Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен “Жеті ата” қақпасына дейінгі магистралды көшені анықтау мақсатында басталған археологиялық қазба жұмыстарымен ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықпаев пен ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова танысты.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен “Жеті ата” қақпасына дейінгі ортағасырлық бас көшенің тарихи сырын анықтау, қайта қалпына келтіріп, туристік нысанға айналдыру мақсатында қолға алынған жұмысты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және “Қазқайтажаңарту” мекемесінің археологиялық тобы жүргізуде.
-“Бас көшенің ұзындығы – 620 метрді, ені – 5 метрді құрайды. Көшені XVIII ғасырдағы бөлігіне дейін зерттеп, жолдың қос қапталындағы үйлердің де орнын ашып, қайта қалпына келтіру жоспарланған. Ортағасырлық көшені пайдалануға беру арқылы Түркістанға келушілер мен туристерге тарихымыздың жаңа орнын таныстыруға мүмкіндік ашылары сөзсіз”,-деді археолог Марат Тұяқбаев.
Аталған аймақта 30-ға жуық археолог еңбек етуді бастаса, алдағы уақытта 100-ге дейін тарту көзделуде.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев тарихи-мәдени мұра саласында өте ауқымды міндеттер жүктегені белгілі. Солардың қатарында, тарихи-мәдени мұраларға археологиялық қазбалар циклын жүргізу, оларды реставрациялау, музеефикациялау және әлемге танымал туристік орталықтарға айналдыру мәселелері күн тәртібінде тұр. Ірі жобалардың бірі – Түркістан қаласында орналасқан «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты тарихи ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, зерттеу және оларды танымал туристік орталыққа айналдыру үшін реставрациялау және қайта жаңғырту жоспарланған. Кешенді ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстар Рабия Сұлтан Бегім кесенесі, Есім хан кесенесі, Сегіз қырлы кесене, Шілдехана, XIX ғасырдың соңындағы Казарма ғимараты, XIX ғасырдағы Түркістан цитаделінің көшелерінде атқарылып, «Жеті Ата» қақпасынан кесенеге дейінгі орталық магистралды көше қалпына келтіріледі. Сонымен қатар Дарбаза қақпасы, Мүсәлә қақпасы, Тақия қақпасы және Жеті ата қақпасына реставрация жұмыстары жүргізілмек.