Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН:  АУЫЛ, ОРМАН, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

ТҮРКІСТАН:  АУЫЛ, ОРМАН, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ

Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуы қалай жүзеге асуда? Биыл Түркістан облыс атағын алғанына алты жыл толып отыр. Соған қарамастан жан-жақты даму үстінде. Дәйектерге сүйенсек,   2023 жылдың наурыз айындағы халық саны   2124,2 мың адамды құрайды.  2023 жылғы қаңтар, ақпан айларындағы  халық санының  табиғи өсімі абсолюттік көрсеткіші 7,2 мың адамды құрады (2022 жылғы қаңтар-ақпанға – 100,1%), осы кезеңде 8,9 мың (97,9%) – туу, 1,7 мың (89,4%) — өлім оқиғасы тіркелген.  Ал көші-қон миграцияға байланысты 2023 жылғы қаңтар-ақпанда 4663 адам облыс орталығына қоныстанған.

Азық-түлік тауарларының бағасы 3,8%, азық-түлік емес тауарлары – 2,8%, халыққа ақылы қызмет көрсету – 5,1% көтерілді. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындардың бағалары 2023 жылғы наурыздан салыстырғанда 2,8% көтерілгені анықталды. Көтерме сауда көлемі 15440,1 млн. теңгені немесе 2022 жылғы қаңтар-ақпан деңгейіне 111% құрады.
2023 жылғы  Түркістан облысының Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауда көлемі 11,4 млн. АҚШ долларын немесе 2022 жылғы қаңтар деңгейіне 98,5% құрады, оның ішінде экспорт, тиісінше – 6 млн. АҚШ долларын немесе 171,1%, импорт – 5,4 млн. АҚШ долларын немесе 66,6% құрады.

Сонымен қатар, өңір ауылшаруашылық өнімдерінің ең ірі жеткізушісі болып табылады. Облыстың үлкен артықшылығы — тез дамып келе жатқан және халқы тығыз орналасқан Ташкент елімен көршілес. Тиісті инфрақұрылымды дамыту кезінде  шекара маңы ынтымақтастықтың ірі орталығына айналуы мүмкіндігі жоғары.  Өнеркәсіпті дамытудың перспективалы бағыттары тау-кен өндіру өнеркәсібі, машина жасау, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру екені белгілі. Тау-кен өнеркәсібінің дамуы өнеркәсіптік айналымға перспективалы барит кендерін, мыс пен кенді емес пайдалы қазбаларды тартумен байланысты болады. экономикасының негізгі құраушы көзі  ауыл шаруашылығы (18,2%), өнеркәсіп (18,4%), жылжымайтын мүлікпен операциялар (10,1%), құрылыс (9,2%), көлік және қоймалау (9,0%) болып табылады.

Сондай-ақ, Түркістан  2023 жылы ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің көрсетілетін қызметтерінің жалпы шығарылымы 74956,5 млн. теңгені құрап, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 0,8% артты. 2023 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 135611,2 млн. теңгені құрады. Сонымен қатар, ЖӨӨ құрылымында тауар өндіру үлесі 39,4 % өсті.  Облыс экономикасын дамыту үшін өнеркәсіпті дамытуға жағдай жасалуы тиіс. Облыста 9 индустриалды аймаққа талдау жүргізіліп, олардың нашарлағаны немесе мүлдем жұмыс істемейтіні анықталды. Осыған дейін, тоғыз жұмыс істемейтін аймақтың орнына машина құрастыру, азық-түлік өндірісі мен жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы секілді бағытта белсенді серпін беретін 3 индустриалды аймаққа күш салу керектігі айтылған болатын. Олар: Кентау, Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданы еді.

Бүгінгі таңда Түркістан  бойынша  кәсіпорынның 2023 жылғы  статистистикасы: 17000 шаруашылық жүргізуші субъект (заңды тұлға) тіркелді, олардың 15391 жұмыс істеп тұр. Тіркелген заңды тұлғалар ішінде шағын заңды тұлғалар саны (100 адамға дейін) – 16370, орта заңды тұлғалар (101 ден 250 адамға дейін) – 525, ірі заңды тұлғалар (250 адамнан жоғары) – 105, оның ішінде жұмыс істейтіндер — тиісінше – 14761, 525 және 105 бірлік.  Айта кететіні қызметкерлерге берілетін айлық көрсеткіші орта есеппен 240720 теңгені құрап отыр. Осы тоқсанда нақты жалақы индексі 97,2% құрады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Түркістан облысы жылыжай шаруашылықтарын  дамытуда алдыңғы қатарда келеді. Жалпы республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы облыстың үлесінде және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырды. Биыл қаңтар айында ауа райының күрт суып кетуінің салдарынан жылыжай шаруашылықтарында айтарлықтай мәселе туындады.  Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан, қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591 гектар жылыжайға қыс маусымына 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттілігі анықталып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-ы арқылы 186,7 мың тонна көмір отыны облысқа жеткізілді.

Сонымен қатар жалпы жылыжайлардың 94 пайызы фермерлік қолдан жасалған жеңіл конструкциялы жылыжайлар болғандықтан, біршама өнімдерді үсік шалды. Оның ішінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай жарамсыз күйге түсті. Осылайша жеке кәсіпкерлер қаржылық шығынға ұшырады. Әкімдік тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акті ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешектерінің өтеу мерзімдерін 1 жылдық мерзімге кейінге шегеру жөнінде ұсыныстар жолданады. Сондай-ақ зардап шеккен жылыжайларға қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар атқарылаған болатын. Осыған байланысты  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін қойды. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған орай, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға экспорттауға форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өтті. Осы келісім арқылы көкөністер тиімді бағада саудаланбақ.

Басқосуда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік депарментінің мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды. Облыста көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес, облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Яғни Түркістан диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл Түркістан өңірінде ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат алу көзделуде. Көшпелі мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы тұрғыда облыс әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.  Айта кетсек, Түркістан облысында кәсіпкерлік саланың қанат жаюы үшін барлық жағдайлар жасалуда.  Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан игі бастамаларды қолданып, бизнес саласына келген азаматтардың саны да арта түсуде.