Домой Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ КҮНІ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ КҮНІ БАСТАЛДЫ

Қыркүйектің бірі – ерекше күнтізбелік күн

Аталған күннің шығу тарихын іздегіміз келсе, б.з. ІV ғасырларға сапар шегуімізге тура келеді. Мұның сыры мынада: 325 жылы атақты Рим императоры Константин әлемді таң қалдырған алып шіркеу тұрғызып, бірінші қыркүйек күні Жаңа Жыл мерекесін тойлау туралы шешім шығарады.

Алайда қаулы бірден өз күшіне еніп кете алған жоқ. Ресейде және басқа да мемлекеттерде Жаңа Жыл наурыз-сәуір айларында атап өтіліп жүрді. Жүздеген жылдарды араға салғаннан кейін, 1492 жылы ІІІ Иоаннаның бұйрығымен Жаңа  Жылды тойлау дәстүрі бірінші қыркүйекке ауыстырылады.

Бірінші қыркүйек – Білім күні

Бұл жылдары мектептер шіркеу қабырғаларында орналасқандығынан хабардар боларсыз. Осы себепті оқу жылының басталуы Жаңа Жылмен бірдей етіп белгіленеді. Айтпақшы, бұл күні Жаңа Жыл, Білім Күні мерекелері ғана емес, салық жиналатын күн болған. Және дәл осы күні патшалықтың мұрагерін таныстыру шаралары өткізіліп, «Дәндер» күні де атап өтіледі екен. Дәстүр бойынша, мерекеде адамдар өз аулаларындағы ағаштарға ленталар байлап, шырақтармен, моншақтармен безендірген.

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Иоаннаның жарлығынан кейін кыркүйектік «жылбасы» жалғаса берген болатын, тек 1699 жылы Еуропалықтардан ерекшеленбес үшін Жаңа Жылды тойлау бірінші қаңтарға ауыстырылды. Бір қызығы, дәл осы жыл – төрт айға ғана созылған екен (1 қыркүйек – 1 қаңтар). Неге оқу жылының басталу күні өзгертілмеді? Өйткені, жылдың төрт айға созылуына рұқсат берілсе де, оқушылардың білім алуына кедергі келтіруге болмайтын еді. Олай болған жағдайда, балалар бір сыныпты төрт айда аяқтап тастаулары керек болатын. Ал бұл мүмкін емес. Бір жағынан климаттың да әсері болғанға ұқсайды, өйткені оқушыларға күздің қара суық күндеріне қарағанда жаздың жаймашуақ күндерінде демалған әлдеқайда ыңғайлы еді.

Осылайша, жұмбақтың шешуін де таптық! Оқушылардың мектепке қыркүйектің бірінде баруларының себебі: бағзы замандарда бұл күні күздің алғашқы күні ғана емес, күнтізбенің алғашқы күні басталатын болған. 1984 жылдан бастап, «Білім күні» күнтізбеде қызылмен белгіленетін болды.

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы одақтас республикалар, қазіргі тәуелсіз мемлекеттерде жаңа оқу жылын біркелкі бастау бойынша отыз жыл ішінде бірізділіктен алыстап кеткенін көреміз. Және бұл үрдіс жылдар өткен сайын ұлғая түсетіні анық.

Әлемдік тәжірибеде жаңа оқу жылының басталуы қалай? Осы туралы біршама шолу жасап көрелік.

Бірінші қыркүйек – әлем картасындағы 197 мемлекеттің біршамасында сол елдің мектеп жасындағы тұрғындары үшін білім жолына қадам басатын қуанышты күн екен. Бұл күні білімге қадам басатын біздің еліміз үшін бүкіл әлемнің мектеп жасындағы балалары осы күні сөмкесін асынып мектепке асығатындай сезіледі. Алайда, бәрі де біз ойлағандай емес. Жоғарыда айтқанымыздай, әлемдік тәжірибеде көптеген мемлекеттерде Грузия, Әзербайжан елдеріндегі сияқты климаттық жағдай барынша ескеріледі екен. Осыған байланысты, Білім күнін әлем халқы тек бірінші қыркүйекте ғана емес, жыл он екі айдың жүзінде, өздеріне тән ерекшеліктермен қарсы алатынына көз жеткіземіз.

Еуропа елдерінің бірталайында, атап айтқанда, Бельгия мен Венгрияда, Македония мен Ирландияда, Балтық бойы елдерінде, Словения мен Польшада оқу жылы бірінші қыркүйекте басталады екен. Мұның арғы мәнінде жоғарыда тоқталған дін мен білім алудың әуелгі түпкі байланысы жатқаны анық. Ал Финляндия мен Швецияда оқу жылы тамыз айының ортасында басталады. Біріккен Корольдік құрамындағы елдерде (Шотланиядан өзгелерінде) сабақ қыркүйектің алғашқы аптасында басталады. Ал Шотландияда жаздың соңғы аптасында, яғни тамыздың аяғында басталатындығы да климаттық жағдайды ескеруден туындаса керек.

Германияда жаңа оқу жылының басталуы күн райына байланысты болады екен. Балалардың неғұрлым ашық аспан астында көбірек жүруі үшін Германияның федералды жерлері өз тәртіптері бойынша оқу жылының басталу уақытын белгілейді. Оқудың басталуы әдетте жауынды маусыммен тұспа-тұс келеді. Шамамен барлық жерлерде тамыз-қыркүйек айларында оқу басталады. Германияның орта білім беру жүйесі де өзге мемлекеттердікінен мүлде өзгеше екен. Мұндағы оқудың жалпы ұзақтығы – 41-42 апта. Бастауыш мектепте мүлде баға қойылмайды. 9 сыныпқа дейін оқу тегін. Әр оқушы үшін ата-анаға айына 200 еуро жәрдемақы төленіп отырады. Балақайлар бірінші сыныпқа алты жасында барса, орта мектепті 16 жасында, 10-12 жылын жұмсай отырып бітіріп шығады. Бірақ мұнымен орта білім алу аяқтала қоймайды. Оқушылар бұдан кейін бейіндік орта мектепте оқуын жалғастырады. Бейіндік (профильді) орта мектепті бітірген оқушылар жоғары оқу орындарына түсу құқығына ие болады. Жазғы каникул 1,5 айға созылады. Жыл бойына оқушылар Рождество мен қысқы каникулде, Пасха мен Қасиетті үштік мерекелерінде демалады.

Испанияда балалар мектепке қыркүйектің соңы мен қазанның басы аралығында барады. Оқу жылы маусымның ортасында аяқталады. Бұл мемлекеттің білім жүйесінде күнделік жоқ, дәптерге баға қойылмайды. Егер ата-анасы өздері білгісі келіп қажет деп таппаған жағдайда оқушының оқу үлгерімі қандай немесе өзге де мәселелері жөнінде оларға ешкім хабарлауға тиіс емес.

Еуропадағы іргелі мемлекеттердің бірі Италияда оқу жылы өзгермелі сипатқа ие. Италияның әр облысы өзіне лайықты деп таныған уақытта оқу жылын бастайды. Бұл елдегі оқу жылының басталуы да климатқа байланысты. Яғни өте ыстық аймақтарда өмір сүретін балаларға әлі де бір апта демала тұруға мүмкіндік береді. Бірақ бұл демалысты қыс айларында міндетті түрде өтеуі тиіс. Италиялықтардың білім алуы жарты жылға ұласады. 24 желтоқсан мен 6 қаңтар арасында, Роджество мерекесі кезінде каникул болады. Ақпан карнавалында және Пасха кезіндегі демалыс аптасында каникул болады.

Шығыс Еуропадағы Болгария мен Румыния елдерінде оқу жылы 15 қыркүйекте басталады. Францияда жаңа оқу жылы 3-қыркүйекте, ал Грекияда 11 қыркүйекте немесе он бірінші қыркүйектен кейінгі жексенбіден соң басталады.

Мұхиттың арғы жағында жатқан АҚШ пен Канада мемлекеттерінде әр штат үшін климатқа байланысты оқу жылының басталу мерзімі еркін таңдалады, бірақ таңдау тамыздың ортасынан 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Оқу жылы маусымның соңында аяқталады. Мектеп жасына толған балалар әр штаттың өз заңына сәйкес 5-8 жасында мектепке барады. Бастауыш сыныпта оқу алты жылға (11 жасқа дейін) созылады. Орта білім екі жылға (14 жасқа дейін), ал жоғары сыныптардағы оқу үш жылға созылады. Оқу жылы үш триместрге бөлінген. Олардың арасында аз күндік каникулдер бар. Бұл елдердегі жазғы каникул маусымның соңында басталады.

Азияның жер бедері, климаты, халқы қандай алуан түрлі болса, ондағы оқу жылының басталуы, білім беру жүйесі де соншалықты алуан түрлілікке ие.

Азияның көптеген елдерінде, атап айтқанда Қытай мен Гонконгте, Лаос пен Тайландта, Монғолияда оқу жылы бірінші қыркүйекте басталады. Мьянмада оқу жылы қыркүйектің ортасында басталады. Ал Вьетнамда бірінші қыркүйекте басталады. Мұндағы ерекшелік – қоңыраудың орнына барабан соғылады.

Оңтүстік Кореяда өзге елдерден мүлде басқаша. Бұл елде оқу жылы 3 наурызда басталады және шілденің ортасында аяқталады. Осыдан кейін екі айлық каникулге кетеді. Тамыздың соңында екінші семестр басталып, ақпанның ортасына дейін жалғасады.

Солтүстік Кореяда оқу жылы бірінші сәуірде басталады. Мұнда ешқандай салтанатты рәсімдер қарастырылмаған. Білім алу бес жастан басталады. Осы жастан бастап жас жеткіншектер партия тарихын жаттап, саяси идеологияны меңгереді. Мектеп формасы мен оқулықтарды мемлекет береді, оқушылар мектепте саппен жүреді. Оқу жылы 1 сәуірден 31 шілдеге дейін және бірінші қыркүйектен наурыздың соңына дейін жалғасады.

Жапониядағы оқу жылының басталуы да көршісі Солтүстік Кореядағыдай, бірінші сәуірде. Мұның да өзіндік символдық мәні бар. Дәл осы күні жапон халқы үшін жаңа өмірдің, сұлулық пен жастықтың нышаны саналатын сакура ағашы гүлдейді. Бұл елде балалар алты жастан мектепке барады. Оқу жылы үш триместрден тұрады және келесі жылдың 31 наурызында аяқталады. Оқушыларға қыста, көктемде азғана күнге және жазда бір айлық каникул беріледі.

Оңтүстік Америкадағы жаңа оқу жылының басталуы да климаттық ерекшеліктерге орайластырылған. Қазақстанда жаз басталғанда Латын Америкасында қыс түседі. Ал ол жақтағы күз айлары біздің наурыздан басталады. Мектептердегі оқу жылының басталуы, каникулдер де күн райына байланысты ұйымдастырылады. Сол себепті жаңа оқу жылы Аргентина, Коста-Рика мен Бразилияда ақпанның алғашқы аптасына, Чилиде бірінші наурызда Уругвайда наурыздың алғашқы дүйсенбісінде басталады екен.

Орталық Америка елдерінде оқу жылы қаңтардың екінші дүйсенбісінде, ал осы аумақтағы Гондураста бірінші тамызда басталады. Орталық Американың ірі мемлекеті Мексикада Білім күні 2 қыркүйек болғанымен, ондағы штаттарда оқу мерзімі өзгермелі. Әрқайсысы өздеріне қолайлы кезеңді белгілейді.

Африканың көптеген елдерінде, атап айтқанда Эфиопия, Нигерия, Сомали бірінші қыркүйекте жаңа оқу жылын бастайды. Солтүстік Африка мемлекеті Алжирде қыркүйектің бірінші жексенбісі – білім күні болып саналады. Таулы Кенияның кейбір өңірлерінде бірінші қыркүйекте сабақ басталса, келесі бір өңірлерінде тіпті қаңтарда, Жаңа жылды тойлаған соң басталады. Мұның өзі де климатқа және діни наным-сенімге байланысты екендігін атап өткен жөн. Оңтүстік Африка республикасы мен Танзанияда оқу жылының басы – қаңтардың ортасында. Ал жаңадан құрылған жас мемлекет Оңтүстік Судандағы оқу жылы 20 наурызда басталады. Осылайша, Африкадағы мемлекеттер де Білім күні түрлі жағдайларға байланысты сан алуандығымен ерекшеленеді.

Жасыл құрлық Аустралия мен көрші арал мемлекет Жаңа Зеландиядағы Білім күні – біздің жақтағы қаңтардың қақаған суығына тұспа-тұс келеді. Аустралияда оқу жылы жыл сайын 26 қаңтарда атап өтілетін «Аустралия күнінен» кейін басталады. Егер бұл күн 27 қаңтарға түсссе, онда мектептер оқу жылының басын ең жақын дүйсенбіге белгілейді. Жаңа Зеландияда да осыған ұқсас тәртіп бар. Оқу жылы 27 қаңтарда басталады. Кейбір мектептер ата-аналардың өтініші бойынша ақпанның бірінде бастауы мүмкін.

Білім күні қарсаңында, әлем жұртшылығындағы оқу жылының басталу мерзімі, ондағы білім беру ерекшелігі туралы шолу жасай отырып, Жер шары халқының алуандығына, климатқа, дәстүрге байланысты өзіндік ерекшелігіне тағы бір рет айқын көз жеткізгендейміз. Жас ұрпағының лайықты білім алуына деген аңсар, ұмтылыс – әлемдегі кез келген мемлекетке тән екендігіне қазіргі жаһандық үрдіс айғақ болады. Осыған орай бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақты оқытып-тәрбиелеу – мемлекетіміздің білім саласының, әрбір ата-ананың қасиетті парызы, мызғымас мақсаты болмақ. «Мектеп – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейтін халқымыз қашанда ұрпағына білім беруді басты назарда ұстап келген, солай бола береді де. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейтін ақиқат қашанда өзгермек емес. Білім күні құтты болсын!