Home Қоғам ТҮРКІСТАН: СУ РЕСУРСТАРЫ – ӨҢІРДЕГІ ӨЗЕКТІ САЛА

ТҮРКІСТАН: СУ РЕСУРСТАРЫ – ӨҢІРДЕГІ ӨЗЕКТІ САЛА

Өңірде су мәселесі маңызды салалардың қатарына жатады. Жалпы еліміз бойынша су тапшылығы мен қажеттілігіне қарай Түркістан облысы алдыңғы орындарда тұр.  Осы орайда, облыс тұрғындарына ақпараттық түсіндіру мақсатында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевтың мақаласын ұсынамыз. Президент тапсырмасы бойынша, же­­расты суларын пайдалану аясы кеңей­тіл­мек. Ұлттық гидрологиялық қызмет құ­рыл­мақшы. Олар жерасты суларына мо­ниторинг жүргізіп, іздестіру-барлау, гид­рологиялық ұңғымаларды жоюмен ай­налысады. Отыз жылдан бері лас су ішіп келген шардаралықтар жерасты су­ларын зерттеудің нәтижесінде сапалы ауыз­сумен қамтылады. Сол сияқты Ұлт­тық гидрологиялық қызмет өз ісін сапалы ат­қарса, тұзды және шамадан тыс ми­не­рал­ды судан бөлек, жер астынан таза су та­бады деген сенімдеміз. Сол сияқты Пре­­зидент тапсырмасымен Каспий теңі­зі­нің ғылыми-зерттеу институты құры­ла­ды. Бұл да үлкен жаңалық. Ал су сала­сын­дағы кадрлық тапшылықты шешу үшін Қазақстанда гидротехникалық құрылыс жә­не гидромелиорация мамандарын даяр­лайтын ЖОО қажет-ақ. Бір гектар жоңышқаның өзін суғару – үлкен өнер. Ау­қымды жобалар үшін жоғары білімді ма­м­андар өте-мөте керек.

Еліміздегі 14 мың шақырым канал күр­­делі жөндеуден өтеді деп күтілуде. Ауыл шаруашылығымен көбірек айналысатын Ал­маты, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан об­лысына қарасты 3 500 шақырым су жүйе­сін цифрландыру басталды. Су үнем­деу технологиясы бойынша Түркістан облысында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы басталды. Оның ая­сын­да 10 мың гектардай алқапта су екі есе үнем­делді. Тамшылатып суғару әдісі кең та­раған. Қауын, қарбыз, мақта да бұ­рын­ғыдай суғарылмайды. Негізі, мәжбүрлік адам­ның жаңа мүмкіндіктерін ашады. Сай­рам ауданында егін егетін жер аздық ет­кенде, тастақты жерде израильдік тә­сіл­мен қызанақ өсірілген еді. Демек, қан­дай жерде тұрса да, ебін тапқан екі асайды екен. Жылыжайлардың дені Сарыағаш ау­данында болатын, енді өзге де аудан­дар­да жылыжай көкөнісін өсірушілер кө­бейіп келеді. Жылыжайларды ұстап тұру да оңай емес. Мемлекеттің демеуіне мұқ­таж. Жылыжайлар мен мақташылар, сон­дай-ақ бірқатар ауылдардың канал­да­рын жөндеу бойынша жолдаған депутат­тық сауалдарымның Үкіметтен біршама қолдау тапқаны қуантады. Жалпы, елі­міз­де арктикалық та, африкалық та ат­мос­фера сақталып тұра бермейтіндіктен, әр өңір­дің географиялық ландшафтына қа­рай ауыл шаруашылығын икемдеу керек деп есептеймін.

Ауыл шаруашылығымен айналысуға мүм­кіндігі жоқ елдер шаруашылыққа қа­жетті техника шығаруда. Олардың құрас­тыр­ған техникалары біздің қажетімізге жа­рап жатыр. Президенттің бір тапсыр­ма­сы лизингке техника алу жолдарын ашу бо­латын. Жеңілдетілген лизинг бағдар­ла­масы бойынша, шаруалар 40 млрд теңгеге 1 053 комбайн мен трактор сатып алды. Со­нымен қатар 2,8 мың бірлік мал азығын жи­нау техникасын сатып алуға 20 млрд тең­ге бөлінген. Мал азығын жинау да үл­кен шаруа. Бір қызығы бізден экспорт­тал­ған арпа, бидай, сұлы, жүгері, өзімізге малға жем болып импортталады. Бұл біз­дің мал азығын әзірлеудегі әлеуетіміздің тө­мендігін көрсетеді. Десе де, жекелеген шаруалар әрекетсіз емес. Әркім өз бетінше техника құрастырып, ең болмағанда шөп турайтын түрлерін ойлап табуда. Бұл да тал­пыныстың көрінісі. Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасымен ашылған роботех­ни­­калық мектептерден техниканың тілін бі­ліп қоймай, Қытай, Германия, Голлан­дия, Италиядан озатын заманауи техни­ка­лар құрастыратын жастар шығады.

«Кооперативтер егістіктен дүкен сөре­сі­не дейін өнімді тікелей жеткізуші бола­ды. Тиімсіз делдалдардан арыламыз», – де­лінген Президенттің сайлауалды бағ­дар­­ламасында. Ауыл шаруашылығы ко­опе­ративтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Жо­ғарыда атап өткендей, кооператив тө­р­­ағалары мен мүшелері арасында түсі­ніс­пеушілік туындамаса екен. Кооператив аты­нан субсидияны алып алып, құра­мын­дағы қожалықтарға бөліп бермейтіндер де бар. Соның салдарынан аракідік дау-да­май шығып жатады. Тура сол сияқты үлес, пай бөлуде де күмәнді істер көп. Сон­дық­тан кооператив, шаруа қожалықтарының төра­ғаларының жауапкершілігін артыру керек. Сонда Президент тапсырмасының игі­лігін тең көретін болады. АҚШ-та шаруа­шылықтар арнайы ауыл шар­уа­шы­лығы жолақтарында орналастырылады. Ондай тәсіл Еуропада да қолданылады. Мы­салы, біздің Солтүстіктің бидай бел­дері сияқты, ол жақта да жүгері, мақта қыр­лары мен мал жаятын жайлаулары бір­келкі болады. Міне, бізге де әлемнің озық әрі тез өсу үлгісін пайдалана аламыз.

Ешбір өндіріс көзі жоқ болса, ауыл шаруашылығымен айналыспағанда не­мен айналысасыз? Бір сүт пен еттің өзінен бір­неше өнім шығаруға болады. Ал малды тек етке жарататын болсақ, өңдеу ісін қа­лай алға жылжытамыз? Ішкі нарықты өз өнімдерімізден қамтамасыз етіп, ар­тыл­ға­н­ын экспортқа шығару керек. Мұның бә­рін Үкімет жүйелеуге тиіс.

Министрліктің мәліметінше, елімізде 13 мыңнан аса су шаруашылығы нысаны бар. Оның 352-сы – су қоймасы, қалғаны – су то­раптары, бөгеттері мен тоғандар.  6 629 ны­сан – республикалық, 6 007 – ком­муналдық, 528 – нысан жекеменшікте бол­са, қалған тоғызы егесіз екен. Осы тұс­та, негізінен су көздерін жекеменшікке беру­ден сақ болу керек. Өйткені ауыл маң­дарындағы өзен, көл, құдықтарды ие­ле­ніп алғандар жергілікті жұртшылықты тіршілік нәрінен қасақана тарықтырады. Мұндай жағдайда су ортақ қазына бол­ғандықтан, жекеменшікке берілген ортақ ны­сандарды мемлекет қарамағына қай­тару қажет деп есептеймін. Айдың-күннің ама­нында суға талас болмау керек.

Оңтүстік облыстарда бос жатқан жер же­терлік. Себеп – топырақ тұзды не құм­ды. Жалағаштан бастап жер жалаңаш­та­нып қалған. Күрежолдардың бойынан кө­леңкелейтін тал таппайсың. Бәлкім, біз­дің ғалымдарға да сахараны көгертіп жат­қан арабтар сияқты жаңа техно­ло­гия­лар ойлап тауып, жарамсыз жерлерді кә­де­ге жарататын әдістерді енгізетін кез кел­ген шығар. Су жоқ деп ну ормансыз оты­ра берген жарамас. Ауыл шаруа­шы­лығы алқаптарында суды үнемдеу үшін жап­пай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығын­дар­ды субсидиялау 50 пайыздан 80 пайыз­ға дейін арттыру көзделіп отыр. Там­шы­ла­тып және жаңбырлатып суғару арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнем­деу­ге болады. «Судың да сұрауы бар» де­ген­дей, пайдаланылған судың ақысын тө­леу керек. Бұл жүйеден егістіктер де шет қал­мауға тиіс. Суға төлем бүкіл әлемде жа­салады.

Президенттің сайлауалды бағдарла­ма­сы аясында агроөнеркәсіп кешенін да­мы­ту бойынша бір жыл ішінде көптеген жұ­мыс істелді. Басымдық берілген бағыт­тар қатарында: етті мал шаруашылығы, жеміс сақтау қоймаларын, жеміс-жидек бақтарын, жылыжай кешендерін, балық өсіру, жүн және теріні тереңдетіп өңдеу бар. Мемлекет басшысы қойған мін­дет­тердің ішінде алдымен ішкі сұранысты қа­ғаттандырып, азық-түлік импортын азай­тып, экспортын арттыру. Елімізде жыл сайын 24 млн гектар алқаптан орта есеп­пен 17-20 млн тоннаға дейін астық жи­налады. Оның 7 млн тоннасы ішкі на­рық­қа, 10 млн-дай тоннасы экспортқа шы­­­­­ғарылады. Өңірлерде астықты ірітіп-шірітпей сақтайтын қоймалар бой көтеріп келеді.

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі бойынша жоспарланған 20 жобаның оны жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығы тауар­ларының көлемі 1 трлн теңгеден асты. 2023 жылы бұл салаға 88,5 млрд теңге ин­­­­­вестиция тартылған. Егістікті әрта­рап­тандыру жұмыстарының нәтижесінде 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімдері жи­нал­ған. Отандық өнімдер шығаратын 22 кә­сіпорын іске қосылып, 400-дей адам жұ­мыспен қамтылған.

Қазір ауылшаруашылық құрылым­дары­ның саны 250 мыңға да жетпейді. 17 об­лыста 23 тәжірибе стансасы өсімдік пен мал шаруашылығы бойынша ғылыми зерт­теулер жүргізіп жатыр.

8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Әлі де малға жайы­лым, егінге алқап таппай жатқан ауыл­дар жетерлік. Жұртқа да қайтарылған жер­лердің қай маңда екені қызық боп, кез­десу сайын сұрайды. Мал баққанға да, егін салғанға да жер керек. Мемлекет бас­шысы бұл іске аса мән береді.

2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд тең­ге бөлінді. Соның арқасында ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс ор­ны ашылады. Бүгінде Шығыс Қазақ­стан, Қостанай және Павлодар облыс­та­рында қаражат толығымен игеріліп, басқа өңірлерде жұмыстар жалғасуда. Елдің су шаруашылығы жүйесін жаңғырту аясында 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан об­лыстарында сыйымдылығы 1 700 млн м3 болатын жаңа 9, ал екінші кезеңде Ақ­төбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан жә­не Қарағанды облыстарында 705 млн м3 астам суға арналған 11 су қоймасы са­лы­нады. Бұдан бөлек, суармалы алқап­тардың жалпы көлемін 1,8 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін кеңейту көзделген. Қолда бар 15 су қоймасы мен 3,5 мың ша­қы­рым суару желілерін күрделі жөндеу, сон­дай-ақ 212 каналдың суды пайдалану мөл­шерін есепке алу үшін цифрландыру жүйе­сіне көшірілмекші. Цифрландыру ашық­тыққа жол ашады. Цифрландыруға көш­кен кәсіпорындардың басы дауға қал­майды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел игілігіне арналған бастама­ларының жер-жерде жүзеге асырылуына атқарушы билік те, жергілікті халық та атсалысуы керек.