Домой Білім ТҮРКІСТАН: МЕКТЕПТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

ТҮРКІСТАН: МЕКТЕПТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ – САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ

Қазір жекеменшік мектептердің бір жылдық білім беру құны 1 миллион теңгеден 6-7 миллион теңгеге дейін. Оны қарапайым отбасының қалтасы көтере ме, жоқ па, белгісіз. Бірақ қоғамда мемлекеттік білім беру мекемелерінен гөрі жекенің сапасына сенетін адам көбейіп барады.

Жаңа оқу жылында 370 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сәйкес, биыл бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталып, 31 тамызға дейін жалғасады. Ата-аналар баланың құжаттарын электронды үкіметтің еgov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады.

Мектепте орын жеткілікті ме?

Жыл өткен сайын бала саны артып келеді, ал қаладағы мектептерде орын жоқ. Ауылдағы мектептерде керісінше бала саны азайып барады. Қазір көптеген ата-ана балаға сапалы білім беру үшін қалаға көшіп жатыр. Ал қалада сапалы білім беріліп жатыр ма? Қанша дегенмен бір сыныпта кемі 30-40 оқушы оқитынын ескерсек, мұғалім физикалық тұрғыда барлық оқушының оқу үлгерімін қадағалап үлгермесі анық.

Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, 2024-2025 оқу жылында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша, 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орынды болады. Бұл алдағы үш жылдағы бала саны өте көп, апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар салынатын мектептер толығымен заманауи талаптарға сай болмақ.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен оқушы орнының тапшылығын шешу, апаттық жағдайдағы және үш ауысымды мектептерді жою мақсатында Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып отыр. Жоба аясында 740 мың орынға арналған 369 жаңа форматтағы мектеп салынады. Оның 217-сі осы жылдың соңына дейін, қалған 152 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.

Мемлекеттік мектепте орын болмады. Баламның сапалы білім алғанын қалағандықтан, жекеменшік мектепке бердім, – дейді 1-сынып бітірген оқушының анасы Әйгерім Исағаева.

Сапалы білім қолжетімді ме?

Мектептің басты міндеті – сапалы білім беру. Сапалы білім – саналы болашақ кепілі. Елде мектеп тапшы. Оған қоса білім саласындағы кадр жетіспеушілігі, тағы басқа да мәселелер бар. Осы себептен қолында ақшасы бар, қалталы отбасылар баласын коммерциялық мектептерге береді. Мысалы, Астана қаласындағы Nurorda мектеп-лицейі, «Мирас» халықаралық мектебі. Осы сияқты жекеменшік мектептердің бір жылдық білім беру бағасы 1 миллион теңгеден 6-7 миллион теңгеге дейін барады. Ал қарапайым отбасы мұндай қаражатты төлей алмайды.

Баладан талап етілмеді…

Балаларын жекеменшік мектепке берген көп ата-ананың зары – бір. Ол – баладан мемлекеттік мектептегі сияқты қатал тәртіп пен сапаның жоқ екені. Осы мәселені Ә. Исағаева да айтып өтті.

– Балам сабақ оқығысы келмесе, мұғалім мәжбүрлеп оқытқан жоқ. Кейде балам мектеп формасыз, үй тапсырмасын орындамай баратын. Бірақ мұғалімдер тарапынан бір де бір рет ескерту болған жоқ. Тәртіп пен талап болмаған жерде, бала да сәйкесінше сабаққа бос, жай ермек үшін барып жүреді. Бірақ мектептің бір жақсысы – баланы кешке дейін түрлі үйірмеге қатыстыруға болатыны. Мысалы, қосымша, сурет, вокал, бокс сияқты үйірмелер бар. Бұл жұмысбасты ата-ана үшін өте ыңғайлы, – дейді ол.

Ауыл баласының немесе кішігірім қаладағы оқушылардың білім сапасы не болмақ? Ауылда оқитын оқушыларда түрлі үйірмеге қатысуға мүмкіндік жоқ. Тіпті үйірмеден бұрын химия, биология, тарих, орыс тілі, информатика сияқты пәндерден сабақ беретін мұғалімдер тапшы. Себебі бұл пәндердің сағаты аз, ал аз сағатқа бола жас маман ауылға жұмысқа бармайды. Осылайша, бұл білім сапасының төмендеуіне себеп болып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, биыл Алматы қаласында, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда және Павлодар облыстарында 11 жаңа қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып жатыр. Бұл ұйымдардың ашылуы оқушыларға қосымша білім беруге және олардың талантын, қарым-қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

«Министрлік балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Өткен жылы ғана елімізде 9 қосымша білім беру орталығы ашылды. Биыл олардың саны тағы 11-ге артады. Жалпы 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын іске қосу жоспарда бар», – деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.

Айта кеткен жөн, биыл балаларды қосымша біліммен қамтуды 85%-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Елімізде барлығы 1 625 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Әртүрлі бағыт бойынша үйірмелердің 380 түрі ұсынылады. Оның ішінде ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық және басқа да үйірмелер бар.

Қосымша да қосалқы адаптация

Шыны керек, қазір біраз мектепте қосымшаны басқа мұғалім жүргізеді. Бастауышта оқитын оқушы үшін жаңа мұғалімге үйренісу қиын. Одан бөлек қосымшадағы мұғалім баланың үлгерімін, ақсап жүрген пәндерін, түсінбей қалған тақырыптарын білмейді. Осындай мәселеге тап болған ата-ананың бірі – Әйгерім Исағаева. Редакциямызға пікір берген ол ұлы қосымшаға барып жүрген кездегі оқиғаны баяндап, мәселенің мән-жайын толық айтып берді. Оның айтуынша, қосымшаны басқа мұғалім жүргізген. Сонымен қатар қосымшаға барған ұлында еш нәтиже болмаған. Ал қосымшада сабақ берген мұғалім баланың сабақ оқуға деген ынтасы жоқ екенін айтқан.

Таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейтіндіктен, баламды қосымшаға берген едім. Ай сайынғы қосымшаның бағасы – 40 мың теңге. Уақыт өте келе, қосымшадағы мұғалім баламның ойнап жүрген фотосын жіберетін болды. Ондағы айтқысы келгені – «балаңыздың сабақ оқуға деген ынтасы жоқ» деген әңгіме. Жас талапты ынталандыратын, баланы сабақ беру методикасына бейімдейтін мұғалім емес пе? Қазір еш нәтиже болмағандықтан, қосымшаға бармайтын болдық, – дейді ол.

Кадр тапшылығы

Бұл туралы Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында айтқан.

«Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл мұғалімдерге деген қажеттілік 3 мыңнан астам адамды құрайды. Министрлік кадр тапшылығы мәселесін жан-жақты зерделеді. Алдағы 4 жылда бітіретін түлектер мен педагогтерге деген сұранысты қамтамасыз етеміз деген болжам бар. Тек келесі жылы ғана педагог тапшылығы туындауы мүмкін. Бірақ біз оны биылғы бітіруші түлектердің және магистратура түлектерінің есебінен қамтамасыз етеміз. Осылайша педагогикалық кадрлардың қажеттілігін толығымен жабатын боламыз», – деді министр.

Енді жекеменшік мектептің жайын айтайық. Жалпы Қазақстанда 7842 мектеп бар, оның 735-і – жекеменшік мектеп. Бұдан бес жыл бұрын Қазақстанда 181 жекеменшік мектеп бар еді. Қазір жеке мектеп саны 4 есе көбейген. Ал мұндағы бір жылдық оқу ақысының қанша екенін өзіңіз бағамдап, қалтаңыз көтере ме, жоқ па, соны төменде берілген цифрларды қарап, көз жеткізіңіз…

Мирас халықаралық мектебі (Астана, Алматы)

Мектепке кіруге алғашқы жарна: 400 000 теңге

Бір жылдық оқу:

1-2-сынып (қазақ тілінде оқыту) – 3 672 000 теңге

1-4-сынып – 4 473 000 теңге

5-9-сынып – 4 662 000 теңге

10-11-сынып – 4 761 000 теңге

QSI халықаралық мектебі (Астана, Алматы, Атырау)

Мектепке кіруге алғашқы жарна: 140 000 теңге

Айына оқытудың орташа құны – 1 400 000 теңге

Galaxy халықаралық мектебі (Алматы)

2023-2024 оқу жылына оқу ақысы:

0-5-сынып – 4 300 000 теңге

6-8-сынып – 4 400 000 теңге

9-10-сынып – 4 500 000 теңге

11-12-сынып – 4 600 000 теңге

Alpamys School (Астана)

Айына оқытудың орташа құны – 356 000 теңге

Astana Garden School (Астана)

Мектепке кіруге алғашқы жарна: 500 000 теңге

Бір жылдық оқу:

1-4-сынып – 4 100 000 теңге

5-6-сынып – 4 100 000 теңге

7-8-сынып – 4 950 000 теңге

9-сынып – 5 500 000 теңге

10-11-сынып – 6 600 000 теңге

NURORDA мектеп-лицейі (Астана, Алматы, Өскемен)

2024-2025 оқу жылындағы оқыту құны:

1-сынып – 4 370 000 теңге

2-сынып – 4 180 000 теңге

3-сынып – 4 180 000 теңге

4-сынып – 3 960 000 теңге

5-сынып – 3 740 000 теңге

6-сынып – 3 610 000 теңге

7-11-сынып – 3 960 000 теңге

Qadam School (Астана)

Бір жылдық оқу құны – 2 500 000 теңге

Advanced Junior School (Көкшетау)

Айына оқытудың құны – 170 000 теңге

Элиталық қазақ мектебі «Zaman» (Алматы)

Айына оқыту құны:

1-4-сынып – 330 000 теңге

5-11-сынып – 280 000 теңге

Ш. Уәлиханов атындағы жекеменшік мектебі (Алматы)

Мектепке кіруге алғашқы жарна – 520 000 теңге

Айына оқыту құны:

1-4-сынып – 450 000 теңге

5-11-сынып – 400 000 теңге

Қазақ-Испан «Academia Real» жекеменшік мектебі (Астана)

«Мемлекеттік стандарт» пакеті, тегін оқыту

Мектепке кіруге алғашқы жарна:

1-4-сынып – 220 000 теңге

5-6-сынып – 250 000 теңге

«Стандарт» пакеті

Мектепке кіруге алғашқы жарна:

1-4-сынып – 220 000 теңге

5-6-сынып – 250 000 теңге

Бір жылдық оқу құны – 825 000 теңге

«Премиум» пакеті

Мектепке кіруге алғашқы жарна:

1-4-сынып – 220 000 теңге

5-6-сынып – 250 000 теңге

Бір жылдық оқу құны – 1 230 000 теңге

«VIP» пакеті

Мектепке кіруге алғашқы жарна:

1-4-сынып – 220 000 теңге

5-6-сынып – 250 000 теңге

Бір жылдық оқу құны – 1 550 000 теңге

P.S. Жекеменшік мектептердегі оқу ақысы олардың ресми сайтынан алынды.Гүлшекер Сүлейменова