Домой Басты жаңалықтар «ТҮРКІСТАН-АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІ ҰСТАЗДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

«ТҮРКІСТАН-АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІ ҰСТАЗДАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Хамза атындағы №2 жалпы орта мектебінде «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бастамасымен «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері» тақырыбында жиын өтті. Жиынға Түркістан қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің жетекші маманы Ақтөре Талғаұлы кездесу мақсатын түсіндірді. Елбасы Жолдауы аясында департамент және облыс әкімдігі бірлесіп қолға алған  «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ, басқосудың негізгі мақсаттарына тоқталды. Атап айтсақ, ата-аналардан мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы жинамау, түлектердің бітіру кештерін өткізбеу туралы, сыйлық бермеу керектігі, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша қатаң ескертілді. Жобалық кеңсенің негізгі мақсаты — өңіріміздегі тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және қоғамның мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру.

Сондай-ақ, облыстық «Ақпараттық талдау орталығының» әлеуметтік желілерге мониторинг бөлімінің Бөлім басшысы Баян Анарбаева осы тақырыпқа қатысты әлеуметтік желіде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша мәлімет келтірді. Сауалнамада: «Білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлық фактілеріне куә болсаңыз немесе мәжбүрлеп ақша жинау мәселесімен кездессеңіз (аттестациялау, жөндеу жұмыстары, жазғы лагерь) төменде көрсетілген мекен-жайлар бойынша хабарлауыңызға болады: Facebook парақша: Түркістан-адалдық алаңы, электронды почта: 13regiontaa@gmail.com, тел: 87081235029, 87785357200» — деп көрсетілген хабарландыру бойынша бірнеше мектептің ата-аналарынан шағым түскені айтылды.

Ашық кездесу еркін пікір алаңы форматында ұйымдастырылды. Мектеп директорлары да сөз сөйлеп, адал жұмыс атқарып жатқандарын, ақша жинамағандарын айтты. Осылайша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау — сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және зерделеуге мүмкіндік береді.