Домой Қоғам НӘУБЕТ ЖЫЛДАРДАҒЫ ТҮРКІСТАН

НӘУБЕТ ЖЫЛДАРДАҒЫ ТҮРКІСТАН

Қазақ елінің үш ғасыр бойы жаушылықтан, басқыншылықтан көрген азабынан Кеңес дәуірінде де, коммунистік қоғамда да бастан кешкен тауқыметі аз болған жоқ. Ұжымдастыру саясатымен, «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен малға бай өлкеге Кеңес өкіметі қырғидай тиді. Пайдасы болмаса, өзгеге зияны тимеген бай қазақтардың малдарын санап тұрып, құжаттап кәмпескеледі. Үлгергені, жолын тапқаны шетел асты. Біразы жолда опат болды. Қалған қазақтардың үйіндегі азық-түлігіне, бір-екі малына дейін тартып алды. Арқадан азып-тозып «ақтабан шұбырынды» болып, өліп-талып Сыр бойына жеткен қазақтар жөнінде бір татар ғалымы айтқан екен: «Егер Сыр бойының қамысы болмағанда, қазақтан тұқым қалмауы мүмкін еді» деп.

Халқымыздың басына түскен нәубет алақандай аудан Түркістанды да айналып өтпеген. Алаштың арыстан жүректі асылдарының бірі Сұлтанбек Қожановтың «Түркістаннан хат» деп жоғарыға арнап жазған мақаласына көз жүгіртейік. «Түркістан ауданы қазақтарының жайы күн сайын төмендеп, осы кезде тым-ақ жаман күн кешіп тұр. Жұрт харап болуға айналды. Көшелерде шұбырып жүрген аш қазақ. Екінің бірінің аштықтан көзі іскен. Ана жерде де, мына жерде де аштан өліп жатқан адам. Осы кезде өлікті жинап алуға да шама келмей жатыр. Бұл бетпен кете берсе, Түркістанда қазақтан тұқым, ұрпақ қалуына көз жетпейді».

Ашаршылықтың үстіне қазақ халқын қынадай қырған Кеңестік саяси қуғын-сүргін болды. «1939 жылғы санақ қорытындысы бойынша ұжымдастыру мен репрессияның нәубетінен КСРО-ның 10 млн. адамын жалмап кетсе, оның төрттен бірі Қазақстанның үлесіне тиді». 1937-1938 жылдары Түркістан ауданы бойынша репрессияға ұшырап сотталғандардың саны 100-ден асса, солардың 80 пайызы түркістандықтар. 2-3 пайызы ғана 1-2 жылда ақталса, қалғандары 1958 жылы ғана ақталды. Қуғын-сүргін 1939 жылы КСРО-ның 10 адамын жалмаса, оның төрттен бірі Қазақстанның үлесіне тиді.

Дәйекті фактісіз, дәлелді мысалдарсыз алдын-ала жоспарлы тапсырмамен жылға, тоқсанға, айға қанша адамды ұстап қамау, соттау іске асқан. Кеңес дәуіріндегі Алаштың арыстары халық үшін, бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін жанын берді. Бүгінгі біздер, келер ұрпақ соларға мәңгілік қарызбыз.

Қазақстанда 1997 жылдан бері Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр – «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» болып бекітілді. Жыл сайын осы күні Нәзір Төреқұлов музейі «Дөңгелек үстел» мәжілісін өткізіп, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбаны болған азаматтардың рухына арнап Құран бағыштайды.

А.ИСАБЕКОВА,

Н.Төреқұлов музейінің қызметкері.