Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: ҚАЛАМЫ ЖОРҒА ЖУРНАЛИСТ

ТҮРКІСТАН: ҚАЛАМЫ ЖОРҒА ЖУРНАЛИСТ

Мақала тақырыбына қарап, Н.Оразбек тек қана журналист екен деп ойлап қалуымыз мүмкін. Алайда ол кісі – жақсы жазушы да. Бір қызығы, Н.Оразбек, кезінде Саттар Ерубаев қызмет еткен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан»(бұрынғы «Қазақстан пролетариаты») газетінде бас редактор болған және Саттар қайтыс болған 1937 жылдың 1 желтоқсанында, Түркістан облысының Түркістан ауданындағы Қандөз ауылында дүниеге келген.

Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірген. Н.Оразбектің Қандөзде туылып, Шорнақта мектеп бітіруінің себебі: әкесі бұл туғанда Орынбор-Ташкент теміржолының Шорнақ тұсындағы №31 разъезінде, қатынап қара жұмысшы болып істейді екен. Содан отыз сегізінші жылы үйін сол Шорнаққа көшіріп әкетіпті.

Нұрмахан аға 1955-1957 жылдары Алматы облысындағы «Іле» кеңшарында, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында жұмыс істеген. 1958-1962 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факултетін бітірген.

Еңбек жолын 1962-1973 жылдары Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде бастаған ол, Түркістан облысының Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде, «Лениншіл жаста»(қазіргі «Жас Алашта»), Қазақстан Жастар одағының Орталық Комитетінде, «Социалистік Қазақстан»(қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, Партия тарихы институтында әртүрлі қызметтер атқарған.

1974 жылы Қазақ ақпарат агенттігіне (ҚазТАГ) бас редактор, 1982 жылы директордың орынбасары болып тағайындалды. 1988-1991 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Баспасөз министрлігінің мерзімді баспасөз бас басқармасының бастығы, ағылшын тілінде шыққан республикалық «Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1995 жылдан «Қазақстан» баспасының директоры, сонымен бір мезгілде 2000-2002 жылдары республикалық «Ақиқат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды. Бұдан соң «Қазақстан» баспа үйі» серіктестігінің директоры болды. Ол «Орталық Қазақстан» газетінің редакторы болып тұрған кезінде, сол замандағы коммунистік партияның ұраны «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран сөзді алып тастап, оның орнын «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген қазақтың нақыл сөзімен алмастырды. «Қарсыбай Сыпатаев», «Құрбанбай Ырысбеков», «Капитал қамалындағы 18 күн», «Қасиеттісің, сен Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы – бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин» атты кітаптары жарық көрген. Атақты Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» түсіндірме сөздіктерін түпнұсқадан аударған.

Сөзіміздің басында айтқанымыздай, Н.Оразбектің қызметінің көпшілігі газет-журналдармен тікелей қатысты болғандықтан, тақырыпты «Қаламы жорға журналист» деп алған едік. Ал шын мәніндегі жазушы, журналист, баспагер, аудармашы – Н.Оразбек 2015 жылы 9 желтоқсанда Алматыда дүниеден озды.

Н.Оразбектің еліне жасаған ересен еңбегі елеп-ескеріліп, «Қазақ КСР-нің Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» құрметті атағымен, КСРО-ның «Еңбек ардагері» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, 2001 жылы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, 2004 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, 2007 жылы «Парасат» орденімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, «Түркістан қаласының құрметті азаматы» атағымен, Қазақстан Республикасының «Баспа жане полиграфия iсiнің кайраткерi» құрметті атағымен марапатталған.

«Ұлтқа қызмет қылу білімнен емес, мінезден» екенін көрсете білген білімді де мінезді тұлға Н.Оразбек жөнінде қысқаша мәлімет беру – қыруар музей ісінің құрамдас бір бөлігі ғана. Ол кісі жайлы айтылар ұзақ-сонар әңгіме мен жазылар зерттеу еңбектер алдағы күндердің еншісінде деп білеміз. Осы орайда, оқырманға Нұрмахан ағамыз туралы қаламгер қауымның жырлары мен жарқын естеліктерді бөлісіп отырмыз.

«Н.Оразбек 1937 жылғы 1 желтоқсанда Оң­түстік Қазақстан облысының Түркістан ау­данындағы Қандөз елдімекенінде ту­ған. 1955 жылы Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітірген соң, өндіріс орындарында жұмыс істеуге үндеген комсомолдық жол­дамамен Қостанай өңіріне аттанып, сон­дағы Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында еңбек еткен. Осыдан кейін КазГУ-дің журналистика факультетіне оқу­ға түсіп, оны 1962 жылы бітірген соң, жас маман ретінде Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы» газетіне жіберілді. 1964-73 жылы Алматыға қайта ора­лып, республикалық «Лениншіл жас» газетіне қызметке алынды. Осыдан кейін Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінде, Қа­зақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Партия тарихы институ­тында жұмыс істеп, «Социалистік Қазақстан» газетінде еңбек етті. 1974 жылы Қа­зақ ақпарат агенттігінде (ҚазТАГ) бас редактор, 1982 жылы директордың орын­басары болып тағайындалды. 1988-94 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қа­зақстан» газетінің бас редакторы, тәуелсіз Қазақстанның жаңадан құрылған Бас­пасөз министрлігіндегі басқарма бастығы, ағылшын тілінде шыққан «Қа­зақ­стан» газетінің бас редакторы болып, 1995 жылдан бері қоғамдық-саяси әде­биеттер шығаратын «Қазақстан» баспасының директоры қызметін атқарды. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасы, «Құрмет» ор­де­ні­мен марапатталған, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қай­раткері, екі рет республика Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Н.Ораз­бектің қаламгерлік, азаматтық биік бейнесі қазақ журналистикасы са­пын­дағы әріптестеріміздің есінде әрдайым сақталады.»

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы.

Ойсоқты кейіпте баяу сөйлеп, байыпты қалыбынан әсте жаңылмайтын Нұр­ма­хан Оразбектің дүниеден озуы қазақ сөзінің қабырғасын қатты қайыстырып өтті. «Қазақ әдебиеті» газеті өзінің айнымас асыл жанашырынан айрылды. Сау­сақ­пен санарлықтай болған қазақ басылымдарын бірінен-бірін бөліп-жармаса да, әдебиет газетіне деген құрметі – қазақ атамыздың рухын бойына толымды сіңір­геннің куәсіне жүре алатын ерекшелік еді. Нұрмахан Оразбек дүниенің сая­си құбылыстарын талдаудан бастап қазақ тағдырына қатысты жайларды сергек, сезімтал жаратылысының арқасында талғампаздықпен болжай алатын. Дү­ниеден көшкендер мен тірі тұлғалардың аражігін алыстатпастан тең дәрежеде жақын тұтып, өзі жақсы көретін Қасым ақын айтқандай, «қазақтың рухани аспанын аласартпайтын» азамат еді.

 «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымы.

ХОШ, НҰР-АҒА!

Нұр-Ағам!

Елден ерек!

Асыл текті!

Басыңнан қасіретті ғасыр да өтті.

Сен — кеттің,

Сіркіреп бір нөсер өтті,

Сенімен дүркіреп бір жасын кетті!

Арманда –

Қанша, қайран, ақылды өтті,

Сенің де ала алмаған қақың көп-ті;

Дүниеге жаны жұмбақ бір ақын кеп,

Дүниеден түкті жүрек батыр кетті!

Қызыл тіл нені айтып сайрап өтті,

Қу тағдыр көзді қалай байлап өтті?

Мен қалдым қамшымды ұстап айдалада,

Ері ауған арғымағым қайда кетті?!

Жаралған Күн нұрынан Нұр-Ағам-ай!

Тұл-бойын асыл тектен құрағандай!

Қаңқайып қу керегем құла дүзде,

Шалқайып шаңырағым құлағандай!

Ілесіп Мағжандарға ол да қалмай,

Толғаса —

Қасымдайын толғағандай;

…Несіне отыр мына ел ойнап-күліп,

Дүниеде түк оқиға болмағандай?!

(Серік Ақсұңқарұлы)

Айгүл БАҚЫТҚЫЗЫ,

С.Ерубаев музейінің меңгерушісі.