Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ руханияты мен мәдениеті үшін ерекше маңызды жиын өтті. Әдебиеттанушы, этнолог және өлкетанушы Абдулла Жұмашовтың «Фараби елі» және «Әл-Фарабиден бүгінге дейін» атты кітаптары оқырманға жол тартты. Мәртебелі жиын қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі, әлемге әйгілі данышпан Әбу Насыр Әл-Фарабиге және оның туған жерінің мәдени мұрасына арналды. Философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай кешті тізгіндеп, Абдулла Жұмашовтың өмір жолына үңіліп, кеш қонақтарымен рухани әңгіме өрбітті.
Салтанатты жиынды Қазақстан реставрациясының құрметті ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Қанат Тұяқбаев пен техника ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев ашып, ғалымның өнегелі өміріне тоқталып, кітаптардың тұсауын кесті. Бұл әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабиден қалған руханият шырағын қайта жағып, тағылымға толы тарихты насихаттаған айтулы оқиға болды. Мәртебелі жиында сөз алған Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев мәдени шара қазақ руханияты үшін ерекше маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар басқарма басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың сәлемін жеткізіп, алғыс хат пен арнайы сый табыстады.
Іс-шараға белгілі ғалымдар, зерттеушілер, тарихшылар мен мәдениет қайраткерлері, мектеп мұғалімдері қатысты. Олардың қатарында дінтанушы, тарихшы Зікірия Жандарбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазіретәлі Тұрсын, сондай-ақ облыстық, аудандық және қалалық кітапхана мен музей басшылары болды. Қайырымды қаладағы жалынды жастар аталмыш кездесуден мол өнеге алды. Мағыналы жиынға қатысқан өскелең ұрпақ тарихқа терең бойлап, ғалымдар пікірін зейін қойып тыңдады. Сондай-ақ, бұл жиынның өзге жиындардан ерекшелігі ғұмыры ғибратқа толы жанмен кездесудің бас кітапханадағы мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібек оқырман залында өтуі.
Кеш барысында кітаптардың мазмұнын тереңірек таныстыру үшін арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, Философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай ғылыми баяндама жасады. Кеште өнер көрсеткен Түркістан қалалық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Майгүл Тұрыскелдиева «Өсиет» термесін орындап, көрерменді тебірентті. Сонымен қатар кеш кейіпкерінің немересі, жас күйші Ақарыс Абдулла әйгілі күйші Төлеген Момбековтың «Салтанат» және күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйлерін орындап, шараның рухани деңгейін одан әрі биіктетті.
Салтанатты жиынның соңында қатысушылар жазушы Абдулла Жұмашовпен сұрақ-жауап форматында мазмұнды әңгіме құрып, әсерлі пікір алмасты. Қорытынды сөзінде руханият жанашыры шараны ұйымдастырған баршаға шынайы ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Сонымен қатар, шара аясында ұлт руханиятына бар өмірін арнаған Абдулла Жұмашовтың өзі негізін қалаған музейден арнайы дайындалған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрме Әл-Фараби мұрасын танытудағы құнды еңбектер мен сирек кездесетін жәдігерлерді қамтыды.
Осы орайда өскелең ұрпаққа өнеге болсын деген мақсатта Абдулла Жұмашовтың өмірбаянын ұсынып отырмыз.
Жұмашов Абдулла 1948 жылы 10 сәуірде бұрынғы Тәжік ССР – і (қазіргі Тәжікстан Республикасы), Ленинабад облысының Пролетар ауданында туылған. Н.Крупская атындағы Шымкент пединститутының филология факультетін бітірген (1976). 1976 – 1980 жылдары Отырар ауданында мұғалім, аудандық оқу бөлімінде әдіскер, 1980-2011 жылдары Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейінде бөлім меңгеруші, «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби мұражайы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры болып істеді.
Жұмашов Абдулла ұзақ жылдар бойы музейдің ғылыми – жинастыру, ғылыми – экспедициялық, ғылыми – зерттеу, ғылыми – ағарту, ғылыми – көпшілік, ғылыми – баспа, ғылыми – экспозиция, ғылыми – қор, т.б. жұмыстарын іждағаттылықпен жүргізе отырып, заттық және рухани мәдениет туралы аса құнды, баға жеткісіз түп дерек болатын мыңдаған жәдігерлер жинастырып, Республикада тұңғыш рет қоғамдық негізде «Отырар руханияты – Әбу Нәсір әл – Фараби» музейін ашты. Кейін, 2011 жылы осы музейдің негізінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың 2011 жылғы 3-наурыздағы қаулысымен, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қүлия Айдарбекованың бұйрығымен «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны ашылды. Мұражайдың тұңғыш директоры болып Абдулла Жұмашов тағайындалды. Қоғамдық негізде Отырар кітапханасын, Арыстанбаб мұсылман кітапханасын қайта ашты және оның ғылыми концепциясын қалыптастырды. Аталған кітапханалар негізінде Астана қаласында «Отырар кітапханасы» ғылыми зерттеу орталығы ашылды.
Ол Сыр бойы мен Қаратау, Қазығұрт атырабының ақындары Мәделі, Майлықожа, Құлыншақ, Молда Мұса, Нұралы, Айнабек, Қызыл Жырау, Айтбай, Зияш, Байбосын, Құлжабай, Орынбай, Қазанғап, Садуақас, Балтабай, Тәушен, Көпбай, Манап, т.б. ақындарға қатысты жинақтаған жәдігерлері аталған өнер иелерінің «Қызыл жырау» (1997), «Майлықожа» (2005), «Садуақас ақын» (2008), «Мәделі» (2009), «Қызыл жыршы» (2009), «Балтабай ақын» (2010), «Ергөбек» (2010), т.б. жинақтарына енгізілді. Өзбекәлі Жәнібеков құрастырған «Ежелгі Отырар» атты альбом – кітапты құрастыруға қатысушылардың бірі (Этнография. 1997). «Қызыл жырау» (1997), «Тәушен» (2005) «Садуақас ақын» (2008), «Қызыл жыршы» (2009), «Ергөбек» (2010), «Балтабай ақын» (2010) атты кітаптарды құрастырып шығарды. «Отырар жәдігерлері» (2004), «Қалдаяқ ұста – Шәмшінің әкесі» (2009), «Есжан атаның жуазы» (2009), «Отырар алқабының ақындары» (2011), «Отырар алқабындағы аңшылық» (2011), «Отырар алқабындағы қолөнер» (2017), «Отырар жәдігерлері» (2018) «Отырар алқабының ақындары» (2019), «Арыстанбаб кесене-мешітіндегі мұсылман кітапханасы» (2021), «Шілік тарихының тағлымы» (2022), «Фараби елі», Алматы, «Қазақ тілі» баспасы, (2024) атты кітаптардың авторы. «Отырар энциклопедиясы» (2004), «Шежірелі Отырар» (2005) «Рух сардары» (2006), «Әбу Нәсір әл-Фарабидің туғанына 1140 жыл толуына орай өткізілген халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарының жинағы» (2010), «Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды сақтаудың өзекті мәселелері…» (2004), «Ата-Мұра» (1995), «Айтбай Белгібайұлы. Шығармалар жинағы» (2008), атты энциклопедиялық жинақтарға ондаған мақалалары енгізілді. Мәдени мұрамыз туралы 80-нен астам мақалалары мерзімді баспасөзде жарияланған. Астананың ашылуына орай түсірілген «Ұлы даланың астаналары» (1998), «Әбу Нәсір әл-Фараби», «Ұлы Жібек жолы» (Жапония), т.б. көптеген ғылыми-көпшілік кинофильмдер мен телефильмдерге ғылыми танымдық ақпаратты деректер берілді.
Кезінде, 1987-1991 жылдары Сирия Араб Республикасында жұмыс істеген Кеңес гидрогеологы Қошқарбаев Нұрмахан Әметұлы арқылы Дамаскідегі «Баб-ас-Сағир» – «Кіші қақпа» мазаратындағы Әбу Нәсір әл-Фарабидің қабірін, құлпытасын суретке түсіртіп алдырып, ондағы жазудың араб тілінен қазақ тіліне ғылыми деректік аудармасын жасатып, алғаш рет қазақ баспасөзінде, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2003 жылғы 15 наурыздағы санында «Әбу Нәсір әл-Фарабидің қабірстаны» деген атпен жариялады.
Оның ұсынысымен рухани мәдениетіміздің көрнекті өкілдері Әбу Нәсір әл – Фараби, Майлықожа, Молда Мұса, Айтбай, т.б. туралы халықаралық ғылыми – практикалық конференциялар, мерейтойлар өткізіліп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында атақты Сирия сапары жүзеге асты (2006). Абдулла Жұмашов Сирияға екі рет барып (2006, 2008) Әбу Нәсір әл – Фараби бабамыздың құнды жәдігерлерін елге жеткізді және оның Дамаскідегі музейінің жобасын, тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасауға қатысты (2008).
Жұмашов Абдулла Мәдениет комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталған (1998), Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің стипендиясының иегері (2001), Мәдениет қайраткері (2000), «ҚР Конституциясының 10 жылдығы» (2005), «Ерен еңбегі үшін» (2010), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» (2012), «ҚР Конституциясының 20 жылдығы» (2015) медальдарымен, «Үздік өлкетанушы» (2018) төсбелгісімен, Отырар ауданының «Құрметті азаматы» (2018) атағымен марапатталды. Мәдениет және өнер саласының қызметкерлері арасында өткен «Рухани қазына-2020» республикалық байқауының «Бір отбасы – бір кәсіп» номинациясы бойынша жеңімпазы.
Айта кетейік, бұл рухани жиын Әбу Насыр Әл-Фараби елінің баға жетпес мұрасын дәріптеуде және ұлттық мәдениетімізді дамытуда тағы бір маңызды қадам болды. Кітапханада ұсынылған Абдулла Жұмашовтың музейіндегі ерекше жәдігерлерден жасақталған көрме осы мұраны жас ұрпаққа танытудың жарқын үлгісі.
Азамат ӘЛІБЕК.