Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

ТҮРКІСТАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТИІМДІЛІГІН КӨРСЕТУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Жаңа жоба біздің өңіріміз үшін өте маңызды. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындарының назарына «Ауыл аманаты» жобасы жайлы аз-кем мағлұмат беріп өтуді жөн санап, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын ұсынып отырмыз.

«Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып не дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында Түркістан облысында 3 220 жоба қаржыландырылады. 3500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. АЕК алатындар саны азайып, тұрғындардың күнкөріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.

«Ауыл аманаты» – ауылдарды сақтап, ондағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін ауқымды жоба. Тіпті, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қолға алынып отырған іргелі жобалардың бірі – «Тауарлы несие» бағдарламасына да ауыл тұрғындарының сұранысы жоғары екен. Бұрын-соңды іске асырылмаған бұл тауарлық несиенің мақсаты – мал басын өсіру және ұлғайту болып саналады. Осы арқылы ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік ынта-жігері, табыс табуға деген қызығушылығы арта түспек. Атап өтсек, Ескі Иқан ауылдық округінен «AgroFoodTrade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақта майын өндіру цехын бастауды жоспарлап отыр. Жоба құны — 500 млн теңге құрайды. Ол жүзеге асырылған кезде 10 адам жұмыспен қамтылатын болады. Оранғай ауылынан «Балмұздақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйымдылығы 150 тонналық кондитерлік, тамақ және жартылай фабрикат өнімдерін сақтайтын қойма жобасын жүзеге асырмақ. Жоба құны — 2,3 млрд теңге құрайды. Жоба жүзеге асқан кезде 20 адам жұмыспен қамтылады. Шаға ауылынан «ЯССЫ Агро KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ЖШС 588 гектар жерге жаңбырлатып суару арқылы картоп, сәбіз егу жобасын бастайды. Жоба құны — 578 млн теңге тұрады. 20 адам жұмыспен қамтылады. Жаңа Иқан ауылынан 2024-2027 жылдары іске асатын «Казтекс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мақта кластері жобасын бастауды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны — 1,5 млрд теңге болса, отыз адам жұмыспен қамтылады.

Инвестордың негізгі мақсаты 4 кезеңнен тұрады. Алдымен мақтаны қайта өңдеу зауытын салу, 2025 жылы — мақта майы және кір сабын, қалған қалдығынан мал азығын шығару жобасы, 2026 жылы — мақта талшығынан жіп өндіру, 2027 жылы — мата шығару жобасы.

Айта кету керек, Үкіметтің 2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. Жоба ауыл тұрмысын жақсартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді. Жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып, қосалқы шаруашылықпен айналысатын болады. Есік алдындағы жерлерін игеріп, ауладағы мал шаруашылығын дамытып және өзге де кәсіп түрлерімен айналысу тұрғындардың негізгі мақсатына айналмақ. Аталған жобаның шартына қысқаша тоқталсақ: несие ірі қара малдың аналығына бес бастан, қой аналығына он бастан және биелерге бес бастан бастап беріледі. Азаматтар несие түріне қол жеткізу үшін: біріншіден, тауарлы несие алғысы келген азамат жергілікті атқарушы органға қандай малдың түрі, қанша бас керектігін айтып, өтінім береді; екінші қадам –  жергілікті атқарушы орган қарыз алушыдан тиісті құжаттарды алғаннан кейін тауарлық несие беруші операторды анықтайды; үшіншіден, тауарлы несиені мақұлданғаннан кейін қарыз алушы мен қарыз беруші арасында тауарлық несие беру туралы екіжақты шарт жасалады.

Бұл тұрғыда алынған малдың 7 жылдан аспайтын мерзімге берілетінін атап өту қажет. Төлдердің белгілі бір мөлшері қарыз берушіге қайтарылады. Берілетін төл 50 пайыздан аспайтындай болуы шарт. Тағы бір тиімділігі –  несие берілген соң 1 жылға дейін каникул алуға болады.

Тиісінше, барлық процесс мемлекеттік жауапты мекемелердің қатысуымен жүргізіледі. Мысалы, аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган және қарыз беруші тауарлық несиенің нысаналы пайдаланылуын бақылау және оны қайтаруға кепілдік беру үшін жыл сайын комиссия құрамымен жылына кемінде 2 рет қарыз алушыға барады. Тауарлы несиенің нысаналы (нысаналы емес) пайдаланылуын растайды. Егер тауарлық несие мақсатсыз пайдаланылса, қарыз алушы алған малын қарыз берушіге толық қайтаруы тиіс. Тауарлы несиені қайтаруды бақылау міндеті аудандардың, ауылдық округтердің әкімдеріне, ауыл шаруашылығы саласындағы уәкілетті органдарына жүктеледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті. «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған.

Осы ретте «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзеге асырылатын жобаларға бөлінетінін айту қажет. Бұл тұрғыда өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделген. Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ, кепілмен қамтамасыз етудің, салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Бұдан бөлек, несие алушы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс. Одан бөлек, несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі. Тағы бір айта кетерлігі – «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.