздер». 
«Сабақта қазақ тілін оқытқанда қандай ойын әдістерін қолданасыздар? Бәлкім, балалардың ынтасын ояту үшін қандай да бір әдістемеңіз бар шығар?» деген сауалымызға мұғалім: 
– «Қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қоса, музыка пәнінің де мұғалімімін. Бір жақсысы, мектептерде айтатын әндердің түгелге жуығының орысша да, қазақша да нұсқасы бар. Қазақша әндерді буын-буынға бөліп, әндетіп тұрып үйретеміз. Орыстілді оқушылар әнді айту арқылы да қазақ тіліне жақсы төселеді. Қазақ тілінде сөйлеу трендке айналғандықтан, қазір қазақ тіліне деген қызығушылық оянғанын байқап жүрміз. Қазір «Қазақстан – ортақ Отанымыз, бәріміз бір ұлтпыз, ендеше бір тілде сөйлеуіміз керек» деген ұран бар», – дейді ол. 
№11 мектепте тілді деңгейлетіп оқыту мәселесі де қарастырылған. Бұл әдістің де берері көп: 
«Бала саны 24-ке жетсе, ол сыныпты екіге бөлу арқылы қазақ тілі деңгейлетіп оқытылады. Бала саны 24-ке жетпесе, бөлек оқытылмайды. Бізде көбінде түрік, татар, әзербайжан ұлты қазақ тіліне жетік келеді. Себебі туыс тілдер ғой». 

Тіл маманы, «Калькасыз қазақ тілі» телеграм-каналының авторы Назгүл Қожабек еліміздегі орыс тілі мен орыс әдебиетінің оқытылуы турасында пікір айтты: 
«Өз басым Қазақстанда, қазақ тіліндегі білім бағдарламасында орыс тілі міндетті пән ретінде оқытылатынын, одан балалар мемлекеттік емтихан тапсыруға мәжбүр екенін – баяғы отар сананың сарқыншағы деп білемін. Иә, орыс тілі – дүниежүзіне кең тараған тілдердің бірі, БҰҰ ресми тілдерінің қатарында. Алайда тәуелсіз Қазақстанда орыс тілі шет тілі мәртебесін алуға тиіс. Оның орны ағылшын тілі, басқа тілдер сияқты болғаны дұрыс. Қазіргі жағдай былай болып тұр: қазақ мектептерінде орыс тілі, орыс мектептерінде қазақ тілі оқытылады, былай қарағанда екеуінің мәртебесі тең. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде Қазақстан аумағындағы барлық мектепте де міндетті пән болуға тиіс, ал орыс тілін бүкіл мектеп бағдарламасы бойынша оқытудың не қажеті бар екені түсініксіз. Білуімше, қазір әлем әдебиеті пәнінің бағдарламасы жасалып, хрестоматиясы әзірленіп жатыр. Бұл пән балалардың таным көкжиегін кеңейтуге, басқа шет тілдеріне әуестеніп, қызығуына сеп болар еді», – деп мектепте қазақ тілі мен әдебиетіне басымдық беру мәселесін қозғады.