Домой Білім ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП – БОЛАШАҚТЫҢ АЙНАСЫ

ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП – БОЛАШАҚТЫҢ АЙНАСЫ

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өсті. Дәрігерлердің айлығы да айтарлықтай көбейді. Қазір олардың табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынады. Қазір ауылдық жерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынып жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынды. Соның арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайды», — деп мәлімдеді.

Президент Жолдауында бүгінгі қоғамның бірқатар өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың тың жолдары айқындалып, заманауи жобаларды жүзеге асыру ісі жоспарланған. Олардың қатарында, еліміздің білім беру саласын күтіп тұрған оң өзгерістерге назар аудару маңызды саналады. Жолдауда еліміздің білім беру саласының барлық салаларына қатысты мәселелер қамтылған. Мектепке дейінгі дайындық, орта білім, кәсіби білім беретін оқу орындары және жоғары білім беру саласының қордаланған өзекті мәселелері алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенеміз. Атап айтқанда жас жеткіншектерді балабақшада тәрбиелеу ісі, балаларды толыққанды қамту мәселесін шешу көзделген. Әрине, қазіргі таңда балабақша жасындағы балаларды қамту ісіне күрделі өзгерістер керек. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орта білім саласын «табысты ұлт болудың маңызды шарты» деп бағалайды. ХХІ ғасыр білім мен біліктілік сынға түсетін тарихи уақыт. Сол себепті өскелең ұрпақтың білім алуына толыққанды жағдай жасалғанда ғана халқымыз табысты ұлт деңгейіне көтеріле алмақ. Осы орайда, Жолдауда көтерілген «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының қолға алынуы құптарлық жайт. 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи мектептермен қамтылады. Бұл дегеніміз білім саласындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыратын маңызды фактор деп саналады. «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Қазақ халқы ежелден білім берген ұстазына деген құрметін аямаған. Жолдауда ұстаздардың абыройы мен беделін арттыру бағытында біршама өзгерістер болып жатқандығы айтылды. Бұл бағытта ұлттық құндылықтарды жаңғырту, сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесін зерделеу, ұтымды жолдарын басшылыққа алу ісі оң болмақ. Ұстаздардың материалдық жағдайымен қатар, ғылыми ізденісіне, педагогикалық шеберлігін шыңдауына назар аудару қажет. Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндері мен ағылшын тілін оқыту ісін күшейту бастамасы көтерілгенін ескерсек, ұстаздар үшін салмақты жауапкершілік артылып отыр.

Мәселен, «Мектеп-жарқын болашақтың айнасы, шәкірт-келешектің тұтқасы!» Бұл мақал Сауран ауданы Шорнақ елді мекенінің орталығына орналасқан үш қабатты зәулім ғимарат ұзақтан менмұндалап көз тартып тұрған ұлттың ұйытқысы Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебіне арналғандай. Мен осы өзім басқаратын алтын ұямыздағы сүттей ұйыған ұжымымыздың заман талабына сай атқарып отырған ұланғайыр, ұлағаттың істерін баяндағым келіп отыр.

ТАРИХЫ МЕН ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ

Алдымен білім ұясының тарихына тоқталсам бұл ғимараттың іргетасы 1988 жылы қаланып, 1990-1991 оқу жылында пайдалануға берілді. 784 оқушыға арналған білім ордасының қақпасын ең алғаш 480 оқушымен ашқан 32 мұғалімнің қуанышында шек жоқ еді. Мектеп директоры болып қалалық білім бөлімінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні әдіскері қызметін атқарып жүрген әдіскер-мұғалім Жолдасбекова Бексұлу Шөкейқызы тағайындалды. Мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарының 1988-1989 жылдарда өз жерлесіміз, шопан болып жұмыс істеген Қаз ССР-інің депутаты Райхан Абдуәлиеваға айтар алғысы шексіз. Өйткені сол кісінің бастамасымен, осы мектеп құрылысы жеделдетіліп, пайдалануға берілген болатын. 1990 жылы мектеп әкімшілігі колхоздың басшылығымен келісе отырып, облыстық базис мекемесінен парта, стол әкелініп, жаңа оқу жылына мектепті жиырма күннің ішінде дайындап шығарады. Күзгі мезгілде Сарыағаштан түрлі декоративтік жеміс ағаштары әкеліп отырғызылса, сол шыбықтар қазіргі кезде адам танымастай үлкен бауға айналған.

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздың қолында»- дегендей, жастарды бүгінгі қоғамға лайық, жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу жолында мектебімізде бұл күнде 127 мұғалім жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруде. Мектебімізде білімді, тәжірибелі аға-ұстаздар жұмыс істеп білім негізін қалап, зейнеткерлікке шыққан. Қазіргі таңда мектеп жас мамандармен толықтырылған. Олар жыл сайын білім жетілдіру курстарында оқып, өз білімдерін заман талабына сай толықтыруда. Жоғары деңгейде оқу құралдарымен жабдықталған пән кабинеттерінде 873 оқушы білім алуда.

Осы жылдар аралығында мектепте 1990- 2006 оқу жылы аралығында –Жолдасбекова Бексұлу Шөкейқызы, 2006- 2009 оқу жылы аралығында Дүйсекеев Еркебұлан Мұсаханұлы, 2009-2013 оқу жылы аралығында Құдайбергенов Дәулетбек Сазанбекұлы мектеп директоры лауазымында қызметтер атқарса, 2012 жылдың қазан айынан бастап осы мектептің директоры лауазымында қызмет атқарып келемін.

Мектебіміздегі педагогтар оқушыларғы сапалы білім бере жүріп, қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, мектептің озық, үлгілі мектептер қатарынан көрінуіне өз үлестерін қосып жүрген қоғамшыл азамат ретінде де ерекше танылып келе жатыр. Жас мамандарға әдістемелік көмек көрсетіп, оқыту мен тәрбиелеу үрдісін жетілдіре отырып, әрбір сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық мүмкіндіктерін арттырып, парасатты жеке тұлғаны қалыптастырып келеді.Баланың дүниетанымы мен тәрбиесіне зор үлес қосатын ұстаздың асыл болуы, дара тұлға болуы өмір бойы оқып-тоқуымен, үйренуімен іске асады.

ШӘКІРТТЕРІМІЗБЕН МАҚТАНАМЫЗ

Мектебіміз үлкен, сынып бөлмелері жарық, заманауи көрнекіліктермен жабдықталған. Оқушы мен мұғалім арасында ынтымақтастық қарым-қатынас орнаған. Мұғалімдеріміз заман талабына сай ізденімпаз, шығармашыл және талапшыл. Оқушы тағдырын өз мүддесінен жоғары қоя отырып, соңғы 3 жылда 9-сыныптардан 28, 11-сыныптардан 14 «Үздік аттестат» және 9 «Алтын белгі» иегерлерін шығардық. Мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз өз білімдерін түрлі деңгейде көрсете білді. Нақты тоқталатын болсам, халықаралық «Тәуелсіздіктану» жобасына 26 мұғалім қатысып, 13 «Алғыс хатпен» марапатталды. Мұғалімдердің облыстық пән олимпиадасынан 3 мұғалім жүлдегер атанды. Физика пәнінен ҰБТ және мұғалімдерді біліктілік тестілеуге дайындайтын есептер жинағы авторлық бағдарламасы жарияланды. Облыс көлемінде өткен «Өнерлі ұстаз-2022» байқауына қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі С.Әпсемет қатысып, жүлделі І орынды иеленді. Оқушылардың облыстық пән олимпиадасынан 9 оқушы жүлделі орынды иеленді. Атап айтатын болсақ, 11-сынып оқушысы Тұрғанбай Нұрай Президенттік олимпиаданың облыстық кезеңінен ІІ орын алды.

10-сынып оқушысы Шәймерден Гүлім ғылыми жобалар конкурсына қатысып, облыстан ІІІ орынды иеленді. «Зерде» кіші ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңіне 8-сынып оқушылары Мұсабек Ғалымжан мен Раймова Ойдин қатысып, ІІ орынды иеленді. Сонымен қатар Ы.Алтынсарин жазулары байқауының аудандық кезеңінен Ұ.Садыбекова 2-орын, Н.Алханова 1-орын иеленсе, аталмыш байқаудың облыстық кезеңінен Н.Алханова ұстазымыз 1-орын иеленіп келді. Педагогикалық –идеялар 1фестивалінің аудандық кезеңінен көркем еңбек пәнінің мұғалімі И.Шарапова 1-орын, физика пәнінің мұғалімі Г.Абуова 1-орын иеленді.Өзбек тілі пәні мұғалімі Алимова Гузал апайымыз Педагогикалық идеялар фестивалінің облыстық кезеңінен 1-орын иеленіп, Дипломмен оралды.

Мектебімізде оқушының ғылыми шығармашылық ізденуіне қолдау көрсету мұғалімдер тарапынан дұрыс жолға қойылған. Жыл сайын облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп отырмыз. Биылғы оқу жылы «Зерде» 9-11 сыныптар арасында физика пәнінен облыстық кезеңде 3 орынды иелендік.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында түрлі іс-шаралар жоспарға сай жүргізіліп отыр. 2-4 сыныптар арасында «Бір отбасы- бір кітап» акциясы, 5-8 сыныптар арасында «Кел, бірге оқиық» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жобалар арқылы «мектеп-оқушы-ата-ана» үштігін нығайтуды мақсат еткенбіз.

Мектептегі тәрбие Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасына сүйене отырып атқарылуда. Оқушыларды азаматтыққа, отансүйгіштікке, зиялылыққа, мемлекеттік рәміздер мен ұлттық дәстүрлерді құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында түрлі мәдени ақпараттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Балалардың бойында танымдық қызығушылығын, шығармашылық қабілеттерін дамытумен қатар, салауатты өмір салты дағдыларын, дене тәрбиесі мәдениетінің жоғары деңгейлі машығын қалыптастыру мен дамытуға бағытталған тәрбие жұмысы білім беру үрдісінде, сабақтан тыс уақытта және білім алушылардың бос уақытында жүзеге асырылуда. Нақты жоспарланған, мақсатты жұмыс нәтижесінде мектеп оқушылары мектепішілік, аймақтық, қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі байқаулар мен спорттық жарыстарда елеулі табыстарға қол жеткізуде. Оқушылар біліммен бірге өнер мен спортты да қатар меңгеретін болса, ол үлкен жетістік. Бала спортпен шынығады, өнермен ой-өрісі, талап-талпынысын арттырады. Адам баласы қандай бағытқа бейім болсын, ең алдымен шығармашылығының деңгейі биікте болуы керек. Ал, шығармашылық кез-келген ғылымның саласын меңгеру барысында дамиды.

Ләззат САРЫБАЕВА.