Қазір республикада Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамаcы іске асырылуда.
Атап айтқанда, осы жылдың айшықты оқиғаларының бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басталуы болды, оның аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынбақ. Биылғы білім беру саласындағы жаңа жобалар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтып берді.
Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. 210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды (екі ауысымда). Министрдің айтуынша, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түскен. Нәтижесінде, жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді.
Елордадағы жобалық қуаты – екі ауысымда 2 400 орынға арналған №96 мектеп-гимназиясы осы жемқорлардан алынған қаражат есебінен салынған. Сол сияқты Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақмола облысының Жалтыркөл ауылында 300 оқушыға арналған мектеп ашылды. Ол да Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен 1,5 млрд теңгеге салынған. Бұл мектепте 21 оқу кабинеті бар. 250 оқушы білім алады. 1 қыркүйекте СҚО Тайынша қаласында пайдалануға берілген 600 оқушыға арналған заманауи мектепке де аталған қордан 2,2 млрд теңге құйылған. Ауылдағы ескі мектеп ғимараты бұрын басқа мақсатқа қолданылған және апатты жағдайда болған екен.
Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында 718 мектеп 1 067 заманауи химия, физика, биология, STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықталды. 1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, олардың ішінде 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін тиісті жүйелер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орнатылып, жұмысы қамтамасыз етілген. Облыстарда балаларды тасымалдау үшін автобустар сатып алынды.
«Балабақшаға есепке алудың бірыңғай базасы» әзірленіп, іске асырылуда. Екі облыста балабақшаға есепке алу жүйесі пилоттық режимде жұмыс істейді. 2024 жылы толық іске қосу жоспарланған.
Биылғы қаңтар айында мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өсті. Осылайша, 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейіп отыр. Қыркүйек айынан бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30%-ға артты.
Сондай-ақ биыл колледж студенттерінің стипендиясы 50%-ға көтерілді. Колледж студенттеріне арналған жаңадан 13 жатақхана ашылды. ТжКБ ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысы 133 мың орынға дейін ұлғайтылды.
«Білім берудегі өзгерістердің 1 000 көшбасшысы». Президенттік жастар кадр резервінің үлгісі бойынша мықты педагогтер қатарынан кадр резервін іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленіп, іске асырылуда. Білім беру ұйымдарында тәрбие сапасын арттыру бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды.
Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды. Жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады. Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады. Сонымен қатар жүйе аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары көзделген. Грантқа түскен жағдайда талапкер жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
Н.ҚОСАЙ