Home Қоғам ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА 73 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТҮРІН КӨРСЕТЕТІН “СЕРВИСТІК ӘКІМДІК” АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА 73 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ТҮРІН КӨРСЕТЕТІН “СЕРВИСТІК ӘКІМДІК” АШЫЛДЫ

Бүгін Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында тұрғындарға қолайлы қызмет көрсететін «Сервистік әкімдіктің» ашылу рәсімі өтті.

Ашықтық және қолжетімділік қағидатына негізделген жаңа кеңсенің тұсаукесеріне Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков қатысты.

Жергілікті халыққа 8 бөлім бойынша 73 мемлекеттік қызметтерді көрсететін сервистік әкімдіктің мүмкіншілігімен танысқан Мирас Асқарбайұлы бұл кеңсе азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға негізделіп, қысқа уақыт аралығында қажетті қызметті алуға көмектесетінін алға тартты.

Сондай-ақ, тұрғындарға елдімекеннің әр жерінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ қажетті қызметтерді бір ғимараттың ішінде алуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Сервистік әкімдіктің тағы бір ерекшелігі – бөлімшелердің «Open space» қағидасы бойынша жасалуында.

Одан бөлек, ғимараттың ішінде халыққа қажетті барлық жағдай жасалған.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы міндеттер осы заманауи ғимараттың қабырғасында жүзеге асатын болады.