Домой Білім ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ТАМЫЗ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕСІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ ТАМЫЗ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕСІ ӨТТІ

Түркістан облысының білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Дәстүрлі тамыз кеңесіне ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Тұрғанбайқызы, Ғалым, педагогика саласының докторы Хусаинов Асқарбек, Мемлекет және қоғам қайраткері Жұлдыз Омарбекова, Білім-инновация Халықаралық қоғамдық қорының президенті Өте Дархан, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тілеп Болат қонақ ретінде келді. Дәстүрлі тамыз кеңесінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама оқып, жаңа оқу жылының басталуына сәттілік тіледі.

– Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құтттықтаймын! Бүгінгі дәстүрлі Тамыз кеңесінің атауы да бекер емес. Себебі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект немесе адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы республикалық педагогтер съезінде білім беру үдерісін цифрландыруда жеделдік керектігіне арнайы тоқталды. Осы маңызды басқосуда облыстың білім саласына бей-жай қарамайтын үлкен академиктер мен эксперттерді және білім саласының үздіктерін, мәртебелі ұстаздарымызды төрімізден көргеніме қуаныштымын. Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – бүлдіршін кезден бастап көрген тәрбиесімен өнегесі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, еліміздің болашағының жарқын болуы біздің бүгінгі адал еңбегімізге байланысты. Баршаңызды бірлікте күш қосып, бала оқытудан кеш қалмауға шақырамын, – деген облыс әкімі бірқатар ұстаздарды марапатты.

Бүгін Түркістан облысы білім саласы қызметкерлерінің облыстық тамыз кеңесінде 20 үздік ұстазға арнайы алғыс хаттар берілді. Іс-шара барысында 10 ұстазға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі табысталып, Түркістан облысы әкімінің Дархан Амангелдіұлының атынан 10 педагог алғыс хаттармен марапатталды.

Қошеметке ие болған тиісті білім беру деңгейі бойынша білім беру және тәрбие процестерін ұйымдастыру мен жетілдірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз етудегі, білім беру жане тәрбие бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары еленді.

Тамыз кеңесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев модераторлық етті. Плеанарлық отырысқа 1000-ға жуық білім саласының қызметкерлері келіп, 20 мыңнан астам педагог онлайн тамашалады.

Айта кетейік, Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдарының саны 1060-қа артты. Оқушылардың болжамды контингенті 530 000 оның ішінде 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны 52 593 болды.

Аймақтың білім саласында 65 762 педагог қызмет етеді. Ағымдағы жылы облыстағы 321 білім мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыстағы 106 білім беру мекемелерінің жылу жүйесін табиғи газға ауыстырылуда. «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 63 мектеп салу көзделген. 29-і биыл ашылмақ. Бұдан бөлек жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 13-і биыл қолданысқа тапсырылады.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 220 920 оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеттері алынатын болады. 2024-2025 оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданатын болады.

Оқушыларды тасымалдауға жаңадан алынған 101 автобус қызмет көрсететін болады, қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісімшарт негізде жүргізілуде. Балалар қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 (оның ішінде: 909 мектеп; 25 колледж; 4 балалар ауылы мен жасөспірімдер үйі) білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылды.

Иә, еліміз бойынша тамыз кеңесінің биылғы тақырыбы — «DIGITAL KAZAKHSTAN: заманауи білім беру». Осы бағытта Түркістан облысында өткізілген дәстүрлі кеңесте заманауи стандарттарға сай, цифрлы жүйелердің білім саласындағы орны айқындалды. Пленарлық сессияға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлынан бастап, жиын қонақтары мен педагогтар инновациялық жобалардан тұратын көрмені тамашалады. Әр жобаның негізгі мақсаты мен қолданыстағы ерекшеліктері таныстырылды.

Сандық білім беру ресурстарын мұғалімдер сабақ жүргізу үшін де, оқушылар оны өз беттерімен сабаққа дайындалу үшін және анықтамалық материалдар ретінде пайдалана алатын болады. Цифрлық білім беру ресурстары мұғалімге оқытудың әр түрлі мақсаттары үшін оқу материалын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Цифрлық сауаттылық-білім алушылардың қазіргі өмірдегі қабілеттерінің маңызды элементі, ал оқытушының цифрлық сауаттылығы — қауіпсіздіктің негізгі шарты.

Айта кетерлігі, Түркістан облысының білім беру ұйымдарында “Е-асхана”, “Е-Кітапхана”, “BilimLand”, “Face ID” сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық тұрғыда тексеруден өтіп, оңтайлы нәтижесін берген.

Жалпы, жаңашылдық білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Оқушылардың озық білім алуы – басты назарда. Осы мақсатта Түркістанда өткен облыстық тамыз кеңесінде «Инновациялық жобалардың» көрмесі ұйымдастырылды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының бастамасымен білім саласына бағытталған бұл жобаның ауқымы кең.

Іс-шара барысында әр аудандық білім бөлім басшылары жоба жасаушылардың жаңа жұмыстарын қорғады. 17 аудан 17 түрлі инновациялық жобаларын таныстырды. Балалардың мультимедиялық форматта білімін жетілдіретін заман талабына сай жаңашылдықтар менеджменттік қабілетті арттырып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне серпін бермек. Осы арқылы балалардың да сабаққа деген зейіні артады.

Жобалардың басым бөлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруды көздейді. Оқу-әдістемелік үдерісті оңтайландырып, жаңа әдісті интеграциялау арқылы балаларды қауіпсіз, қызықты тәсілдермен білімге құштар ету қажет. Нәтижесінде Түркістан облысының білім сапасы одан ары артады деген сеніміміз мол.

Өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand», «Face ID» сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық тұрғыда тексеруден өтіп, оңтайлы нәтижесін берді. Жәрмеңкеге «Алақан» жобасы, «Tolem», «MATATALAB» роботы, «IoT board», «Codrone» робототехникалық құралдары көрсетіліп, түрлі басылымдар мен логикалық «Intellectum» виртуалды ойындар сынды жаңа технологиялар ұсынылды.