Home Мәдениет Абай атамыздың афоризмдері сақтаңыз

Абай атамыздың афоризмдері сақтаңыз

Қара бастың емес, бар Алаштың қамын ойлап, “қалың елім, қазағым, қайран жұртым”, – деп тебіренген Абай Құнанбайұлының өрелі ой, келелі кеңес беретін сөздері жүрегіміздің хақ төрінен орын алатыны анық. Қазақтың қалам тербеген әр ақыны ең алдымен Абайды оқиды. Өйткені оның жалынды жырлары тәлім-тәрбиеге, тағылымға толы. Назарларыңызға Абай атамыз айтқан афоризмдерді ұсынғымыз келіп отыр. 1. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. 2. Баланың мал табары болады, мал шашары болады. 3. Өзің мал таба алмасаң – балаң мал тапсын. 4. Иман сақтауға – қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек. 5. Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек – бұлар жүрек ісі. Асықтық та – жүрек ісі. 6. Тіл жүректің айтқанына көнсе – жалған шықпайды. 7. Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады. 8. Есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді. 9. Құдайшылық – жүректе. 10. Жаманмен салысып жақсы болмайсың. 11. Көпке қорлық жүрмейді. 12. Құдайдан қорық, пендеден – ұял: балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма! 13. Надан ел – қуанбас нәрсеге қуанады, ұялмас нәрседен ұялады. 14. Ауруды жаратқан құай, бірақ ауыртқан құдай емес. 15. Шала мейір – шала байқайды. 16. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпен өмір өткізгенше – малды не жерден сұрау керек, не маңдай терден сұрау керек. 17. Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің? 18. Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. 19. Мал – жұтайды, өнер – жұтамайды. 20. Атасының баласы – адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың. 21. Ер – артық сұраса да азға разы болады, ез – аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас. 22. Адам баласын заман өсіреді. 23. Дүниеде жалғыз қалған адам – өлген адаммен тең: қапашылықтың бәрі соның басында. 24. Үміт үзу – қайратсыздық. 25. Дүниеде еш нәрсе баянды емес: жамандық та өтеді. 26. Ашулы адамның сөзі аз болса – ыза қуаты артында болғаны. 27. Тоқ тіленші – адам сайтаны. 28. Биік мансап – биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады. 29. Жаман дос – көлеңке: басыңды күн шалса – қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт алса – іздеп таба алмайсың. 30. Досы жоқпен – сырлас, досы көппен – сыйлас. 31. Қайғысыздан – сақ бол, қайғылыға – жақ бол. 32. Қайратсыз ашу – тұл, тұрлаусыз ғашық – тұл, шәкіртсіз ғалым – тұл. 33. Қиянатшылар: жарым адам, жарым молда, жарым мұсылман. 34. Мал, мақтан, құрмет өзі іздеп тапса – адамды бұзбайды һәм берік болады. 35. Нысап пен ұят әділеттен шығады. 36. Адаспай тура іздеген хәкімдер болмаса – дүние ойран болар еді. 37. Әрбір ғалым – хәкім емес, әрбір хәкім – ғалым. 38. Өзімшілдік – адамды бұзатын пиғыл. 39. Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: олар – надандық, еріншектік, залымдық. 40. Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек: біріншісі – зор билік, екіншісі – есепсіз байлық.

Massaget.kz