Home Білім ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ АҒАРТУШЫ ӘЙЕЛДЕР

ТҮРКІСТАН: ҚАЗАҚ ТАРИХЫНДАҒЫ АҒАРТУШЫ ӘЙЕЛДЕР

Қазақ тарихына есімдері алтын әріптермен жазылған ағартушы, саясаткер, қайраткер ару қыздарымыз бар екенін қазіргі өсіп келе жатқан жас толқынның бірі білсе, бірі білмейді. Уақыт өткен сайын бұл есімдердің естен шығып бара жатқаны заңдылық та шығар. Өйткені, қазіргі дүрбелеңге толы уақыт басқаша, өмір құйыны жүйітки соғып, бір орында тұрмайды. Ал жыл өткен сайын біраз құндылықтар ұмытылуы да ықтимал. Жастардың санасында сол елеулі, қадірлі есімдер сақталуы үшін алдыңғы толқын легінде келе жатқан азаматтардың есімдерін мезгіл-мезгіл жаңғыртып, еске алып тұрғанымыз абзал.

Бүгінгі әңгіме қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашқан қазақ әйелі, КСРО тарихындағы алғашқы саясаткер әйел жайында сөз қозғалмақ.

Қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашқан қазақ әйел мұғалімдерінің бірі – Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы 1872 жылы Бөкей Ордасындағы сұлтандар әулетінде дүниеге келген. Әбілқайыр хан әулетінен шыққан, Нұралы ханның шөбересі, Жәңгір ханның немересі, әкесі – Зұлқарнай Нұралыханов.

Ол Қазандағы земство мектебін бітіріп, Бөкей Ордасындағы әйелдер мектебінде сабақ берді. Бұл мектеп 1883 жылдан бері жұмыс істегенімен онда тек басқа ұлттың қыздары оқитын. Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызының бастамасынан кейін ғана мектепке қазақ қыздары бара бастады.

1894 жылы Хұсни-Жамал қазақ қыздарына арналған алғашқы мектеп ашты. Оған кітаптар, оқулықтар және басқа да қажет заттарды білім министрлігінің Бөкей Ордасы бойынша инспекторы Андрей Вознесенский жеткізіп отырды.

Андрей Вознесенский 1897 жылы жасаған баяндамасында Хұсни-Жамал туралы былай деп жазған:

«Хұсни-Жамал – қазақ сұлтанының қызы. Қазандағы земство мектебін бітірген. Алғашында ағаларының қолында оқыды. Жасы шамамен 25-те. Сұлу, әрі әңгімеге жақсы, Ордада мұндай қыз жоқ, иә, ол, жалғыз… Орысша таза сөйлейді. Асқан ұстамдылығымен ерекшеленіп тұрады. Қазір өзін орыс тілі мектебінің ісіне арнауды ұйғарды».

Хұсни-Жамал Зұлқарнайқызы Арон Қаратаевқа тұрмысқа шыққан. Ол – атақты заңгер Бақытжан Қаратаевтың інісі.

Астрахань губернаторымен тартысып-таласа жүріп, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин шығарған «Қазақстан» газетін қолжазба күйінде Оралдан жасырып алып келіп, Астраханьда тұратын туған ағасы Сейіткерейдің үйіне тығып, баспаханадан газет бастырып жүрген. Сол әрекеті үшін Хұсни-Жамалдың соңына Астрахань мен Орынбор жандармериясы құпия аңду қойдырған. Қазақ қыздарының оқып-білім алуы, қазақ әйелдерінің теңдігі үшін күрескен Хұсни-Жамалдың қайратты мінезін, сұлулығы мен парасатын Кеңес өкіметі сындырды.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Хұсни-Жамал Зұл­қарнайқызының қыздарға арнап ашқан алғашқы мектебі жөнінде мәліметтер, шәкірттерінің фотосуреттері сақталған. Қазақтың қайраткер қыздары – Алма Оразбаева, Рәзия Меңдешова, Әмина Мәметова (Мәншүк Мәметованың анасы) Хұсни-Жамалдың мекте­бiнде білім алған.

Хұсни-Жамал 1923 жылы Орынборда шәкірті Алма Ораз­баевамен кездескенде, оның ел-жұртының жоғын жоқтайтын қай­раткер болып жетілгеніне қуа­нып, «еңбегім еш кетпеген екен» деп мәз болған екен.

Алма Ораз­баева КСРО тарихындағы алғашқы саясаткер әйел, мемлекет және қоғам қайраткері, Коминтерн мүшесі болған революционер-ағартушы қазақ қызы, өмірінің соңғы 17 жылын Әулие ата (Жамбыл облысы) өңірінде өткізген.

Өмір сүрген кезеңі әлеуметтік-саяси төңкеріс кезеңіне тап келді. Саяси бағыт ақ пен қызыл болып тұрған шақта, Алма Оразбаева 17 жаста еді. Советтік билік тұсында саяси қызметте жүріп, қазақ әйелінің, ана мен бала мәселесін ХХ ғасыр деңгейіне көтергенін, қазақ қыздарының оқуына жәрдемдескенін де айта кеткен жөн. Шығыс әйелдері арасынан тұңғыш халықаралық саясат аренасына шыққан.

Алма Оразбаеваның ерекше бастамасының бірі – әйелдер баспасөзінің негізін қалауы. 1922 жылы Қырғыз (қазақ) облыстық партия комитеті жанынан әйелдер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін қазақ әйелдерінің сауатсыздығын жою, оларды үкіметтің, кеңестер мен мәдени құрылыс жұмыстарына тартуда Оразбаеваның сіңірген еңбегі орасан.

Орынбордағы сауат ашу, үлгі-тәжірибе мектептеріне, өлкелік кеңес-партия мектептеріне тәрбиешілер даярлайтын курсқа кіргізіп, олардың тәртібін, сабағын сырттай бақылап, оқуын бітіріп шығуын қадағалайды. Өзінің еңбек ақысын әйелдер курсына қатысушыларға бөліп береді.

Неге олай жасадыңыз дегендерге: «Біздің тойып ішіп, сәнді киінгенімізден не пайда? Одан да қарапайым өмір сүріп, қажеттіліктерді артық пайдаланбағаны-мыз дұрыс емес пе? Жас ұрпақтың өз халқының ағарту үшін білім алуына көмектесейік»,-дейді екен.

1919 жылы Ордада шыққан «Дұрыстық жолы» газетіне «Әуелі түсіну керек» деп мәселе көтерген ол, 1923 жылдың 9 маусымында «Еңбекші қазақ» газетіне «Әйел бостандығы» атты мақала жазады. Мақалада: «…Қазақстан халқының жартысы әйел. Сол бір елдің жарты денесі сияқты – әйел халқы сәулесіз, ойсыз, өнерсіз, надан болса, Қазақстан бүтін, толық саналы ел болмақ емес. Мұны қазақтың әйелі де, еркегі де есінен шығармауға тиіс. Әйел болашақ ер азаматтың анасы, асыраушысы да, тәрбиешісі де. Әйел – қазақтың шаруасының тұтқасы. Қазақ әйелі, қадіріңді өзің біліп, адам болып өнерге, білімге ұмтылуың керек»,-дейді.

Ол тек мақала жазып қана қоймай, баспасөз ісімен тұрақты айналысты. 1923 жылдың басында жарық көрген «Жас қазақ» журналының алғашқы бас редакторы да А.Оразбаева еді. Осы журналға Алманың екі мақаласы («Жастар Одағының қазақ қыздарын ұйымдастырудағы және тәрбиелеудегі міндеттері» және «Гүлсім» атты очеркі) жарияланады. Журналдың шығуына қуанған Алма Оразбаева С.Сейфуллиннен сүйінші сұрап, журналдың келесі санына мақала жазуды өтінген екен. Сонда С.Сейфуллин «Жас қазақ» атты көлемді арнау өлең жазған. А.Оразбаева көтерген әйелдер мәселесін қоштап, С.Меңдешев, Н.Нұрмақов, Х.Құлымбетов мақалалар, С.Мұқанов, М.Әуезов, С.Дөнентаев, Б.Майлин, Қ.Айнабекұлы сынды ақын-жазушылар өлең, әңгімелер жазып, баспасөзге жариялайды. Яғни әйелдер мәселесінің баспасөзде алғаш көтерілуіне, тіпті оның өнер арқылы насихатталуына себепкер болған адамның бірі – Алма Оразбаева болды. Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, жұртының амандығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ тарихындағы әйелдер ұлт тарихының әр белесінде тұлғалық деңгейге көтеріліп отырған.

Міне, қазақ тарихында осындай орасан зор халықтық мәні бар тарихи оқиғаларға араласқан немесе осы тарихи оқиғаларды басқарған әйелдер болған. Қазақ ұлтының бағына орай, Тарих-ана әр ғасырда жаужүрек, батыр тарихи тұлғалы ұлдары мен қыздарын мол жаратқан. Қазақ жерінің бір сүйемінде жаудың қолына бермей, асқақ тарихымызды, мәдениетіміз бен тұғырлы тілімізді сақтап, қорғаған тұлғаларымыз қазақ тарихында мәңгі өшпей қала бермек.

Айдана СЕЙДУӘЛІ,

Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы.