Домой Әлеумет САУРАНДЫҚТАР ЕЛБАСЫНА АЛҒЫС АЙТТЫ

САУРАНДЫҚТАР ЕЛБАСЫНА АЛҒЫС АЙТТЫ

Сауран ауданының тұрғыны атанған 100 мыңнан астам халықтың атынан сөз сөйлеген саурандықтар тарихи сәттен тыс қалмай, Елбасына алғыстарын жеткізді. Тарихи жаңалықты шын ықыласпен қабылдаған халық Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тарихы бастау алған игі іске байланысты Ұлт көшбасшысының қосқан елеулі еңбегіне ризашылығын білдірді. Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында жаңа ауданның құрылуына орай салтанатты шара өтті.

Саурандықтар Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атануына ықпал еткен және қасиетті қаланы Арнайы Жарлығымен облыс орталығы етіп бекіткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, Тұңғыш Президентіміздің ісін жалғастырып, Түркістанның дамуына күш салып жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылықтарын білдірді.

«Біз бұл күнді бірнеше жылдан бері күткенбіз. Халқымыздың тілегін орындаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа, Мемлекет басшысына халықтың, елдің атынан алғысымыз шексіз. Осы күнді асыға күткен барша халықты қуантқан тарихи шешім үшін тұрғындар дән риза. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихы Түркістан ұғымымен біте қайнасып жатқан Ортағасырлық Сауран қаласының атауын жаңа ауданға беру – Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы елді қуантқан ерекше оқиға болды.»,- деді Еңбек ардагері Салыбек Әлжанов.

2018 жылы 19 маусымда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша Елбасы қабылдаған стратегиялық шешім күллі түркі жұртының рухани астанасы болған Түркістанның қайта түлеуіне үлкен серпін берді. Бұл қаламен мың жарым жылдық тарих сабақтасып жатыр. Осылайша кезінде ірі сауда орталығы негізінде құрылып, Ақ орданың астанасы болған Сауран атауы өзінің тарихи мәртебесін қайта алды.

«Көне шаһарды облыс орталығы етудегі Нұрсұлтан Әбішұлының бастап берген жолының жалғасы ретінде Түркістанмен іргелес жатқан Кентау қаласын серіктес қала ретінде дамыту жоспары бекілді.
Осы ретте қала шекарасының кеңеюі, тұрғындар санының екі есеге артуы тез арада жаңа аудан құруға себеп болды. Осы тарихи шешімнің ұйытқысы болған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, Мемлекет басшысына халқымыздың атынан алғысымызды білдіреміз»,- деді Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында Сауран ауданын құру туралы Жарлыққа қол қойды.
Аудан орталығы Шорнақ ауылы болатын жаңа ауданның әкімшілік-аумақтық құрамына Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтері кіретін болды.

«Түркістан қаласының іргесінен жаңа аудан құруға ұйытқы болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан республикасының Президенті Қасым — Жомарт Тоқаевқа барша Сауран ауданының жастары атынан шексіз алғыс айтамыз. Елге, жерге қызмет етуге шақырамын»,- деді Сауран жалпы орта мектебінің мұғалімі Ердәулет Бұхарбаев.

Қолданыстағы заңдарға сәйкес, әкімшілік құрылымын жасақтау үшін алдымен аудандық мәслихат құрылады. Тиісінше, мәслихат келісімімен, аудан әкімі тағайындалып, ауданды басқару жүйесі және бюджеті бекітіледі. Құқық қорғау органдары мен министрліктердің аудандық бөлімшелері өз қызметін бастайды.