Home Мәдениет «Нәзір феномені» екі ел арасында әлі де қызмет етіп келеді

«Нәзір феномені» екі ел арасында әлі де қызмет етіп келеді

Әлемдегі түрлі саяси, экономикалық шиеленістер тұсында болашақ ұрпақ игілігі үшін кез келген түйткілді бейбіт жолмен шешуге ұмтылған мәмілегерлердің орны айрықша. «Дипломатиялық қызмет күні» қарсаңында жаһандық үдерістерге белсенді қатысып, Қазақстанның ұстанымын нығайтуға үлес қосқан, Араб түбегіндегі дипломатиялық мекемелерде ұзақ жылдар қызмет еткен Мадияр ИСМАИЛОВТЫ әңгімеге тарттық. Алғашқы кәсіби дипломат, ғалым Нәзір Төреқұловтың шөбересімен Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы байланыс, тақ мұрагері қолға алған жаңа реформалар жайында сөз еттік.

Мадияр Исмаилов: «Нәзір феномені» екі ел арасында әлі де қызмет етіп келеді

– Мадияр мырза, биыл Қазақстан мен Сауд Ара­бия­сының дипло­матиялық қарым-қатынас құрғанына 30 жыл толып отыр. Сіздің он жылға жуық Корольдікте қызмет еткеніңізді білеміз. Жалпы, екі ел арасындағы байланыс қандай бағыттарды қамтиды?

– Еске сала кетелік, 1994 жылы екі ел арасындағы дипломатия­лық қарым-қатынас ресми түрде орнаған. Сауд Арабиясы деген ­кезде біздің ойымызға бірден Ислам дінінің қасиетті мекендері – Мек­ке-Мәдина түседі. Тарихымыз да тереңге жайылған. Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы түрлі бағыттағы стратегиялық қа­рым-қатынастардың даму көк­жиегі кеңеюде. Оған бір ғана мысал – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары.

ап

Президент Корольдікке соңғы екі жылдың ішінде екі рет сапармен барып қайтты. Сауд тарапымен нәтижелі келіссөздер өтті. Өз кезегінде патша үкіметі Мемлекет басшысын жылы шыраймен қабылдады.

Жалпы, 30 жылда көп нәрсе өз­герді. 2007 жылдың сәуір айында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы елшілігіне консул лауазымына тағайындалдым. Сол аймақта жүріп, дипломатия­лық қызметім шыңдалды. Пар­сы шығанағындағы алты мемле­кетте, атап айтсақ, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Бахрейн, Қатар, Оман бо­йынша дипломатиялық өкілдігіміз тек Эр-Риядта ғана болды. Ал 2007 жылдың аяғына қарай Әбу Даби­де, Біріккен Араб Әмірліктерін­де елшілігіміз ашылды. Біз Эр-Риядтан қалған төрт мемлекет­тегі қызметімізді үйлестіріп отыр­дық. Қазақстанның сол кездегі елшісі Қайрат Лама Шариф төрт елде атқарушы елші болды.

Алғашқы дипломатиялық іссапарым Эр-Риядтан басталса, екінші ұзақмерзімді қызметім Жидда қаласында Қазақстанның консулдық мекемесін басқару­мен ұласты. Екі ел арасындағы сау­да-экономикалық, инвестиция­лық ынтымақтастықты нығайту бо­йынша қарқынды жұмыс істе­дік. Жидда негізінен порт жағасын­дағы қала. Сондықтан бүкіл Азия ­мен Африкадан кемелер осы ша­һар­ға келеді. Осылайша, бүкіл Араб түбегінен тауар Еуропа, ТМД және басқа өңірлерге қарай жол тартады. Демек сауда-экономика­лық мәселе өте күрделі аймақ. Статистикалық дерек келтірсем, әлемдегі бүкіл коммерциялық кеме қозғалысының 30 пайызға жуығын осы порт қамтамасыз етеді.

«Мұсылман әлемінің БҰҰ-сы» саналатын Ислам ынты­мақ­тастығы ұйымының штаб пәте­рі де осында орналасқан. Оған 56 мемлекет мүше. Консулдық жа­нынан Қазақстанның бұл ұйым­дағы Тұрақты өкілдігінің қыз­метіне де белсенді атсалыстық. Ұйым аясында еліміздің бастамаларын ілгерілетуде тиісті жұ­мыстарды жүйелі үйлестірдік. Бұ­дан бөлек, Мекке-Мәдинаға келетін Қазақстан қажылары­­ның жұмысы тағы бар. Жалпы алған­да, дипломатиялық манса­бым­ның ең маңызды кезеңі, яғни ­10 жылға жуық уақытым осы ­Сауд Арабиясында өтті.

– Сіздің қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұловтың ұрпағы еке­ніңізді білеміз. Жалпы, әуле­тіңізде арғы атаңыз туралы қан­дай естеліктер сақталған?

– Нәзір Төреқұлов – Алаш­тың көрнекті қайраткері, қазақтан шық­қан тұңғыш дипломат. Нә­зір бабам туралы марқұм Ыбы­рай атамнан көп естідім. Атам Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылы­ғы саласында жауапты қызмет атқарған. Атам зейнеткерлікке шыққан соң Күләш апам екеуі 1993 жылы Меккеге Қазақстаннан алғашқы барған қажылардың қатарында болды.

ва

Зейнет демалысына шыққан Ыбырай атам бірде ағайын-туыс­тарды аралап жүріп, Оңтүс­тік­тегі Созақ ауданына барады. Он­да Ақсақтөре деген ақсақал­мен тіл­деседі. Ол кісі: «Оңтүстік өңір­ден шыққан, қазақтың ұлтжанды азаматы Нәзір Төреқұлов. 1937 жылы реп­рессияға ұшырап, аты шық­­пай қалды. Осы Нәзір бабаңның ­­атын шығаруға атса­лыссаң еді» ­деп ­аманаттап кеткен. Сөйтіп, ­Ыбы­рай атам ойлана келе, ағайын­­дар­дың деме­уімен Нәзір Төре­құлов атындағы халық­аралық қор ­құ­рып, сол қордың аясында Нәзір баба­мыздың атын шығару үшін жұмыстанды.

Біріншіден, ол кісінің туып-өс­кен жері Сыр бойындағы Қандөз аулынан ақпараттар іздестірі­ліп, өмірбаяны жазылды. Нәзірдің әкесі мақта саудасымен айналыс­қан. Сонымен Қоқанға көшіп, баласын коммерциялық училищеде оқытқан. Білім-білігімен Нәзір Төре­құлов Мәскеуге дейін барып оқып-тоқыған. Менің атам сол кісінің өмір сүрген жерле­рін зерттеп, табаны тиген аумақтар­ды аралап, экспедиция жасауды ұйғарды. Осылайша, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Жидда, Эр-Рияд, Санкт-Петерборға барды. Мен сол тұста 14 жаста едім. Қолыма бейнекамерамды алып, атаммен мұрағаттарды ақтарып, құжаттармен таныстық. Біраз тарихшылармен кездесіп, атама серік болдым. Есімде қалғаны – Ташкентке барған сапарымызда Алаш қайраткерлерінің бірі Санжар Асфандияровтың ұлы­ның үйіне барғанымыз. Басқосуда ­тың естеліктер айтылды. Бәрін тас­­паға бастым.

Сол кезеңде Нәзір Төре­құ­лов ішкі саясатта жүрді. Ахмет Байтұр­сы­н­ұлы, Міржақып Дулатұлы сынды Алаш қай­­раткерлерімен қазақ әліпбиінен бастап біраз қоғамдық-саяси мәселелерді рет­тестіруге атсалысқан. Кейін еңбек жолымен Саудияға жол тартты. Атам да Саудияға ізденіп, кемінде он рет барған болуы керек. Ол жақта қарт арабтар «Кеңес үкіметінен келген бір елші болды. Ол жақсы қарым-қа­тынас орнатып, екі елге септігін тигізді» деп еске алған. Бұл сөздер атамның ізденісті тоқтатпай, жал­ғастыруына түрткі болды. Маған да «Балам, сен Нәзір бабаңның жолын қуып, дипломат болуың керек» дейтін.

Шыны керек, мемлекеттік қыз­метке, оның ішінде Сыртқы істер министрлігі жүйесінен Сауд Арабиясындағы дипломатия­лық жұмысын бастау туралы ұсыныстың түскені пешенемізге жазылған тағдыр деп қабылда­дым да, «бұл қайырлы қызмет бола­ды» деп іштей сендім. Бірден келі­сіп, абыроймен атқардық. Бұл жас маман ретінде маған бағыт-бағ­дар сілтеген үзеңгілес әріптестер мен аға дипломаттардың да үлесі.

Бүгінде Нәзір Төреқұлов атындағы халықаралық қор әлі жұмысын жал­ғас­тырып келеді. Сыртқы істер министр­лігінде Нәзір Төреқұлов атындағы ведом­стволық медаль да бар. Қор­дың ұйытқы болуымен еліміздің қа­лалары мен аудан­дарында Нә­зір Төреқұлов атындағы мектептер ашылды. Алматы, Шымкент, Астана және басқа да қалалар мен аудан­дарда біртуар тұлға атына көшелер берілді.

Жалпы, Нәзір Төреқұловтың аумақ­тық тұтастығымызды сақ­тауда да еңбегі орасан зор. Батыс Қазақстанның қазіргі шекарасын сақтап қалуына бірден-бір себепкер болған Нәзір Төреқұлов деп айтады. Өйткені ол кезде біраз жер Түрікменстанға өтіп кетуі мүмкін еді. Сауд Арабиясы да Нәзір Төреқұловты үлкен тұлға ретінде құрметтейді.

Атам Нәзір Төреқұловтың жалғыз қызын көп іздеді. Әйелі орыс еді, ұлы ерте жаста шетінеп кеткен. Әнел Нәзір­қызын табу оңай болмады. Ыбырай атам ресейлік орталық телеарнадағы «Күт мені» («Жди меня») бағдарламасына да қатысты, нәтиже болмады. Бірақ бір айта кетерлігі, Саудияға, қателеспесем, сол 1999 жылы кезекті бір барған сапарында Эр-Рияд қаласында Ресей және ТМД елдерін зерттейтін институт­тың басшысы, доктор Маджид ат-Турки есім­ді сауд азаматымен танысып, әңгіме ба­рысында Әнел апамыздың Мәскеудегі мекенжайын сол кісіден біліп, Нәзір туралы Саудияның мұрағаттарындағы тың деректерге қол жеткізген болатын. Кейін атам Саудиядан тікелей Мәскеуге ұшып барып, бабамыздың жалғыз қызымен жүздескен-ді.

– Қазір Сауд Арабиясында тарихи тұлға ретінде Нәзір Төре­құловты біле ме? Бір жазбаларда Сауд Арабиясының королі Әбділәзиз Нәзір Төре­құлов атылған соң, КСРО-мен дип­ломатия­лық байланы­сын мүл­дем үзіп, «Мұндай жақсы адамдарды атқан елдің бола­шағы жоқ» делінген. Бұл сал­қындық 90-жылдарға дейін жалғасқан…

– Сауд Арабиясының тә­уел­сіздігін кеңес өкіметі алғаш­қылардың бірі болып мойындады. Ол заманда бұл елдің «Хиджаз және Нежд пат­шалығы» деген ресми атауы болды. Содан кейін Мекке-Мәдинаны қосып алған. Негізі Осман империясынан кейін еге­менді ел деп таныған кеңес өкіметі бол­ғанын арабтар жақ­сы біледі. Нәзір Төре­құловтың өмірбаянына үңілсек, Сауд Арабиясындағы қызме­тін­де әйелі Нина Александровна­ның үлесі бар. Мәселен, ол кісі­нің ме­­дициналық білімі Сауд пат­ша­лығындағы ең алғашқы емха­наның ашылуына себепші бол­ған. Мәскеуден фельдшерлерді алдыртып, әйелдер мен бала­лар­ға арнайы емхана ашқан. Мұны арабтардың өздері де үнемі айтып жүреді. Одан қалды, Нәзір­дің Мәскеуге жазған хаттарымен ­бұл игі іс дәлелденген.

Екіншіден, дипломат кеңес одағы мен Сауд Арабиясы ара­сында «Мұнай-жағармай келі­сім­шартына» қол қоюға септігін тигізген. Кеңес үкіметі өнім­ді Саудияға сатқан. Естеріңізде болса, мұнай бұл елде тек 50-60 жылдан кейін табылды.

Үшіншіден, автоматтан­ды­­рылған бай­ланыс жүйесін сыйға тартты. Кеңестік байланыс­шылар келіп, сол кездегі король Әбділәзиздің сарайына теле­­фон сымын орнатқан. Елші Нәзір сол заманғы үздік техноло­гияны енгізіп, өз резиденция­сы­нан Король Әбділәзизбен тіке­лей хабарласып тұрды. Бұл дип­ломаттың екі ел қарым-қаты­настарын жаңа деңгейге шы­ғарғанын көрсетеді. Мұның бәрі дипломат Нәзірдің Мәс­кеудегі Калининге жазған хаттарымен расталған.

Өткен ғасырдың 30-жылдары кеңес үкіметінен Cаудияға кел­ген екі елші бол­ған. Біреуі – Нәзір Төреқұлов, екіншісі – башқұрт ұл­тынан шыққан Хәкімов. Әри­не, ол кезеңде америкалық, пар­­сы, түрік елшілері де болған. Бі­рақ арабтар Нәзірді «Бүкіл елшілердің ақсақалы» деп атаған. Міне, Нәзір сондай деңгейге көтерілген. Ал Король Әбділәзиздің ұлы ханзада Фейсал о заманда Сыртқы істер министрі болатын. Тарихи суреттерді көрсеңіз, Фейсал мен Нәзірдің жақсы қарым-қатынас­та болғанын байқайсыз. Осылай­ша, бабамыз қасиетті Сауд топы­рағында 8 жыл аянбай қызмет еткен.

– Сіз Сауд Арабиясының мұ­ра­ғатынан атаңыздың тіпті НКВД мұра­ғатында сақталма­ған тың суреттерді тауыпсыз. Суреттерді сөйлетсек…

– 2007 жылы Cауд Арабия­сы­на алғашқы дипломатия­лық қыз­метпен бар­ғанымда екі ел ара­сында түрлі салада сапарлар болды. Мәдени күндерді өт­кізу бойынша уағдаластық. Эр-Риядта Фейсал патша атындағы Ұлттық мәдени зерттеу орталығы бар. Мен сол кезде кеңес үкіметі мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың тарихы түсірілген фотоларын көруге мүмкіндік алдым. 10 мыңнан аса фотомұрағат цифрланған екен. Компьютерден суреттерді қарап отырғанымда, бес сурет көзіме оттай басылды. Олардың ішіндегі тек бір фото НКВД-ның, КГБ-ның фотомұрағатында болған екен. Бірақ қалған төрт сурет еш жерде жарияланбаған. Тек арабтар­­дың фотомұрағатында сақталыпты. Шама­сы, Саудияның фотогра­­фы түсірген. Ал жіберілген жал­ғыз суреттің өзін Нәзір Мәскеуге, Сыртқы істер министріне есеп беру кезінде ұсынған болуы мүмкін.

Қалған тарихи төрт суретті көріп отырып, Нәзір бабамыз қа­сымызда жүр­гендей ерек­ше әсер алып, көзіме жас кел­ді. Сол суреттерді «Egemen Qazaqstan» газетіне ұсындым. Олардың бұрын-соңды еш жерде жария­ланбаған тарихи жәдігер екенін айттым. Суретте Нәзірдің Фейсал ханзаданың жанында тұрғаны да үлкен абырой. Шетелдік елші­лердің арасында өзін қалай ұстап тұрғаны, тақ мұрагеріне қан­ша­лықты жақын екендігі осы суреттен-ақ байқалып тұр.

– Кейінгі жылдары Сауд Арабиясы қатаң консерватизм қағидаттарын жұмсартып жат­қандай көрінеді. Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салманмен таныс дипломат ретінде бұл өзге­ріске не себеп деп ойлайсыз? Жас монархтар ел болашағын қалай көреді?

– Бұл сұрағыңызға жауап ретінде дипломатиялық қызмет­те Эр-Риядта жүргенде болған қызық оқиғаны айтқым келіп отыр. 2009 жылы Қазақстан­ның шақыруымен ханзада Сұл­тан бен Сал­ман елімізге келді. Біз сапарын ұйым­дастыруға белсене атсалыстық. Патша әулетінен болған соң, мұндай сапарға өте жоғары мән беріледі. Іссапар қазан айында өтіп, мен ол кісінің қасында ілесіп жүрдім. Астанада өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның жанындағы Дүниежүзілік турис­тік ұйымы Бас Ассамблеясының жиынына да қатысты. Себебі ханзада Сұлтан Сауд Арабиясының Туризм және көне мұрағаттар агенттігінің төрағасы болатын. Жалпы, арабтардың психологиясы, менталитеті басқаша ғой. Елорданы аралатып, тұмса табиғатымен көз сүріндіретін Бурабайды көрсеттік. Сол күні кешкі аста ханзада тарих туралы сұрай бастады. Мен бабам Нәзір Төреқұлов туралы кеңінен айтып бердім. Ол Нәзір Төреқұлов туралы естіп, таң қалды.

Сөйтіп, Қазақстаннан Эр-Риядқа қайттық. Бір күні ханза­даның көмекшісі маған хабарласады. Аты Заид әл-Заид екені әлі есімде. «Ханзада сізбен тағы бір рет кездескісі келіп жатыр» дейді. Сөйтсе ол Қазақстаннан келген бойда әкесімен бір дас­тарқан басында отырып, сапарын айта келе, 1928–1935 жыл­дар ара­лығында елші болған Нәзір Төреқұлов туралы әңгімелейді. Әкесі, қазіргі патша Салман бен Әбділәзиз Әл Сауд жалт қарап, кеңес үкіметі елшілерін білетінін айтып, Қазақстан консулымен кездесейік деп ұсыныс тастапты. Содан көмекшісі бірден маған хабарласқан екен. Елшіге осы ақпаратты жеткізгенімде, Патша әулетінің жоғары өкілімен болатын жүздесуге тыңғылықты дайындық­пен барғаның жөн деді. Алайда ханзада уақытының тығыздығы, бір жағынан өзімнің жұмыстарыма байланысты іс-сапарларға орай патша Сал­ман бен Әбділәзизбен кездесе алмадық. Бірақ мен «Нәзір фено­менін» іштей сездім. Нәзірді есте сақтаған, білетін патша әулетінен шыққан адамдар да бар екеніне тәнті болдым.

«Нәзір феноменімен» әлі де екі ел арасындағы ынтымақтастықтың көк­жиегін көтеруге, страте­гия­­лық әріп­тестікті одан әрі нығай­туға болады. Қазіргі Тақ мұра­гері, негізгі билікті басқарып отыр­ған Мұхаммед бен Салман осы елдің негізін қалаушы Әбділәзиз Әл Саудтың немересі. Монар­хиялық елде, Сауд Арабиясында билік әкеден балаға емес, бауырдан-бауырға немесе ағасынан інісіне беріледі. Король Салман таққа отырғаннан кейін билікке келу шарттарын өзгертіп, тікелей жолды таңдап, билік тұғырын осы баласына беруді ұйғарды.

Қазір Сауд Арабиясының кел­беті басқаша. Мен 2017 жылы Жидда қала­сындағы дипло­ма­тиялық қызметімді аяқтаған тұс­та ханзада Мұхаммед бен Сал­ман Тақ мұрагерлікке өтіп, ре­фор­­маларды енді бастаған еді. Әдетте, монархиялық елдерде консерватизм басым, патша жас болғасын агрессивті саясат жүргізуде. Мемлекеттің қазіргі дамуында осы ханзада Мұхаммед бен Салманның үлесі зор, абырой-беделі де жоғары. 25-30 жастағы азаматтар Тақ мұрагерінің бастамаларын қатты қолдайды. Әрине, мен Нәзірдің ұрпағы ретінде Сауд Арабиясының негізін қалаушы Әбділәзиз Әл Саудтың немересі Мұхаммед бен Салманмен әлі де қызмет бабында кездесіп, екі ел дамуына үлес қосамын деп үміттенемін.

– Кейінгі кезде Сауд Ара­бия­сының білім мен ғылым сала­сындағы жетіс­тіктері жиі айтылып жүр. Бұған қоса, жа­санды интеллект пен ақпа­раттық тех­но­логияларды осы ағар­ту­шылық салада сәтті іске асып жатқанын да айта кету керек. Бұл бағыттағы Ко­роль­діктің тәжірибесімен бөліссеңіз.

– Сауд Арабиясы кейінгі жылдары білім мен ғылымды да­мы­­туда ай­тарлықтай жетістік­тер­ге жетті. Әсіресе Тақ мұраге­рі Мұхаммед бен Салманның «MiSK Foundation» аясында белсен­ді түрде іске асырып жатқан ­түрлі жобаларды атап айтсақ бола­ды. Осы секілді бастамалар елдегі ­жас­­­тар арасындағы білім алу сапа­сын арттыруға және жас ғалым­дар­дың инновациялар мен ­зерт­теу мәдениетін қалыптастыруға ­­үлкен әсерін тигізіп отыр.

Бұған қоса, Король Әбділәзиз атын­дағы Ғылым және технология қалашығы (KACST), Король Абдулла атындағы Ғылым және технология университеті (KAUST), Король Фейсал атындағы Ислам зерттеу орталығы сияқты білім ордалары қызметі Корольдікті әлемдік деңгейдегі Зерттеу және инновациялық хабқа айналдырды десек артық болмас. Осы хаб арқылы Сауд Арабиясы өзін жа­һандық ғылыми зерттеулерге елеулі үлес қосатын ел ретінде көрсетіп келеді. Елімізге де білім беру жүйесі мен ғылыми зерт­теулерде жасанды интеллект пен әлемнің озық финтех технологияларын пайдалануда Еуразия кеңістігінде көшбасшы мемле­кет ретінде өз тәжірибесімен бөлі­су­ге, сондай-ақ Сауд Арабиясы­­мен осы бағытта өзара әрекет­тес­тік арқылы екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі ны­ғай­туға сеп болары анық.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескендер –

Кәмшат ТАСБОЛАТ,

журналист,

Зейін ЕРҒАЛИ