Елімізде соңғы жылдары жекеменшік аралас мектептер саны ғана емес, жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер арасында да аралас мектептер саны артқан.
Статистика көрсеткіштеріне үңілер болсақ, 2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақтілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін төмендеген. Сондай-ақ 2016 жылы аралас мектептер саны 2 045 болса, соңғы алты жылда, яғни 2022 жылы олардың саны саны 2 778-ге жеткен. Бұл сандар республикадағы аралас мектептер санының өсу динамикасын көрсетеді.
Ұлттық статистикалық бюросының 2023 жылғы есебі бойынша бас қала тұрғындарының 81,09%-ы – қазақтар. Елордада халықтың басым бөлігі қазақтар бола тұра, балаларын аралас мектепке беретіндер қатары неге артып отыр? Жалпы, қалада қанша аралас мектеп бар? Онда оқитын балалардың қаншасы қазақ тілінде білім алады? Астана қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім берудің мазмұны және әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Аманкельдиеваның айтуынша, 2023-2024 оқу жылында бірінші сыныпқа 28 500 бала қабылданса, оның 17 мыңы – қазақ тілінде, 11 мыңы орыс тілінде оқып жүр.
– Бізге қарасты 104 мемлекеттік мектептің ішінде 35-і қазақ тілінде білім берсе, 64-і – аралас мектеп. Нақтылап айтып кететін бір жағдай, 10-15 жыл бұрын таза орыс тілінде білім беретін мектептер саны 20-ға жуық болатын. Былтыр оқу жылында 8 мектептің 5-уін аралас қылдық. Жаңа оқу жылынан бастап, қалған үшеуін аралас мектепке айналдырамыз. Міне, осылай таза орыс тілінде білім беретін мектептер ішінен қазақ сыныптарын ашып жатырмыз. Бұл да біздің мемлекеттік тілді дамытуда жасап жатқан жұмыстарымыздың бірі. 104 мемлекеттік мектепте 146 мыңнан астам бала қазақ тілінде оқып жатыр, ал аралас тілде оқып жатқан балалар саны – 116 мың. Аралас мектептер саны көп болғанымен, жылдан жылға аралас мектептердегі қазақ сыныптарының үлесі артып келеді. 2024 жылы қазақ сыныптары санының үлес салмағын осыдан үш жыл бұрынғымен салыстыратын болсақ, сынып санын 65%-ға арттырдық, – дейді.
Демек, Астана қаласы Білім басқармасы орыс мектептерін аралас мектепке айналдыру арқылы қазақ сыныптарының санын арттырамыз деп үміттенеді. Яғни, «суға кеткен, тал қармайдының» кері. Олай дейтініміз, аралас мектептерде білім беретін сыныптар саны қаншалықты көп болғанымен, олардың білім сапасы, оқушылардың қарым-қатынас тілі туралы айтылмайды. Сонымен қатар «орыс және аралас мектептер санын демография өзі-ақ шешеді» дейтін тағы бір «есек дәме» бар. Айналып келгенде, қазақ тілінің ертеңі өскелең ұрпақтың қазақ мектебінде оқуымен байланысты екенін біле тұрса да, олардың «уызына жарып, ана тіліне қанығып өсуіне» жағдай жасалмайды. Сонда да болашақ ұрпақтан үміт үзбей, мәселе өзінен-өзі шешіле салса деген арман басым.
Асыл Аманкельдиеваның айтуынша, мемлекеттік тілді дамыту, ана тілде сөйлеу, тілге құрмет отбасынан басталады. Одан кейін балабақшада балалардың дүниетанымының, сөйлеу тілінің қалыптасуына мән беру керек.
– Сондықтан былтырдан бастап барлық балабақшада топтастыру кезінде топтарды тек қана мемлекеттік тілде ашып жатырмыз. Кейін бұл балалар мектепке келгенде, қазақ сыныбының табалдырығын аттайды. Осылайша, біз қазақтілді білім беру көрсеткіштерін арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді ол.
Бұл көзқарас та «балабақшаға енді баратын балалар қазақ топтарда тәрбиеленіп, кейін қазақ мектебінің табалдырығын аттаса» деген үміт ұшқыны екенін мойындау керек.
«AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Каринованың айтуынша, қазір қоғам, әлем тез өзгеріп жатыр. Бүгінде мектепте, басқа да оқу орындарында оқып жатқандардың 70%-ы қазақ тілінде білім алады. Сондықтан қазақ тілін білу үлкен қажеттілік болуы керек. Қажеттілік бар кезде тіл орнығады. Негізі, оқыту тілі деген шартты дүние. Мектептің қазақша немесе аралас, тіпті орыстілді болуы деген де шартты көрсеткіш.
– Уақыт өте келе оқыту тілі деген жоғалып кетуге тиіс. Қоғам эволюциялық жолмен соған келе жатыр. Қазіргі жағдайға қарағанда, бұл процесс жақындай түседі. Өйткені адамға тіл, білім не үшін керек, екеуі де адамға жақсы өмір үшін керек құрал. Соған сәйкес, адамдар өзінің дамуын жетілдіріп жатыр.
Бірақ қазақ тілінің қажеттілігін мемлекеттік тіл ретінде үнемі көтеріп отыруымыз керек. Мектептің ішінде тілдің қажеттілігін жасайтын орта болуы қажет. Мемлекеттік тұрғыда әрбір адамның, азаматтың, мектеп директорының қазақстандық ұстанымы болуы керек. Мысалы, оқушылар қазақ тарихын, қазақ әдебиетін, қазақ тілін, Қазақстан географиясын қазақша оқуы мүмкін. Өйткені тарихты әр мемлекет өзіне қажетті жағынан көрсетеді. Қазақстанның қоғамы өзіміздің мемлекеттілігіміз үшін тарихты, географияны қазақша білуіміз керек. Қазақстандық ұстаныммен оқып-үйренуіміз керек.
Ал білім саласында тәрбие жұмысының барлығы қазақ тілінде болуға тиіс. Сондай-ақ ежелден қазақтың дүниетанымында «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген ұстаным қалыптасқан. Сондықтан тіл білуді қауіпті деуге келмес, – дейді Шолпан Каринова.
Иә, көп тіл білгеннің артықшылығы мол екені даусыз. Десек те, алдымен ұлттық болмыс, уызына жарып, қазақы қалыпты бойына сіңіріп өскен ұрпақ үшін алаңдамауға болар еді. Алайда бүгінгі қазақ баласының бірқатарының тілі қазақша шықпай жатқандықтан, ұрпақ үшін алаңкөңіл боларымыз хақ.
– Мен мектептерді ашу кезіндегі оқыту тілі деген формалды дүниеге бармау керек деп есептеймін. Жекеменшік мектептердің жақсы жағын айтқым келеді. Олардағы жақсы тенденция қоғамның сұранысына тез жауап беріп жатыр. Жылдам өзгеруде. Мемлекеттік мектептер жылдам өзгере алмай отыр. Мысалы, соңғы кезде ашылған БИЛ, НЗМ секілді мектептерде оқыту тілі шартты түрде көрсетілген. Өйткені жарты сабақ ағылшынша, жартысы қазақ тілінде, кейбірі орыс тілінде өткізіліп жатыр. Балалар үш тілді де меңгеріп, жақсы орта қалыптасып қалды. Бізде үштілділікке деген кері көзқарас бар. Ол дұрыс емес. Атап айтар болсам, ағылшын тілінде цифрлық дүниелерге арналған ақпарат, материал, әсіресе жаратылыстану, математикалық бағытта пайдаланатын оқулық өте көп. Бала ағылшын тілінде алған білімдерін қазақша да пайдалана береді. Менің ойымша, нақты білім беру жүйесіне көшу арқылы неғұрлым білімнің көзін ашуымыз керек. Оқыту тілі деген шаруа Кеңес үкіметінің білім беру жүйесінен шыға алмай жатқан үрдіс. Қазір қоғам ашық, әлем ашық. Меніңше, оқыту тілі кез келген тілді игеруге кедергі емес. Ол – тәрбиеге қатысты шаруа, – деді Шолпан Каринова.
«Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі» деп профессор Мекемтас Мырзахметұлының айтқанын ескерсек, қазіргі аралас мектептер санының артуы жағымды құбылыс емес. Мемлекеттік тілдің мектеп тіліне айналуы үшін ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ баласының ана тілінде білім алуы үшін жанкештілікпен ғасырларға татитын оқулықтар жазып кеткен Алаш арыстарының табанды еңбегіндей күрес керек.
– Бүгінде Астана мектептерінде 263 мыңға жуық оқушы болса, олардың 40 мыңы жекеменшік мектептерде оқып жатыр. Қала бойынша 174 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның жетеуі республикалық маңыздағы мектеп, ол республикалық болғандықтан министрлікке қарайды. Жекеменшік мектептердің білім беру қызметіне лицензияны Оқу-ағарту министрілігі жанындағы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті береді. Сонымен қатар жекеменшік мектептер министрлік жанындағы қаржы орталығынан жан басына мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландыру алады. Сондықтан қандай да бір жекеменшік мектептің білім беру үрдісіне Білім басқармасы араласпайды. Ол жеке кәсіпкер, жеке адамның бизнесі, сондықтан барлық оқу тәрбие үрдісін бақылау – Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің құзіретінде, – деді Асыл Аманкельдиева.
Егер жекеменшік мектептер мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландыру алатын болса, оқу тілін мемлекеттік тіл негізінде айқындауына құзіреті жетуі керек емес пе? Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттің білім саласындағы саясатты айқындай отырып, жекеменшік мектептер басшылығының мемлекеттік тілдегі сыныптар санын арттыруына және ата-аналарға баласын мемлекеттік тілде оқытуына белгілі бір дәрежеде ықпал етуіне болатын шығар. Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев бұл мәселеге орай:
«Әр өңірдің даму жоспары болады. Сол жерде нақты қадамдары қаралады. Министрлік жалпы білім саласындағы саясатты айқындайды», – деп қысқа қайырды.
Бұған дейін де «Біріншіден, елімізде аралас мектептерінің саны көп болғанымен, ондағы қазақша білім беретін сыныптар саны мол. Екіншіден, ата-аналар балаларын қай тілде оқытқысы келеді өздері таңдайды. Бұл ата-аналардың конституциялық құқығы» дегенді талай естіп келеміз. Түсінгеніміз, министрлік аралас мектептердің санының өсуіне алаңдамайтын сияқты.
Дегенмен мамандар «2016 жылға дейін қазақ мектептерінің саны артып, баласын қазақ тілінде оқытатын өзге ұлт өкілдерінің қатары көбейіп келе жатқан еді», – дейді. Тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбекұлының айтуынша, 2017 жылға дейін қазақ сыныптарына орыс, өзбек, түрік және басқа да ұлт өкілдері балаларын бере бастаған. Бірақ 2017 жылдан бастап, жағдай күрт өзгерген.
– Мен аралас мектепте жұмыс істеймін. 2017 жылға дейін қазақ тілін үйренуге құлшыныс бар еді. Е.Сағадиев министр болып тұрғанда «үштілділік» деген шықты. Сол «үштілділік» деген бастама қазақ тіліне соққы болып тиді. Содан кейін ата-аналар балаларын қайтадан орыс сыныптарына бере бастады. Қазір бұл – үлкен проблема. Өзім Шымкент қаласының 99,9 пайызы қазақ Нұрсәт деген ауданында тұрамын. Аулаға шықсам, орысша сөйлеп жүрген балалар, алаңдайсың. Кейінгі кездері аралас мектептердің көбейіп бара жатқаны соның салдары деп ойлаймын, – деді ол.
Әрине, бұл мәселенің түрлі қыры мен себебі болуы мүмкін. Бәлкім, ол ата-аналардың таным-түсінігіне де байланысты болар. Тиісті салаға жауапты мекеме басшыларының талабы да өз рөлін ойнауы мүмкін. Нақты жауап беру қиын. Бір білеріміз, аралас мектептердегі мемлекеттік тілдің оқытылу деңгейіне күмән басым.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ.