Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫН СУБСИДИЯЛАУ ЖАЛҒАСАДЫ

ТҮРКІСТАН: АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫН СУБСИДИЯЛАУ ЖАЛҒАСАДЫ

Түркістан облысындағы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы туралы айтар болсақ, өткен жылы бұл салада біршама өзгерістер орын алды. Өткен жылғы он екі айда ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 1158,7 млрд. теңгені, оның ішінде өсімдік шаруашылығы өнімі 681,7 млрд. теңгені, мал шаруашылығы өнімі 469,6 млрд. теңгені және ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтер 1,3 млрд. теңгені құрады.

Салыстырмалы түрде айтқанда, яғни 2023 жылы бұл саладағы жетістіктің нақты көлем индексі 102 пайызды құраған екен. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 101,9 пайыз, мал шаруашылығы 102 пайыз, ауыл шаруашылығы саласындағы қызметтер  100 пайыз көрсеткішке ие. Аудандар кесіндісінде ең жоғарғы нақты көлем индексі Сарыағаш (110,2%), Сауран (106,1%) аудандарында құрады. Сонымен қатар, 2023 жылдың деңгейінен төмен нақты көлем индекстері Келес және Түлкібас (99,7%), Арыс қаласы (97,7%), Отырар (96,3%) және Шардара (96%) аудандары қалыптасты.Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің шығарылымының жалпы көлеміндегі едәуір үлесі Сайрам (12,1%), Сарыағаш (11,7%), Жетісай (10,2%) және Сауран (8,8%) аудандарына тиесілі. Осылайша бұл салада да айтарлықтай жетістіктер бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы жарияланған болатын. Жолдауда жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды екендігі түсіндірілді. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұрғандығы айқындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн деп айтқан болатын.

“Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Мұны білесіздер. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек. Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз”, деді Президент.

Сонымен қатар егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керектігі айтылды. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн. Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс араласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек делінді. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс.

“Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады.Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ, өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұрғанын айта келе жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажеттігін айтқан болатын.

Осы орайда, жаңа технологиямен шетелде шығарылған ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау жалғасуда.

19-22 мамыр аралығында Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин Қазығұрт ауданының бидай өндірушілерімен және Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының мақта өсірушілерімен кездесті.

Бүгінде Түркістан облысында 469,3 мың гектар жерге көкөністер мен егін егілді. Оның 100 мың гектардан астамы – Қазығұрт ауданында. Мұнда бидай, арпа, жүгері, бұршақ дақылдары, майлы дақылдар, көкөністер өсіріледі. 2 мың гектарға жуық бақша жайқалды. Жайылымға 133 мың га бөлінген. Агроқұрылымдардың басым көпшілігі – шаруа қожалықтары (3375). Оның 105-і серіктестіктер болса, 127-сі – кооперативтер. Мал шаруашылығы, әсіресе қой шаруашылығы өте дамыған, 400 мыңға жуық бас бар.

“Қазығұрт-Агро” ЖШС-нің директоры Ержан Көбеев вице-премьермен кездесуде субсидиялауға жататын тыңайтқыштарды енгізу нормасын және фермерлер үшін арзандатылған дизель отынын тұтыну нормативін ұлғайту мәселесін көтерді. “Егер біз мөлшерін көбейтсек, біз жерді екі рет өңдеп, топырақты жақсарта аламыз”, дейді ол.

Серік Жұманғарин өндіруші зауыттарда қажетті қорды қалыптастыру үшін фермерлер тыңайтқыштарға уақтылы өтініш беру қажет деп жауап берді.

– Биыл республика бойынша тыңайтқыштарға 35 млрд теңге бөлінді, біз шамамен 1,5 млн тонна енгізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылға арналған жоспарда көлемді 2,5 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Тыңайтқыш алуға мүмкіндігіңіз бар, өтінім беру керек, – деді ол.

Шаруа Спандияр Байғұлов шетелдік ауыл шаруашылығы техникасына субсидия берудегі мәселелер бойынша сұрақ қойды.

– Мен «John Deere» комбайнын 140 млн теңгеге несиеге алғым келді. Бірақ маған бұрынғыдай 6% – ға емес, тек 15% – ға ғана субсидия берілетінін айтты. Бұл қалай? – деді ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов енді Қазақстанда аналогтары өндірілетін шетелдік техниканы сатып алуға субсидиялар берілмейтінін айтты. Отандық техниканы сатып алуға берілетін субсидиялар 30%-ды құрайды. Шетелде шығарылған ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялау жалғасады.

Мақтаарал ауданында Серік Жұманғарин мақта егу бойынша көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда “Хамро Ата” өндірістік кооперативі Қытай инвесторымен бірлесіп, “Peng Seng” тамшылатып суару технологиясы бойынша 310 гектарға мақта отырғызды. Жобаның ерекшелігі – қарапайым әдіспен егілген мақта алқаптарымен салыстырғанда ағынды сулардың көлемін 50% үнемдеуге болады. Бұл өнімділікті гектарына 60-70 центнерге арттырады. Мұнда вице-премьерге мақта өсіру және қайта өңдеу бойынша жобалар ұсынылды, оларды іске асыру биыл басталды. Бұлар –құны 10 млрд теңге болатын “Cotton мақта”, “Tulpar Textile” (15 млрд теңге, жіптер өндірісі), “TST Jetisay Textile” (жіптер өндірісі, мақта өңдеу, маталар мен тоқыма өндірісі) кластерлері. Сонымен бірге өзбек серіктестерімен бірлескен, құны 50 млн доллар болатын “Global Textile Turkestan” экспортқа бағдарланған кластері де жүзеге асады.

Вице-премьермен кездесуде мақта өсірушілер аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, көктемгі дала жұмыстарына (VLOOKUP) жеңілдетілген дизель отынын беру нормативтерін қайта есептеу мүмкіндігі туралы мәселені көтерді. Фермерлер субсидия төлемдерін кешіктіру деректерін айтып, шағымданды.

– Біз биыл арзандатылған бағамен 376 мың тонна дизель отынын бөлдік. Алдымен 340 мың тонна, ал қажеттіліктер нақтыланғаннан кейін тағы 36 мың тоннаға ұлғайттық. Қазір көктемгі егіс жұмыстарына фермерлер үшін жылдық 5% өсіммен 580 млрд теңге бөлеміз. Өтінім беріп, жеңілдіктерді пайдалануға болады, – деді Серік Жұманғарин мақта өсірушілерге.

Сондай-ақ сапар аясында вице-премьер жүгеріні қайта өңдеу зауытының, “ЭКО-культура” жылыжай кешенінің, банан өсіретін жылыжайдың құрылыс барысымен, “Бөрте-милка” сүт-тауар фермасының дамуымен танысты.