Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: ЕРЕКШЕ ЖӘДІГЕРЛЕР МҰРАЖАЙ ҚОРЫНДА

ТҮРКІСТАН: ЕРЕКШЕ ЖӘДІГЕРЛЕР МҰРАЖАЙ ҚОРЫНДА

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында 20 мыңнан аса заттай мұрағаттар мемлекеттік есепке алынған болса, этнография бөлімінде 2392 жәдігер, оның ішінде тек зергерлік қолөнер бұйымдарының өзі – 1231 дананы құрайды. Этнография бөліміндегі қазақтың қолөнер туындыларынан әсіресе зергерлік бұйымдардың ішінен белдіктер, қапсырмалар, таналар, түймелер, алқалар, бойтұмарлар, жүзіктер, шашбаулар, сырғалар, шекеліктер білезіктер және тіс-құлақ тазалағыш күміс әшекейлердің бірін-бірі қайталамайтын бірнеше түрлері кездеседі. Халқымыз күміс әшекейлерді тек әдемі әшекей ретінде емес, денсаулыққа пайдалы жағында көбірек ескеріп тұтынған. Мұражай қорында күмістен жасалған сондай зергерлік қолөнер туындыларының ішіндегі құнды жәдігерлердің бірі және ерекше түрі – зергерлік гигиеналық тіс, құлақ тазалағыш әшекейлері. Тіс, құлақ тазалағыштар алғашқыда қарапайым етіп жасалып, қалтаға салып жүруге арналса, кейін келе тіс шұқығыштың әйелге және ерлерге арналған түрлері шыға бастаған. Әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға бірдей үлгіде дайындалған құлақ тазалағыштарды біріктіріп бір жиынтық етіп кеудеге тағатындықтан кеуде әшекейлерінің қатарына жатқызылады. Бұлар әр отбасының дәулетіне, мырзалығына, әр адамның талғамына сай жасалған. Әсіресе, әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға көз қондырылып, үзбеленіп, сіркелі өрнектермен безендірілген. Ал ерлерге арналған тіс шұқығыштар қарапайымдау етіп дайындалған да, көбінде қалтаға салып жүруге арналған. Осындай зергерлік күміс тіс, құлақ тазалағыш әшекей бұйымдарының музей қорында бірнеше үлгісі сақталған. Соның бірі – кеуде әшекейі. Кеуде әшекейі – біріншіден әшекей қызметін атқарса, екіншіден гигиеналық тіс, құлақ тазалағыш зат қызметін, үшіншіден тұмар қызметін атқарады. Өйткені кеуде әшекейінің жоғарғы бөлігі үшбұрышты тұмар пішінді болып келіп ортасына ұя қондырылып жасыл түсті көз отырғызылған, төмен қарай шынжыр арқылы жапырақ пішінді салпыншақ әшекейлер ілініп, ортасына жасыл түсті көз орнатылған тіс тазалағыш және қызыл түсті көз орнатылған құлақ тазалағыштар ілінген. Бұрынғы кезде адамдар әшекейге бір түсті тастарды пайдаланғанда әдемі деп санаған, ал екінші бір түсті пайдаланғанда яғни бір әшекейге түрлі-түсті көздерді пайдаланғанда қорғаныштық қызмет атқарады, суық көздерді өзіне тартады деп есептеген. Құрамы –күміс, сынамы-500, өлшемі, 1-25. Келесі – кеуде әшекейі, тіс құлақ тазалағыш . Кеуде әшекейі құйма, жоғарғы жағы тамшы пішінді, ортасы жүрек пішінді, ұшы созылып келіп тіс шұқығыш болып аяқталған. Тіс шұқығыштың ұшы жатық әрі жіңішке келген, құлақ тазалағыштың ұшы доғал да дөңгелене соғылған. Тамшы және жүрек пішінді бөлігі дөңестеліп өсімдік өрнегімен өрнектелген. Тіс, құлақ тазалағыштың бұл түрі қарапайымдау жасалған. Құрамы -күміс, сынамы-600, өлшемі-10,7-2,5.