Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: АРАЛАС МЕКТЕПТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚУҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫС ЗОР 

ТҮРКІСТАН: АРАЛАС МЕКТЕПТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ОҚУҒА ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫС ЗОР 

Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл жобаның аяқталуына да бір жылдың жүзі қалды. Осы мемлекеттік бағдарламаның «Қазақ тілінде ана тілі ретінде сөйлейтіндердің үлесі» деген бөлімінде 2009 жылғы жүргізілген халық санағы бойынша қазақ тілін ана тілім деп танитындардың үлесі, халықтың жалпы санына шаққанда, 62,4 пайызды көрсетсе, 2018 жылғы статистикалық деректер қазақ тілін ана тілі ретінде көрсеткен қазақтардың үлесі 95 % екенін анықтады деп жазылған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымының докторы Орынай Жұбай Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында қызмет істеген жылдары орыстілді мектептерге арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтарын қадағалаған. Профессордан орыс мектептеріндегі қазақ тілін үйрететін оқулықтардың жай-жапсарын сұрадық. 

«Ахмет Байтұрсынұлының «Баулу мектебі» деген мақаласы бар. Сонда бүй дейді: «Оқулық, мектеп балаларға тірі білімді үйретуі керек. Мысық баласына тышқан аулауды үйрететіні сияқты, бізде баулу мектебі болуы керек. Бала ондай білімді еш уақытта ұмытпайды. География пәні оқулығының негізгі нысаны – география, астрономия пәнінің негізгі нысаны – астрономия, физика пәнінің негізгі нысаны – физика болатын болса, қазіргі кездегі қазақ тілі пәні оқулықтарының негізгі нысаны түсініксіз. Бұл бағдарламаға, стандартқа, оқулыққа да қатысты. Өзге тілді оқушыларға арналған қазақ тілі оқулығы және қазақ мектебіне арналған қазақ оқулығының ұстанымы, жазылуы, әдіс-тәсілі өзге болуы керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл құралы» оқулығында дыбыс жүйесінің, сөз жүйесінің, сөйлем жүйесінің түрлері деп арнайы тарауларға бөлген, сөз таптарын кішкентай балаларға түсінікті тілде жеткізген. «Тіл құралының» өзінде коммуникативті, функционалды лингвистика сынды қазіргі кездегі жаңа парадигмаларды, жаңа бағыттарды керемет көрсетеді, балаға өте оңай, түсінуге жеңіл тәсілмен түсіндіреді. Бүгінгі қазақ тілі оқулықтарында астрономия, физика, сән, талғам, киім, хобби тақырыбының бәрі берілген. Баланың жас ерекшелігі ескерілуі керек. Бір оқулықтың мазмұнын екінші бір оқулық қайталайды. А.Байтұрсынұлының, Қ.Кемеңгерұлының, Т.Шонанұлының қазақ тілін үйретудегі еңбектеріне зер салайық. XX ғасырдың басындағы оқулықтарға қарасақ, Қ.Кемеңгерұлының оқу құралында (екі бөлімнен тұрады) бірінші айналаны таныстырудан бастайды. Қалам, бор, тақта, пеш, терезе, есік деп келеді де, оқулықтың соңына қарай газет материалдарынан публицистикалық стильдегі саяси мәтіндерді береді. Қазақ тілін білмеген бала мұндай оқулықпен білім алғаннан кейін қазақ тілінің функционалдық стилін жетік меңгеріп шығады. Сауатты сөйлейтін, грамматикасын түсінетін, ойын ашық жеткізе білетін бала болады. Мәселен, Телжан Шонанұлының «Самоучитель казахского языка для русских» атты еңбегі бар. Бұл еңбектерде қазақ тілін үйрету үшін бірінші лексикалық тақырыптар беріледі. Сол тақырыптың аясында өзіндік, топтық жұмыстар орындалады. Бүгінгі жастар сингармонизм заңдылығын мүлде ұмытты: «келеді ме», «болады ма» деп сөйлейді. Қ.Кемеңгерұлы мен Т.Шонанұлының еңбектерінде дәл осы тақырып егжей-тег­жей талқыланған. Осы тұлғалардың кітабында бүгінгі қазақ тіліндегі орфоэпиялық, орфографиялық заңдар, бүкіл функционалдық заңдылықтар сақталған. Әріптесімнің көбі мектепте сабақ береді. Олар қазақ тілінің ережелерін ұмытып бара жатқанын, өздерінің беріп жатқан сабағына өздерінің көңілі толмайтынын айтады. «Іштей жүрегіміз ауырып тұрады, бірақ оқулықты басшылыққа алып, бағдарламадан қалмауды ойлаймыз» дейді. А.Байтұрсынұлы: «Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекі оқу» – бәрінің асылы – оқу. Оқу біткеннің бәрінен алатын білім – өлі білім. Үйткені оның бәрі де нәрсенің өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек нәрсенің атымен, бернесімен ғана айналыстырып үйретеді. Бәрі де істің әдісін үйретпей, тек мәнісін үйретеді. Сондықтан оқу мектептерінен шыққандарда мәнісін білім мол болғанымен, әдіс білім аз болады. Әдіссіз тек мәніс білімі – өлі білім», – деген», – дейді профессор. 
Орынай Жұбай оқулықты сол жастағы баланың ойлау деңгейіне сай қызықты да қызғылықты, танымды етіп шығарудың маңызын айтады. Қазақ тілінің оқулығы ғана емес, қазақ тіліндегі барлық пән баланың ойын дұрыс жеткізу үшін қызмет етуі керек екенін айтады ол. 
«Бала мектепке дейін қазақ тілінде өз ойын еркін айта алады, ал мектепке келгенде сауатты сөйлеу нормаларын үйренуі керек. Тіл білімі институтында жұмыс істеп жүргенімде сараптау үшін оқулықтар жіберетін. Орыс мектептеріне арналған қазақ тілі оқулықтарында баланың жас ерекшелігінің, тілді білу деңгейінің ескерілмейтінін байқадым. Біздің тілдің лексикалық минимумын ағылшын тілінің лексикалық минимумына сәйкестендірудің қажеті жоқ», – дейді. 

Нағыз патриотмемлекеттік тілді білуге ұмтылады 

«Lingva Ten» тіл үйрету орталығының негізін қалаушы, тіл жанашыры Владислав Теннен өзі негізін қалаған тіл орталығы туралы, қазақ тілін үйренуге келген адамдардың қанша уақыт аралығында қазақ тілін меңгеріп шығатынын сұрадық. 

«Біз тек онлайн жұмыс істейміз. Қазір кітап жазумен айналысып жатқандықтан, өзім сабақ бермеймін. Топтағы мұғалімдер сабақты өткізе береді. Қазақ тіліндегі сабақ күнде өтеді, уақыты – 40 минут, кейде 1 сағат. Жеке сабақта уақыт шектелмейді, ал топтық сабақта уақыт шектеулі. Қазақ тілін үйреніп шығу адамның тілді білу деңгейіне байланысты. 30 күннен кейін нәтиже байқала бастайды. Соңғы уақытта қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері айтарлықтай көбейгені жетістік. Бұл – нағыз патриоттардың қазақ жеріне, мемлекеттік тілге деген құрметі. Олар тек қазақ тілін ғана емес, халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да құрметтейді», – дейді ол. 
Айта өтейік, Владислав Тен 2017 жылдан бері 3 жыл бойы қазақ тілін өз қаражатына тегін үйреткен. 

«2017 жылы тіл үйрету орталығын аштым. Қазақ тілінен талқылау, өзара әңгімелесу клубтарын ұйымдастырдық. Қонақтарды шақыруға, сабақтарды өткізуге, жалға алған орынның қаражатын өтеуге біраз шығындалдым. Менің тіл орталығымның атауы – «Lingva Ten». Қазір барлық қазақстандық қазақ тілін үйренгісі келеді. Біз қазақ тілін ана тілі ретінде емес, шет тілі ретінде үйретеміз. Өзбекстаннан келген кореймін. 2017 жылы қазақ тілін өз бетімше, мұғалімсіз, қазақтілді ортасыз бастан-аяқ үйреніп алдым. Себебі менде авторлық әдістеме бар. 30-дай тілдің грамматикасын үйреніп алғанмын. Күнбе күн орысша контент көрген, тыңдаған адам қазақша үйренбек түгіл, ол тілді ұмыта бастайды. Күніне 15 минут қазақша контент тұтыну қажет. Неліктен мен шетелдік болсам да, қазақша түсінемін? Себебі мен қазақ тіліндегі ақпаратты тыңдаймын да, оқимын да. Тіл білуімнің құпиясы – осы», – дейді В.Тен. 

Мектептердегі, ЖОО-дағы қазақ тілінің жай-жапсарын анықтау мақсатында педагогика ғылымының кандидаты Береке Дәулетханқызына сауал жолдадық. 
«Жасыратыны жоқ, қазақтілді мектептерде, бағдарламада көп материал түсіп қалған. Оқу мазмұны тар. Бала 1 жылда тек 12 ғана өлеңі, қысқа әңгімесі бар шығарма оқиды екен. Әсіресе соңғы онжылдықтағы үрдіс, жаңартылған мазмұн енгізгелі бері жағдай тіпті көңіл көншітпейді. Оқулықтарда әлеуметтік желідегі сөздің орынсыз, ретсіз қолданысы бар. Қарапайым мәтінді, тіпті күрделі көне сөз емес, әдеби нормадағы қалыпты сөзді түсінбейтіндер бар. Менің өз ойым, мектеп жасындағы балаларға арнайы оқу мазмұнын бекіту қажет. Әдебиет сауық-сайранның, еріккеннің ермегі емес. Көркем әдебиетті оқымаған баланың дүниетанымы, көзқарасы, сөйлеу тілі, лексиконы тарылады. 2015 жылға дейінгі бағдарламада әдебиет пәнін түпнұсқада, мәтінді түсіну деңгейінде оқытатын. Қазір, өкінішке қарай, өз тіліндегі сөзді дұрыс түсінбейтін балаларды тәрбиелеп отыр­мыз», – дейді Береке Дәулетханқызы. 

Қазақ тілі пәнінің лайықты оқытылмай жүргеніне әр қазақтың жаны ауруы керек. Пәннен нәтиже шығару әр мұғалімнің, мектеп директорының, қала берді, Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей міндеті емес пе? Жыл сайын қайталана беретін «Оқулық дұрыс емес, бағдарлама оқулыққа сай келмейді» сынды мәселелер бар. Бұл біздегі ұйымдас­тырушылық-басқарушылықтың әлсіз көрінісін тек нақтылайтындай әсер қалдырады. «Оқулығы болса – бағдарламасы жоқ, бағдарламасы болса – оқулығы жоқ, бұл неткен пән» деп таңғалмасқа шара қалмайды. Себебі оқулық пен бағдарлама әу бастан қатар жүреді емес пе?.. 

Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ, «Ana tili»