Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: ТІЛ — ТҰҒЫРЫМ

ТҮРКІСТАН: ТІЛ — ТҰҒЫРЫМ

Адамдар үшін өмірдегі ең бағалы құндылықтардың бірі – ана тілі. Ана сүтімен дарыған тілдің қасиетін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тіл – ұлт рухы. Халқымыз «Тіл – жүректің елшісі, жүректен шыққан сөз – жүректерге жол табады» деп жатады. «Тіл тазалығы – жан тазалығы», «Тілін қадірлемеу – өзін қадірлемеу» дегендей, тіл туралы, тілдің қадірі туралы ел аузында даналық сөздер көп айтылады. Ана сүтімен, ананың әлдиімен санаға ұялайтын тіл болғандықтан, әрбір ұлт өз тілін – Ана тілім деп атайды.

Тілге құрмет – елге құрмет. Тіл – әр ұлттың жаны, мінезі, пейілі, оның көп ғасырлық тарихы. Қазақ халқының ана тілі – қазақ тілі. Қазақ тілі – өте оралымды, айшықты, көрнекті, бейнелі, бай тіл. Көпұлтты Қазақстан – Тәуелсіз мемлекет. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің жауапкершілігі орасан зор. Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды.

Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ана тілін сүйген адам туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз. Ал бұлардың барлығы – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер – ана тілі. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 жыл), «Тіл саясаты туралы» Тұжырымдамасы (1996 жыл) және осыларға негізделген «Тіл туралы» Заң (1997 жыл) республикадағы тілдердің ұлтаралық жарастық пен рухани ынтымақтастықтың құралы ретінде қызмет етуін және тіл алуандығын көздейді. Рес­публикада мемлекеттік тіл ретінде бір ғана тіл – қазақ тіліне конституциялық мәртебе беріліп отыр.

Мемлекетіміздің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту. Өйткені тіл саясаты еліміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ететін, мемле­кет­тілігінің нығаюына тікелей әсер ете­тін фактор. Ел Президенті Қазақстан халықта­рын біріктірудің шешуші факторы болып саналатын мемлекеттік тілді дамыту мәселесін ғылыми тұрғыда жүргізіп келе­ді. Яғни мем­лекеттік тілдің қайнары  балабақ­ша мен бастауыш мектептерде басталуы керек. Педагогика ғылымына сүйенер болсақ, бес жасқа дейін бала санасында дүниетанымның, ақыл-ойдың алғашқы іргетасы қаланады. Сондықтан Мемлекет басшысы білім беретін мектептерде, әсіресе балабақшада қазақ тілін оқытуға ерекше назар аударып отыр.

Мемлекеттің ұстанған тіл саясаты бүгінде өз жемісін беруде. Қазақстан­ның болашағы – қазақ тілінде деген тұжы­рымдама тіл саясатының басты ұстанымы. Ана тілін дамыту, қорғау дегеніміз – өз ана тіліңде таза сөйлеу және оны жақсы біліп, туған анадай сүю. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес.

Осы орайда көрші Ақтөбе облысында қызмет жасаған жылдарым еске түседі. Онда 15 жыл аудандық газетте, 7 жыл аудан әкімдігінде еңбек еттім. Кеңес дәуірінде өзге ұлттың бір адамы қатысқан жиналыс ресми тілде өтетін. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұл жағдай өзгеріп, жиынның бәрі мемлекеттік тілде өтетін болды. Сол 90 жылдары журналист, азамат ретінде Октябрь қаласының Қандыағаш шаһары болып өзгеруіне үн қос­қанымды бүгінде өзіме мақтаныш санаймын. Сол жылдарда көптеген ауылдардың бөлімшелері тарихи атау­ларын қайта иемденді. Бұл да болса ата-бабамыздың жүрегімен қойып кеткен атауларының елмен қай­та қауышқандай әсер еткені рас. Мысалы, Ақкемер ауылының Восток бөлімшесі атақты Көтібар батыр мәңгі қоныс тапқан бұрынғы Көктөбе атауын иемденді. Мұндай жергілікті тарихи атаулар беру барлық ауыл­­да орын алды. Сонымен қатар аудандық «Қандыағаш» газетінің редакция­­сында кеңес дәуірінде баста­уыш партия ұйымын басқарсам, еліміз егемендігін алғаннан кейін бастауыш «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік еттім. Аудан бойынша көптеген тарихи атаулардың қайта жаңғыруына үлес қостым. Бұл да мәртебелі тіліміздің мерейі.

Ана тілі – ең басты байлығымыз. Ана тілі – ең ұлы және тамаша тіл. «Ана тілі – халық болып жасаған­нан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін мәңгі құ­ламайтын бәйтерегі» деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев  «Мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты – сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша, шын мәніндегі мә­дениетті адам бола алмайсың.