Домой Білім ТҮРКІСТАН: БІЛІМ РЕФОРМАЛАРЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР

ТҮРКІСТАН: БІЛІМ РЕФОРМАЛАРЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Қазіргі мектепте тірлігі түзу, жүйкесі бүтін бір мұға­лім жоқ. Қысқамерзімді жоспар жазу мұ­ғалімдерді жүйке ауруына шал­дық­­тырып, жынды ететін түрі бар. Қыс­қа­­­мерзімді жоспар – методикалық нұс­­қау. Ал методика ғылым емес, ол – әдіс! Қандай әдіс қолданса да, мұғалім оқу стандартына сәйкес тақырыбын шәкірттеріне меңгертсе болды емес пе?! Тек, қысқамерзімді жоспар жазып қана оқушыға сабақ тақырыбын меңгерт деп талап қою – мұғалімнің кәсіби һәм адами құқығын аяққа таптау! Меніңше, оқу стандартына сәйкес, тақырыпты оқушыға қалай меңгертемін десе де, ол мұғалімнің құзырындағы жеке шаруа болуға тиіс.

Қазіргі мұғалімдерді кітап оқымайды деп кінәлаймыз. Олар­дың оған уақыты да жоқ. Мектеп әкім­­шілігі оқу стандартына сәйкес, мұ­­ға­лімдерден қысқамерзімді жос­пар, ұзақмерзімді жос­пар, бөлімді жи­­нынтық бағалау, тоқсандық жиын­тық бағалау талап етеді. Заңды бұзу­ға болмайды. Алайда оны айна­лып өтуге әрқашан да мүмкіндік бар. Ол еп­тілігіңізге байланысты. Қазір мұ­ғалімдер де қулыққа көшкен. Сағат­тап отырып қысқамерзімді жоспар жазып әуре болғанша, интер­неттегі дайын дүниеге тақырып қойып ала салады. Бір мектептегі пәлен­бай мұға­лімнің, пәленбай беттік қысқа­мер­зімді жоспарын оқып, тексеріп оты­руға мектеп әкімшілігінің уақыты да, мүмкіндігі де жоқ. Сонымен сабақ бір жақта, сабақ жоспары бір жақта, мұ­ғалім тіптен басқа жақта қалады. Сапасыз оқулық, қағазбастылықпен «тұншығып» жатқан мұғалім, жүйесіз оқу стандарты… Осындай жағдайда мектеп оқушыларынан қандай сапалы білім күтуге болады?

«Kundelik.kz» – күрделі мәселе                                                                             

Ресей оқу жүйесінің «Дневнигінен» айна-қатесіз көшіріліп алынған деп сынала берген соң, затын емес, атын ғана өзгерткен бұрынғы «Kundelik.kz», қазіргі «Bilim Land» ел мұғалімдерінің бас ауруына айналғанына біраз болды. Мектепте интернет бар ма? Ком­пьютермен қам­тамасыз етілген бе? Мұнда ешкімнің шаруасы жоқ. «Батыс өркениетін қуып жетеміз, алға!», деген жаппай ұранмен ел мектептерінің «Kundelik.kz»-ке кіріп кеткеніне біраз уа­қыттың жүзі болды. Содан бері мұға­лімдердің ішкені – ірің, жегені – желім.

«Kundelik.kz» – «Bilim Land» арқылы оқушы күнделігінің жойылып, сынып журналының электронды нұсқаға көшуі педагогика-психологиялық тұрғыдан өте қате шешім болды. Мектеп ең кемі 5G интернетпен, оқушылар 100 па­йыз компьютермен қамтамасыз етілген жағдай болса, әңгіме бөлек. Өкінішке қарай, мұндай жағдай дәл қазіргі қазақ қоғамы үшін қиял-ғажайып дүние болып тұр. Не интернеті, не жеткілікті компьютері жоқ дәл біздің жағдай «штансыз бұтқа – қайыс бау» дейтіндей, өте күлкілі әрі аянышты. Себебі бізде мұғалімдердің де, оқушылардың да ком­пьютермен һәм интернетпен қамта­масыз етілуі өте төмен деңгейде. Орта есеппен 1 мың бала оқитын мектепте 170-250 оқушы ғана компьютермен қамтамасыз етілген. Ал интернет болса нашар немесе мүлдем жоқ. Осындай жағдайда «Kundelik.kz» – «Bilim Land» арқылы баланың білім деңгейін анықтау қаншалықты ақылға қонымды? Бұл бір.

Екіншіден, сыныпта журналдың бо­луы, сол журналдың соңғы парақта­рын­дағы оқушы туралы толық мәлімет және оқушыға күнделікті баға қою мұ­ға­лімге оқушыларды психологиялық тұрғыдан толық зерттеп білуіне мүмкін­дік тудыратын еді. Қазіргі мұғалім өз оқушыларын тұлға ретінде жеке зерттеуі былай тұрсын, оларды толық танып білмейді де. Оған мүмкіндігі де жоқ. Оқушыларды толық зерттеп білмеген соң, біртүрлі өтірік сабақ беріп жүрген секілді күй кешесің. Сыныпта журнал болса, оқушы журналға қойыл­ған бағаны көзімен көріп, сабаққа қарай бет бұрар еді. Журнал қолымызда тұрғанда тоқсан соңында оқушыдан ауызша не жазбаша сынақ алып, «егер «4»-ке не «5»-ке шыққың келсе, мына тақы­рыпты оқып кел», деп тапсырма бере­тінбіз. Бұл әдіс баланың білімге деген ынтасына әсер ететін. Қазір ол жоқ. Бүкіл мектепте интернеттің 2-3 нүктесі ғана бар. Ол жердегі мұғалімдер арасындағы кезектің өзін айтпағанда, мектептегі интернет нүктелерінің өзі күндіз нашар, тек түнге қарай жақ­сы жұмыс істейді. Сонда мұғалім «Kundelik.kz»-ті тек түнде ғана толтыруы керек пе? «Kun­delik.kz» мұғалім мен оқушысы компьютермен толық қам­тамасыз етілген, интернеті мүлтіксіз жұмыс істейтін елдерге қолайлы шығар. Ал біздің жағдайда бұл мұғалім психологиясына әсер етіп жатыр. Себебі мұғалім еңбекақысы «Kundelik.kz» ар­қы­лы толтырылған журнал бойынша есептеледі.

«Kundelik.kz»-тің тағы бір ерекшелігі – мұнда оқушыға «2» деген баға қоюға болмайды. Егер мұндай баға қойсаңыз, «Kundelik.kz» базасындағы тұтас аудан, қала берді облыстың білім деңгейінің көрсеткіші түсіп кетеді екен. Орталық база арқылы «жоғарыдағыларға» бәрі көрініп тұр. Бұл бір. Екіншіден, оқу­шыға қойған «2» деген баға үшін пән мұғалімінен бастап, мектеп әкімшілігі түгел «жоғарыдағылардың» алдында жауап береді. Мектеп әкімшілігінің бізге түсіндіруі солай. Үшіншіден, «Жаңар­тылған оқу бағдарламасы» бойын­ша оқушыға «2» қою мұғалімнің нашарлығы болып есептеледі. Ал еш­кім­нің «нашар» мұғалім атанғысы кел­мейтіні белгілі. «2» қоймайтынына сеніп алған оқушы мұғалімнен аяғын тартып, дайындалып, сабақ оқиын деп алға ұмтылмайды. Оның үстіне «Жаңар­тылған оқу бағдарламасы» бойынша оқушыға «2» қою былай тұрсын, «сенікі қате», «дұрыс емес» деп те айтуға рұқ­сат жоқ. Оқушы жауабы дұрыс бол­маған жағдайда «Сенікі дұрыс, бірақ…», деген сөзден бастап қатесін түзетуге болады. Ең қиыны, оқушының дұрыс емес, қате жері «сенікі дұрыс» деп айтылып қалған соң, одан кейінгі айтылар «бірақ…»-тан соңғы мұғалім ойына оқушы жеткілікті көңіл бөліп, көп жағдайда дұрыс қорытынды шығара бермейді. Себебі оқушы өзіне керекті мұғалімнің «дұрыс» деген сөзін естіді, арғы жағы маңызды емес. Мұндай жағ­дайды біз, практик-мұғалімдер күнде көріп жүрміз.

Қазіргі таңда мұғалімдердің жүйкесін жұқартып отырған тағы бір мәселе – кәсіби біліктілігін анықтау мақсатында олардан алынатын тест-сынағы. Аны­ғын айтқанда, мұғалімнің шын білім дәрежесін тест-сынақтары анықтап бере ал­майды. Меніңше, қай заманда да мұ­ғалімнің білім деңгейі оқытқан оқушы­ларының білім көрсеткіштерімен анықталған. Сондықтан мұғалімнің деңгейін оқытқан оқушыларының білім көрсеткішімен есептеу керек. Ол үшін мұғалімнің 2-3 жыл сабақ берген сыныбынан жазбаша және ауызша сынақ алып, оның орташа балын шығара отырып, сынып оқушыларының білімінің сапалық деңгейін анықтау керек. Міне, осындай тәсіл арқылы мұғалімдердің кәсіби деңгейі анықталса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Әрине, мұғалімнің өз жеке басының кәсіби шеберлігі үшін жеткен жетістігінің марапаты мен ол оқытқан оқушылардың пәндік олимпиадалардан алған жетістіктері есепке алынуы керек.

Қазіргі мектептің ішкі жай-күйін соншалық тәптіштеп жазып отыруым­ның негізгі себебі біреу-ақ. Ол – тәуел­сіздік алған отыз жылдан бері білім саласында үздіксіз жасалған түрлі ре­фор­малар, еліміздің білім саласын қай­раңға отырғызып, тығырыққа тіреді. Бұдан шығудың бір-ақ жолы бар. Ол – білім жүйесін жетік білетін ғалымдар мен тәжірибелі мектеп мұғалімдерін қатыстыра отырып, кең көлемдегі ха­лық­тық талқылау арқылы білім беру­дің «Ұлттық тұжырымдамасын» қабыл­дау. Содан соң ғана осы тұжырым­дамаға негізделген мектеп оқулықтарын жазған дұрыс. Әрине, бұл оқулықтарды жазуға да білікті мамандар, ғалымдар мен тәжірибелі мектеп мұғалімдері кеңінен тартылуға тиіс. «Білім беру­дің «Ұлттық тұжырымдамасын» әзір­леуіміз керек» дегенді «EDECH-KZ» халықаралық білім орталығының бас директоры кезінде Ғани Бейсембаев та айтқан еді. Көптің көкейіндегі сөзді айтқан Ғани Бектайұлы – қазір Оқу-ағарту министрі. Енді ұлтқа ауадай қажет тұжырымдаманы қабылдауға не кедергі? Әлде, «Үйдегі ойды базардағы нарық бұзып тұр» ма?..

Бұл елдерде ғылыми негізде дайындалған білім беру саясаты іске асырылады. Олардың басты мақсаттары: ұлттық ерекшеліктер мен мәдениетті, ана тілін сақтап дамыту, рухани бай адам тәрбиелеуді іске асыру және мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін көтеру. Бір сөзбен айтар болсақ, басты мақсат – адам тәрбиесі. Бұл елдерде білім реформасы, орта есеппен, 10 жылда бір рет жүргізіледі.    

Жалпы, білім беру сапасын үш жағдайды ескере отырып жақсартуға болады. Біріншіден, білім беру жүйесінің қарастырылып отырған кездегі нақты жағдайын, жетістіктері мен кемшіліктерін анықтау керек; екіншіден, оқыту нәтижелерін жақсарту үшін қандай жұмыстар атқару қажеттігін тұжырымдау керек; үшіншіден, әр елдің орта білім беру жүйесінінің ерекшелігін, тарихын, мәдениетін, саясаты мен құрылымын ескере отырып, атқарылуы қажетті іс-шаралар кластерін дайындап, іске асыру керек.

Нұрғали МАХАН,

жоғары санатты шебер-педагог.