Домой Білім ТҮРКІСТАН: АУДАНДАРДА МЕКТЕП ҒИМАРАТЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН: АУДАНДАРДА МЕКТЕП ҒИМАРАТЫ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

Бүгін 1 қыркүйек – Білім күніне орай, Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Қасымбек датқа ауылында «Бақдәулет» жекеменшік бастауыш мектебінің 500 орындық қосымша жаңа ғимараты ашылды. Салтанатты шара барысында аудан әкімі Арман Сәбитов жиынға қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, оқу ордасының ұжымына жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Сіздерді жаңа оқу жылынының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Былтыр бұл ауылда «Green school» жайлы мектебі қолданысқа берілген болатын. Міне, енді бүгін оқушыларға қолайлы жағдай қалыптастыратын алтын ұялардың қатары тағы да артып отыр. Аталған білім ордасында арт терапиялық, көңілді кітапхана, домбыра, гимнастика, шахмат және таэквондо тәрізді үйірмелер жұмыс істейді. Оқушылардың озық ойлы, бәсекеге қабілетті болуы үшін ағылшын және математика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Жаңа оқу жылы табысты болсын! – деді аудан әкімі.

Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде білім ошақтарының құрылысы қарқынды қолға алынуда. Сайрамда осы бағытта ашылған мектепте оқушылардың жандүниесі жан-жақты дамып-жетілуі үшін психолог, логопед және дефектолог мамандар жұмыс істейді. Жан-жағының бәрі заманауи камералармен жабдықталған оқу ошағында оқушылардың жүріп-тұру тасымалы мен 3 мезгіл ыстық ас мәзірі де мемлекет есебінен тегін қарастырылған.

Бүгінгі маңызы мол жиын барысында қатысушы қонақтарға ұстаздардың «Жасанды интеллект» инновациялық жобасы аясында жеткен жетістіктері таныстырылды. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруге бағыттаған жиын соңы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қоңырау соғып, мектеп ұжымының мерекелік бағдарламасымен ұласты.

Сонымен қатар, 1 қыркүйек – Білім күнінде Кентау қаласында соңғы үлгіде салынған жекеменшік «Bastau» мектебінің лентасы қиылды. Жаңа білім ұясының ашылу салтанатына қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат төрағасы Қабылан Елеусізов бастаған зиялы қауым өкілдері мен мектеп педагогтары және ата-аналар қатысты.

Қала басшысы мектеп ұжымы мен оқушыларды жаңа білім жылының басталуымен, жаңа білім ордасының ашылу салтанатымен құттықтап, жаңа мектептің лентасын қиды.

Үш қабатты ғимаратта орналасқан мектептіғ сыйымдылығы 450 орынға арналған. Бүгінде, мектепке 10-11 сынып оқитын 110 оқушы қабылданған. Алдағы уақытта 7-сыныптан оқушыларды қабылдау жүргізіледі.

Мұнда оқушылардың білім алуына толық жағдай жасалған. Жаңа мектепте оқу бөлмелері, компьютер сыныбы, мәжіліс залы, асхана, кітапхана сияқты бөлмелермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, үлкен спорт залы мен мектеп ауласында ашық ойын алаңша орналастырылған.

Жаңа білім ордасында әр оқушының таңдаған бағытына қарай пәндері тереңдетіліп оқыту қарастырылған. Оқушылар тасымалдау қызметі мен ыстық тамақпен қамту жағы бар. Оқу ордасында балаға түске дейін белгіленген кесте бойынша сабақ оқытылса, түстен кейін мамандыққа бейімделген білім беру жүйесі бойынша сабақ жүргізіледі.

Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде білім күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтуде. Меркелік шара Отырар ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мерекеде жаңа мектептің лентасы қиылды.

Балтакөл ауыл округі, Ақкөл елді мекеніндегі Ж.Егембердиев мектебінің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қатар келген қос қуанышымен құттықтады.

Аудан басшысы өз құттықтау сөзінде: «Ақкөл елді мекеніндегі ескі мектептің орнына жаңа оқу ордасын салу ауыл халқының көптен бері көкейінде жүрген мәселенің бірі еді. Міне бүгін біз осынау ел күткен тарихи сәтке куә болғалы тұрмыз. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында білім беру мен ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығына айрықша тоқталған еді. Әрине бәсекеге қабілетті дамыған мемлекеттердің қатарында болу үшін білім беруде заман талаптарына жауап беретін жаңаша жетістіктер қажет.

Тәуелсіз Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті, өркениетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда. Баршаңызды бүгінгі Ақкөл елді мекеніндегі 100 орындық Ж.Егембердиев атындағы негізгі мектебінің ашылуымен құттықтай отырып, жаңа оқу ордасынан талай білімді, дарынды азаматтардың шыға беруіне тілектестігімді білдіремін»,-деді.

Сондай-ақ жиында аудандық мәслихат төрағасы ертеңге сенім артқан жас жеткіншіктердің заманға сай білім алуына бар жағдай жасау бүгінгі қоғамның басты міндеті екенін айтып, жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттағалы тұрған оқушыларға сәттілік тіледі.

Мұнан соң жаңа мектептің лентасы қиылып, шараға келген көпшілік ғимараттың ішкі бөлмелері мен заманауи жабдықталған сыныптарды аралап, танысып шықты.

Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген тарихи сәт одан әрі білім күні мерекесімен жалғасын тауып, жиынға келген ата-аналар мектеп табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндердің алғашқы қоңырау соғу сәтіне куә болды

Отырар ауданындағы білім беру ұйымдарының жалпы саны- 41, Оның ішінде 40 мектеп мемлекеттік, 1 бастауыш мектеп жекеменшік-әріптестік аясында салынған. Аудандағы жалпы білім беретін мектептерде 13229 оқушы білім алады. Биыл аудан бойынша 1200-ге жуық бала алғашқы қоңырау үнін естіп, мектеп табалдырығын аттап отыр.

Отырар аудандық білім бөліміне қарасты Ж.Егембердиев атындағы шағын жинақты негізгі орта мектебінің оқушылары 1990 жылдан бастап 2024 жылға дейін ыңғайластырылған жайда білім алып келді. Жаңа мектептің типтік жаңа ғимаратының құрылысы 2023 жылы қазан айында басталып, 2024 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға беріліп отыр. Мектеп ғимаратының жобасы 100 орындық балаға арналған, екі қабатты, типтік жайда салынған. Мектептің жаңа типтік 5 оқу кабинеттері және бір интерактивті-компьютер бөлмесі, ыстық тамақ берілетін 36 орындық асхана жайы бар. Сондай-ақ, спорт залы және оқу жаттығу сабақтарына арналған құрал-жабдықтарымен қамтылған.