Өз алаңында Қазақстан Республикасы бірінші лигасында ойын көрсететін
«Мақтаарал» футбол клубының қосалқы командасын қабылдаған «Арыс» футбол
клубының қосалқы командасы 3:3 есебімен тең аяқталды.
Жарылыстан кейінгі күрделі жөндеуден өткен «Арыс» орталық стадионында өткен
жолдастық кездесудің бірінші бөлімінің 17-ші минутында «Мақтаарал» командасының
шабуылшысы, премьер-лига ойындарының алғашқы голының авторы, 14 нөмірлі ойыншы
Абылайхан Махамбетов есепті ашса, ойынның 20-шы
минутында «Арыс» командасының ардагер ойыншысы Қайрат Рысбаев таразы басын
теңестірді.
Кездесудің алғашқы минуттарынан қауіпті шабуылдар
ұйымдастырған арыстықтардың әрекеті нәтижесіз болмады. Ойынның 23-ші минутында
алаң иелері қонақтардың қақпасына екінші голды салып, есепті еселеді. Екінші
голдың авторы 17-ші нөмірлі ойыншы Максим Козоренко болды. Осылайша ойынның
бірінші бөлімі алаң иелерінің пайдасына шешіліп, 2:1 есебімен аяқталды.
Ойынның екінші бөлігінің тоғызыншы минутында
толассыз шабуылдар ұйымдастырған «Мақтаарал» футбол клубының сұрмергені
Абылайхан Махамбетов екінші голды қақпаға жолдаса, арыстық Әбілхайыр Абылай
екінші бөлімнің үшінші минутында есепті 3:2-ге жеткізді.
Өзара тартысты өткен жолдастық кездесудің соңғы
сәттерінде, яғни, ойынның аяқталуына төрт минут қалғанда Абылайхан Махамбетов
алаң иелерінің қақпасына үшінші голды жолдап 3:3 есебімен ойын тең аяқталды.
Айта кетейік, бұған дейін де екі рет жолдастық
кездесу өткізген «Арыс» пен «Мақтаарал» командалары алғашқы кездесулерін тең
аяқтаса, екінші кездесу мақтааралдықтардың пайдасына шешілген.