Маусым айының үшінші жексенбісінді Түркістан облысы Арыс қаласында – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мерекені адам тәнінің қиналысы мен қасіретін жүрегімен сезіне білетін денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерінің, медбикелер мен дәрігерлердің ерен еңбегінің дүйім жұртшылықпен бағаланатын күн.
Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігерлерді халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.


Осы орайда, бүгін қала әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қала әкімі М.Қадырбектің қатысуымен медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік шара барысында шаһар басшысы Мұрат Болатұлы: «Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің толассыз еңбектеріңіздің өлшемінде өмір қуанышымен қайта қауышқан талай адамдардың тағдыры тұр. Ерен еңбектеріңізге, шипалы алақандарыңызға, мейірімді жүректеріңізге алғысымыз шексіз. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, баянды бақыт тілеймін.»-деп, жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар бірқатар денсаулық саласының үздіктері қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жиын соңы мәдениет үйінің қызметкерлері ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласып, естелікке суретке түсті.