Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: ІРГЕЛІ ІСТЕР АТҚАРАТЫН ОРТАЛЫҚ

ТҮРКІСТАН: ІРГЕЛІ ІСТЕР АТҚАРАТЫН ОРТАЛЫҚ

Түркістанды Ясауисіз елестету мүмкін емес. Әйгілі ғұлама тұтас түркі дүниесінде ислам дінінің орнығуына зор үлес қосты. Ясауиден бастау алатын қазақ жеріндегі рухани сабақтастық қазірге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Биыл Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толып отыр. Осы орайда ғұламаның еңбектерін жан-жақты зерттеп, дәріптеу маңызды», -деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Иә, Түркістанның аты аталғанда бірден Қожа Ахмет Ясауи кесенесі еске түседі. Қаланың тарихы да Әзірет Сұлтан кесенесімен тығыз байланысты. Түркі жұртының жастарын бір шаңырақ астына біріктіріп, білім беріп отырған университеттің  атауы да Ясауидің атымен аталуы тегін болмаса керек. Сондықтан ғұлама тұлға Қожа Ахмет Ясауиді таныту, зерттеу жұмыстарын білу мақсатта Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  «Ясауитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Мансұровпен сұхбаттасқан едік.

— Орталықтың тарихына тоқтай кетсеңіз? Қай жылы ашылды, кімнің бастамасымен? Қандай ғалымдар жұмыс істеді?

— Орталықтың өз тарихы бар. Әрине, аз да болса айтуға тұрарлық өзіндік тарихы бар. Елбасы, Н.Ә. Назарбаев Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінде «Ясауи тек қазақ халқының ғана емес, барша түркі әлемінің ұстазы» екендігін атап өткен болатын. Сөз жоқ, Түркістан атауы Ясауимен тікелей байланысты. Сондықтан алғаш 2016 жылы тамыз айындағы Сенат мәжілісінде Ясауи атындағы орталық ашу мәселесе талқыланып, оның қажеттілігі кеңірек сөз етілген. Сол Сенатта қабылданған шешім сол жылдың қараша айында Өкілетті Кеңестің кезекті отырысында қаралып, бірауыздан қолдау тапқан. Нәтижесінде өзіндік құрылымы, мақсаттары мен міндеттері белгіленген орталық дүниеге келді. Әрине, Ясауи туралы зерттеулер оның орталық ретінде қалыптасуының бастауы сонау университет тарихымен қатарлас. Ал біздің негізге алғанымыз орталықтың жеке дара құрылым ретінде ашылғандығын айтып отырмыз. Содан бері біршама танымал ғалымдар қызмет атқарып, тұлғаны танытуға елеулі үлес қосқандар, Ясауидің зерттеулері еңбек ретінде жарық көріп келеді.

Орталықтың мақсаты мен міндеттері қандай?   

—  Орталықтың міндеті – іргелі ғылыми-зерттеулер жүргізу арқылы Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасы мен түркілік мұсылмандықтың сабақтастығын ашып көрсету және ондағы маңызды мәселелерді қазіргі заманға сәйкес жаңа қырынан зерделеп, оның мәдениетті, руханиятты дамытуға қосқан үлесін айқындау. Мұнда мынаны ерекше атау керек: бірінші, танымал тұлғаның шығармаларына зерттеулер жүргізіп, бүгінгі оқырманға ұсыну; екінші, көне түркі тілінде араб әріптерімен жазылған нұсқаларына текстологиялық сараптама жасап, тілдік тұрғыда талдау жұмыстарын жүргізу; үшінші, оқырманға Ясауи болмысын таныту, яғни оның еңбектерін, тұлғалық қасиетін, рухани танымын, діни ұстанымдарын, мәдени һәм әдеби, тілдік тұрғыда қосқан үлесін, т.б. ашып көрсету.

Ал осы мақсат-міндеттердің орындалуына келсек, онда мынаны айтуға болады: — Орталық қызметкерлерінің атсалысуымен тұлғаның еңбектері жарыққа шығаруды қолға алу керек. Солардың қатарында 2006 жылы «Бустан ул-Мухиббин» еңбегі жарыққа шыққан. Алайда оның жарнамасы жасалынбаған, яғни көпшілік оқырманға әлі толық таныс емес. Оған қоса еңбектің қазақша мәтіні ұсынылмаған. Өзінің шәкірті болған Сүлеймен Бақырғани жайлы жиі айтамыз, бірақ оның жазбаларындағы сабақтастық, ұстазға деген шәкірттің насихаты, тіпті шығармаларындағы Ясауи тілге тиек еткен дүниелердің дерлік барлығы нақты ұсынылмағандығын көреміз. Олай болса ұстаздық еткен тұлғаның шәкірттері мен олардың еңбектерінде кеңінен оқырманға ұсыну кезек күттірмейтін мәселе болмақ.  

— Қожа Ахмет Ясауи бабамызды ислам діні таратушы сопы ретінде танимыз. Қазіргі таңда оны зерттеу қай бағыттарда жүріп жатыр?

-Расында, Қожа Ахмет Ясауиды әлі күнге тұлға ретінде толық тани алмай келетін сияқтымыз. Оның басты себептері тек қана дін тартушы, сопылық жағы ғана айтылып келеді. Ясауиді басқа қырларынан таныту үшін біз алдымызға нақта жоспар қойып, бағыттарымызды айқындап алуымыз керек. Өйткені көп ретте Ясауи дегенде біз кесене, сол қылует, мешіт, монша, т.т. шектелетін сияқты көрінеді. Алайда оның сыртында қаншама дүниелер жатыр. Міне осы негізде Орталықтың басты ғылыми бағыты «Ғаламдық өркениет дамуындағы Ясауи танымы, тарихы, тағылымы» дегенді негізге алуды мақсат етіп келеді. Онда мынадай басымдықтарға ерекше назар аударуды басшылыққа алады: 

Бірінші, Қожа Ахмет Ясауи қолжазбаларын зерттеп-зерделеу. Бүгінге дейін Ясауи қолжазбаларының барлығы толығымен зерттеліп-зерделеніп бітпеген. Олардың басым көпшілігі транскрипциямен берілген, бірақ мәтіндердің (хикметтердің) мазмұны әлі де толық қазақша талдауларды қажет етеді. Сол себепті орталық ғылыми қызметкерлері осы бағытта кешенді жұмыс жасауды жоспарлауды қолға алып отыр. Мұнда негізгі мәселе жазба нұсқалардың көшірмелері жинақталса деген ойларымыз да жоқ емес. Өйткені Қожа Ахмет Ясауи еңбектері қолжазбаларының басым көпшілігі сыртта. Ал өзімізде бар дейтіндер де бар шығар. Біздіңше, олар жеке адамдардың қолында. Бұл қолжазабаларды зерттеп-зерделеуге толық мүмкіндік бермейді.    

Екінші, Қожа Ахмет Ясауи ізбасарларының еңбектерін таныту. Бүгінде бізге жеткен мәліметтерге қарағанда Қожа Ахмет Ясауидің көп ізбасары болған делінеді. Алайда олардың дерлік барлығы толығымен аталып, еңбектері жария етілмеген. Тіпті ол ізбасарлардың Ясауи жайлы жазған еңбектері де көпшілікке таныла қоймаған. Басым көпшілігі ғылыми айналымға да ендірілмегендігін кездестіреміз. Солардың бірі Сүлеймен Бақырғанидің «Ақырзаман» атты еңбегі. Ысқақ баб ұрығы, Шайқы Ибраһим құлыны, Машайықтар ұлығы – шайқым Қожа Ахмет Ясауи деп жырлаған ақын Ясауидің шәкірті болғандығын растайды. Міне бұл еңбек те тәржімаланып, қазақша мағынасымен оқырманға ұсынылмаған. Бәлкім ғылыми ортада тіл мен әдебиет мамандары тарапынан танысқандар болған да шығар. Десе де, қарабайыр халыққа мұндай еңбектер толығымен әлі жетпегендігін айту керек. Одан өзге осы жолды ұстанған талай ізбасарлардың сыры әлі толығымен ашылмаған.  

Үшінші, Түркі ислам өркениеті тарихындағы Қожа Ахмет Ясауидің орнын ашып көрсету. Рас, Қожа Ахмет Ясауи түркі әлеміне танымал тұлға. Алайда оның қаузаған мәселелері жалпы әлемдік деңгейде қаралуы тиіс. Сол себепті оның рухани танымдық тұлғасын ғаламдық өркениет даму заманында бүкіл әлемге таныту қажет. Олай болса оның еңбектері өзге тілдерге тәржімаланса кең таралады. Сөз жоқ, түрік, өзбек, орыс тілдерінде жарық көргендері бар. Шығыс тілдеріне, еуропа тілдеріне аударылып, бірнеше тиражбен жарыққа шықса, онда оның танымалдығы да біршама артар еді дегеміз келеді. Бұл қала берді, бүгінгі заман талабы.  

Төртінші, Қожа Ахмет Ясауи танымының тарихы мен діни-рухани тағылымын ұғындыру. Қожа Ахмет Ясауи танымы жайлы деректерді насихаттау. Тек қана «Диуани хикмет» еңбегімен шектелмей, өзге зерттеулерін соның негізінде құнды еңбек саналатын «Пақырнама», «Миратул қулуб», т.б. шығармаларын кеңірек таныту.

Сөз жоқ, ғылыми орта бар, қалыптасқан дейік. Алайда қарабайыр халық осылармен толық таныс па? Міне мұны да ескеру керек. Біз бүгінде жай жалпыхалыққа түсінікті тілде бұл аталған еңбектерді танытуымыз керек. Өйткені Ясауи танымы тұнып тұрған тарихи құбылыс. Кезінде сол арқылы мәдениет, әдебиет, тіл, қала берді дәстүр де қалыптасты. Ал діннің рухани тағылымы өз алдына бөлек қарауды қажет етеді. Осылардың негізінде түркі халқына ортақ тағылым ретінде саналатын Ясауидің діни-рухани тағылымы кешенді түрде қаралуы тиіс. Мұның нәтижесінде «Диуани хикмет еңбегінің мазмұндық сипаты» деген атпен көлемді еңбек жарыққа шығуы керек деп білеміз.