Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН, #ҮйдеҚал!

ТҮРКІСТАН, #ҮйдеҚал!

Түркістандықтар жерлестерін үйде қалуға шақыратын үндеу жолдауда. Бүгінде әлемді жалмаған пандемия көршілес қалаларға да еніп, рухани шаһардағы сақтық шарасы да күшейтілген.

Осындай сәтте, түрлі маман иелерінің жұмыстары екі еселеніп, тұрғындар денсаулығы үшін күндіз-түні қызмет етуді бастап кетті.

Төнген қауіпке қарсы күресте алдыңғы қатарда жүрген ақ халатты абзал жандар, төтенше жағдай органдары мен полиция қызметкерлерінің еңбектері ерен. Әр бірі жанұя-жақынынан алыстап, ортақ болашағымыз үшін тыным таппай келеді.

Дәрігерлер мен медбикелер ауруханаларда ғана емес, қала кіреберістерінде келген жандардың денсаулық көрсеткіштерін тексеріп жүр. Полиция және төтенше жағдай қызметкерлері ел игілігі үшін енгізілген тәртіп талаптарының орындалуын қадағалап бақылауда.

Тәуекелге бел буып, қызметін атқарып жүрген жандар халықтан қолдау ретінде #ҮйдеҚал деп сұрауға әбден хақылы. Бұл үндеуге басқа да сала мамандары, қарапайым халық та қосылып отыр.
Себебі, тұрғындар түсіністік танытып, өздері сақтанбаса — бұл азаматтардың еңбектері зая кетпек.

Осыны түсініп, өз қалауларымен оқшауланып отырған түркістандықтар да алғыстарын әлеуметтік желілер арқылы білдіріп жатқаны мәлім болды. Ендігі, оқшаулама маңызын түсініп, қызмет көрсетіп жүрген азаматтарға қолдау көрсетер жерлестеріміздің саны артсын деп тілейміз.