Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: ЕРІКТІЛЕР СЕМИНАР ӨТКІЗУДЕ

ТҮРКІСТАН: ЕРІКТІЛЕР СЕМИНАР ӨТКІЗУДЕ

Еріктілер жылына орай «Қорық-музей аумағындағы тарихи орындарда экскурсия жүргізудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар өтуде.

«2020 жыл – еріктілер жылы» аясында «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық – музейі мен Түркістан облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстары орталығы» және Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстары орталығы» арасында ағымдағы жылы өткізілетін іс-шаралар бойынша бірлесе жұмыс атқару жөніндегі меморандумға қол қойылғаны белгілі.

Аталған құжаттың басты мақсаттарының бірі – ерікті жастарды «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылатын тарихи, мәдени, қайырымдылық, ғылыми іс-шараларға тарту болып табылады.

Осы орайда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің базасында
еріктілердің қатысуымен «Қорық-музей аумағындағы тарихи орындарда экскурсия жүргізудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында үш күндік семинар – кеңес өтуде.

Бұл бағытта жастарды экскурсовод қызметі мен музей ісіне баулып, болашақ маман иелерінің кәсіби шеберлігін арттыру көзделуде. Сонымен қатар еріктілер жаз маусымында қорық-музейге келген туристер мен қонақтарға қызмет көрсететін болады.

Семинар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтуде. Тәжірибе жинақтау үшін 60-тан аса ерікті өтініш білдірген.

Алдағы уақытта еріктілердің қатысуымен «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінде түрлі мәдени іс-шаралар, археологиялық қазба жұмыстары сияқты жастарға тәлім-тәрбие, тәжірибе алуға ықпал ететін игілікті шаруалар жалғасын табады.