Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Kitap Time» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында іс-шараларды жоғары деңгейде өткізгені үшін екінші жыл қатарынан үздік деп танылды.
ҚР Ұлттық кітапханасының қолдауымен жыл сайынғы «Қазақстандық кітапханалық одақ» заңды тұлғалар бірлестігінің Түркістан қаласындағы кезекті көшпелі жұмыс отырысының ашылуында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева кітапхана директоры Жанат Шардарбековаға арнайы табыстады. Былтыр Ақтау қаласында өткен республикалық жиында да үздік атанған болатын.
Айта кетейік, аталған кітапхана ұжымы тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде бірнеше жыл қатарынан елімізде көш бастап келеді. Кітапхана басшысы «Жыл кітапханашысы-2022», облыстық «Жыл үздігі-2022» номинациясында «Жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесі» атанған болатын. Былтыр «Рухани қазына-2023» фестивалінің нәтижесінде Түркістан облысы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы «Үздік облыстық маңызы бар кітапхана» болып танылды.
Сонымен қатар, киелі қаламыздың төріндегі «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасы тағы бір ауқымды іске ұйытқы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ат арытып келген руханият шырақшылары екі күн бойы кітаптың маңызы, кітапхана ісі, олардың бірлескен қызметтерін ұйымдастыру, мәртебесін көтеру, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау мүмкіндіктерін кеңейту, әлемдік қауымдастыққа біріктіру, кітапханашылардың тынымсыз еңбегі, оның лайықты бағалануы, материалдық жағдайлары жайында келелі әңгіме қозғады.
Қазақстан кітапханаларын жоғары деңгейге көтеру мақсатында Ұлттық кітапхана бастамасымен 2017 жылы құрылған «Қазақстандық кітапханалық одақ» заңды тұлға бірлестігінің көшпелі жұмыс отырысы аясындағы іс-шараның алғашқы күнінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің басқарма басшысы Алмаз Әмірбекұлы Мырзахмет сөз сөйледі, марапат жасады.
«Көшпелі отырысымыздың басталуымен шын жүректен құттықтаймын. ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі архив және құжаттама комитетінің төрағасының арнайы құттықтау хатынан үзінді оқып берсем, мұнда ұлттық кітапханаға, кітапханашылар одағына алғыс айтылған. Кітапханашылар қауымдастығының, құрылтайшы мүшелерінің ынта-жігерінің арқасында республика кітапханаларының беделіне баса назар аудара отырып, осы көшпелі отырысымыздың Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өтетіндігіне алғыс білдірдік. Жалпы мемлекетте кітапханашыларға қолдау білдіру жаңа деңгейге көтерілгенін айта кеткіміз келеді. Мемлекет басшысының кейінгі екі құрылтайда да кітап мәселесіне баса назар аударғаны, соның ішінде кітапхананы тілге тиек еткендігі, нақты тапсырма бергендігі белгілі. Осы орайда қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді таратуда да нақтылы жұмыстар жасалып жатыр. Соның ішінде Түркістан облысына ерекше назар аударатынымызды жеткізгім келеді. Себебі, 3900 кітапхана болатын болса, соның 400-і осы өңірге тиесілі. Оның үстіне қазақ тілді оқырмандарымыздың басым бөлігі де осы аймақта. Сондықтан да біз 271 лимиттен 315 лимитке дейін арттырдық. Кейінгі бес жылда осы облысқа 25000-ға тарта кітап келген болса, биыл жылдың соңына дейін тағы да жиырма мыңға тарта кітап таратуды жоспарлап отырмыз. Кітапхана ісінде жасап жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Әрдайым бес саусақтың саласындай, бір атаның баласындай жемісті жұмыс атқара беріңіздер!» – деп аяқтады сөзін Алмаз Мырзахмет.
Қонақжай облысымыздың мәдениет саласының басшысы Әзімхан Серікұлы Қойлыбаев руханиятымызды дамыту жолында аянбай еңбек етіп жатқан ұжымның жетістіктеріне тоқталды:
«Былтыр ғана құрылғанымызға 5 жыл толуы аясында «Фараб» кітапханасы «Бесжылдыққа бес әдеби сапар» деген іс-шара ұйымдастырып, өңірімізден шыққан зиялы қауым өкілдерінен құралған топ Жамбыл облысы, Қызылорда, Шымкент, Алматы, Астана қалаларында жиындар өткізіп жақсы бастама көтерген болатын. Енді бүгін одақтың көшпелі отырысының Түркістанда өтуі – заңдылық. Дәл бүгін өңірімізде екі бірдей ауқымды іс-шара өтіп жатыр. Бірі – мемлекеттік қызметтер агенттігінің, екіншісі осы бас қосу. Сондықтан қош келдіңіздер! Түркістаннан жақсы рух алып аттануларыңызға тілектеспін» – деді ол өз сөзінде.
Бүгін әсіресе, 24/7, яғни, аптаның жеті күнін де толық тәуліктік жұмыс күні етудің қиындығы туралы, жалақының жайы, кітап қорын толықтыру, кадр мәселелері, бекітілген стандарттарды енгізу тәртібі сөз болды. Енді осыны шешу бағытында жұмыс атқаратын боламыз. Тағы бір айта кетейін дегенім, кітапханашылар одағының көшпелі жұмыс отырысының жақсы өтуіне жан-жақты жағдай жасаған «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызына алғысымызды айтамын. Үлкен деңгейде ұйымдастырған. «Фараб» кітапханасы да, мұндағы әріптестер де өте ерекше, білімді. Кеше кесенеге барғанда басқа өңірден келген әріптестер: «Біз де осындай кітапханаға жетейік» – деген тілектерін айтып жатыр» – деп ақжарма тілегін білдірді. Сондай-ақ М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры, ақын Қуаныш Оспанов, Қостанай облысына қарасты Аманкелді аудандық орталықтандырылған жүйелік кітапхана директоры Көркем Мұсабаева, Наурызым аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бейнегүл Тасқымбаева да мұндай көшпелі жұмыс отырыстарының нәтижелі екенін былтыр Ақтау қаласында өткен жиын кезінде байқағандарын, ал биылғы басқосудың одан да жоғары деңгейде өткендігін, шешілмей жүрген өзекті мәселелердің осындай алқалы жиындарда ортаға салу арқылы шешімін табатынын тілге тиек етті.
«Осыдан үш жыл бұрын Алматының өзінде болып, онда кітапханашы мамандығының күні тойланбайтындығы күн тәртібіне шығарылып, нәтижесінде 2022 жылдан бастап «24-қазан – кітапханашылар күні» болып министрлікпен бекітілді. Бүгін 24/7 жұмыс кестесі көтеріліп отыр» – деген ойларымен бөлісті. Теңдесі жоқ кітапхананың, киелі Түркістанның жаңа келбетіне сүйсінді.
Журналист, ғалым, сазгер Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан Жазушылар Одағының Түркістан облысындағы төрағасы Айдар Сейдазым құттықтау сөз сөйлеп, кітапханашыларға сәттілік тіледі. Осы игілікті істің жүзеге асуына тікелей басшылық жасап, ұйымдастырып жүрген ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық кітапханалық одақ төрайымы Бақытжамал Қайырбекқызы Оспанова республикамыздағы көпшілік кітапханаларды мерейтойлы жылдарымен және кітапхана директорлары мен орынбасарларының мерейлі жасқа толған туған күндерімен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді. Ал, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, аталмыш кітапхананың ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген «Kitap Time» республикалық кітап фестивалінің 2024 жылғы үздігі болып танылған және екінші жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрініп отырған Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапхана-сының ұжымын жетістіктерімен құттықтап, мекеме басшысы Жанат Шардарбековаға арнайы сертифи-катты табыс етті. Бұл мақтаулы ұжымдар санатында жүрген «Фараб» кітапханасының кезекті жеңісі. Бұған дейін біздің кітапхана әлеміндегі мақтанышымызға айналған ұжым «Жыл үздігі – 2022» номинация-сында «Жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесі» атағын иемден-се, «Рухани қазына – 2023» фестива-лінің нәтижесінде «Үздік облыстық кітапхана» болып танылды. «Фарабтың» өзі ғана емес, әрбір іс-шараға асқан жауапкершілікпен қарайтын шығармашыл басшы Жанат Сәдібекқызының өзі «Жыл кітапханашысы – 2022» байқауының жеңімпазы. Бұл жолы да кітапханашылар одағының көшпелі мәжілісінің жан-жақты, мазмұнды ұйымдастырылғандығының куәсі болдық. Жетісу өңірінен ала келген құшақ-құшақ марапаттарын таратып, кітапханашыларды бір серпілтіп алған одақ басшылары мен мүшелері көп ұзамай іске кірісіп кеткен еді. Жалпы жиналыстан кейін топ-топқа бөлінген секциялық отырыстар, өзара тәжірибе алмасу, кездесу, ой бөлісу, арнайы тақырыптағы лекциялар, бәрі-бәрі республикадан жиналған кітапхана өкілдерінің көңілдерінен шықты. Аталған бірлестік аясында фарабтықтардың өздерінің төл өнімі «Түркістан облысының киелі, тарихи және жаңа мәдени нысандарының жол картасы» анықтамалығының тұсауы кесілді. Бұл еңбектің Түркістанға туристік сапармен келген меймандарға тиімді бағдар беретін артықшылығы да көшпелі мәжіліске қатысушылар тарапынан орынды бағаланды. Кілең кітапхана директорлары мен басшылардың орынбасарлары, салалық тиісті мамандары бар алпыстан аса адам қатысқан көшпелі жұмыс отырысы туралы Бақытжамал Қайырбекқызы да өз пікірін білдірді.
Ал, «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы осындай керемет алқалы жиынның тағы бірі және бірегейі келесі жылы да өтетін болып шешім қабылданғанын қуана жеткізді.
Ең үлкен мәселе «IFLA» қоғамдық ынтымақтастық халықаралық ұйымының келесі жылғы отырысы Астана қаласында өтетін болды. Соның Түркістан үшін маңыздысы, үлкен бір іс-шарасы «Фараб» кітапханасында өтетін болды. Ол кезде дүниежүзінен кітапханашылар жиналады. Бұл өте үлкен, ауқымды жауапкершілік болып тұр. Кешегі жиынның бергені сол. Кітапханаларда ақылы қызмет көрсету қарастырылмаған. Республикалық деңгейдегі кітапханаларда бар. Ал, облыстық деңгейдегі кітапханаларда ақылы қызмет көрсету жоқ. «Фарабтың» ақылы қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. Міне, осындай мәселелер қозғалды. Тағы басқа да ішкі мәселелер қаралды» – деген директордың тұжырымды пікірі кітапханашылар одағының көшпелі отырысы келелі мәселелердің бағытын айқындағанын аңғартты.
Роза НАРЫМБЕТОВА.