Home Білім ТҮРКІСТАН: ОҚЫТУДЫҢ ТЫҢ ТӘЖІРИБЕЛЕРІ ҰСЫНЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ОҚЫТУДЫҢ ТЫҢ ТӘЖІРИБЕЛЕРІ ҰСЫНЫЛДЫ

Қ.Рысбеков атындағы № 5 негізгі орта мектеп – интернатының коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2024 жылғы 10 сәуір күнінде тарих және география пәні әдістемелік бірлестігінде «Жаңа әлемдегі – жаңа тарих: оқытудың қазіргі заман технологиясы» тақырыбында аудандық семинар өткізілді. Аудандық семинар мақсаты – білім алушыларға білім беру жүйесінде қолданылатын қазіргі заманауи технологияларды пайдалана отырып, түрлі әдіс-тәсілдер мен ой-өрістерін дамыту.

Cеминар барысында ашық сабақтар, сыныптан тыс сабақ, концерттік бағдарлама өткізілді. Семинарды Сауран ауданының білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қ.Бәймен ашып берді. Ашылу салтанаты Юсупова Балжанның ұйымдастыруымен «Мәңгілік елдің ұлы тарихы» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Балжан Юсупованың өнерлі оқушыларды қолдап, демеу беруде үйлесімді жоспарланған концерттік бағдарламасында мектеп оқушылары ән айтып, ұлттық би билеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Концерттік бағдарламаға Білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қ.Бәймен оң пікір білдіріп, оқушылар мен жетекшілерге сәттілік тілей отырып, мектеп ішіне кіргендегі атмосфераның ерекше екендігін, заманауи әдістемелік құралдар мен қазақи нақыштағы безендірулердің үйлесім тапқанын атап өтті. Семинар барысында мұғалімдер мен тәрбиешілер ашық сабақтар мен сыныптан тыс сабақ өткізді. Атап айтқанда, тарих пәні мұғалімі Н.Қошанов 7 «а» сыныпқа «Ш.Уәлиханов алғашқы қазақ ғалымы» атты ашық сабағын өткізіп, баланы оқытудағы озық та жаңашыл әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Сабаққа қатысқан Р.Бердібай мектебінің мұғалімі Өтемісұлы Сұлтанбай жоғары баға беріп, Н.Қошановтың сабақта қолданған іс-тәжірибелерін облыстық және республикалық деңгейде таратуын алға тартып, ҚББ-ның Алғыс хатына ұсынды. Сонымен қатар Өтемісұлы Сұлтанбай семинар барысында дайындықтың жоғары деңгейде өтіп жатқанына ыстық лебізін білдірді.

Тарих пәні мұғалімі Ләззат Тулешова 8 «А» сыныбына «Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы шайқастарына қатысуы» атты ашық сабағын өткізді. Ашық сабақ барысында семинарға қатысушылармен қолданған платформамен қалай жұмыс жасау керек, қолдану арқылы қандай жетістікке қол жеткізуге болатынына тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті. Сабаққа қатысқан Ж.Тәшенов атындағы жалпы білім беретін мектептің тарих пәні мұғалімі Гулдина Исмағанбетова Ләззат Тулешованың сабақты аса шеберлікпен өткенін, оқушылардың жаңа технологияны еркін меңгергендігін жеткізді. Сабақ барысы «Алтын күмбе» ойыны арқылы басталып, тірек сөздерді талдап, бейнероликтерді тиімді пайдаланғанын да атап өтті. Оқушылардың өз-өзін бағалауын және топтық бағалауларының ұтымды жолы көрсетіліп, жеке жұмыс, жұптық жұмыс, топтық жұмыстардың дұрыс бағытта жүргізілуі ескерілді. Осылайша тәлім-тәрбиені сабақпен ұштастырған Ләззат Тулешованың өткізген ашық сабағын облыстық және аудандық деңгейде іс-тәжірбиесін алмасуға ұсыныстар білдіріп, зор мақтанышпен жоғары баға беріп өтті. География пәні мұғалімі Жұмакүл Жидебаева 8 «Ә» сыныбына «Дүниежүзілік шаруашылық салаларының сипаттамасы» ашық сабағын өткізіп, өз әдіс-тәсілдерімен алмасты. Жидебаева Жұмакүлдің өткізген жаңа сабағына Әйтеке би мектебінен келген мұғалім Бегалиев Өркен пікір білдіріп өтті. Жоспарланған жұмыстарының барлығы уақытында жүргізілгенін айтып, сабақтағы жетістіктер мен тиімді әдіс-тәсілдерге тоқталды. Білім алушыларды патриоттық сезімге баулуға шақырып, ұйықтап жатқан ойларымызды оятуға серпін берген сабақта шаруашылылықтың ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетіп өтті. Сыныптан тыс сабақты тәрбиеші Ойбек Болусов 5 «а» сыныпқа «Достық ынтымақтастықтың кепілі» тақырыбында өткізді. Ойбек Болусов достық қарым-қатынастың маңызды, қажет екендігін оқушыларға жеткізгісі келгенін өз сабағында көрсете білді. Сабағына қатысқан Қазыбек би мектебінің тарих пәні мұғалімі Құлымбетова Жанар пікір білдіріп, Айбек ағайдың сабағы өте керемет, жоғары деңгейде өтілгенін айтып өтті. «Қазақтың тағдыры, келешегі мол ел болуы да мектептің қандай негізге құрылуына тіреледі. Мектебімізді сау, берік, һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегімізге тайынбай серттесуге болады. Ал сондай негізге құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» – деп ұлы педагог М.Жұмабаев айтқандай, келешекті айқындайтын мектеп және оның басшысы. «Жаңа әлемдегі – жаңа тарих: оқытудың қазіргі заман технологиясы» атты аудандық семинарды ұйымдастыруда барынша мұғалімдерге қолдау көрсетіп, үздік мамандарға жағдай жасап, жоғары деңгейде әрі ұлттық рухты көтерудегі жасалған жұмыстардың ерекше форматта өтуіне айрықша ықпал жасаған мектеп директоры Асқар Бекжановтың еңбегін елемеу мүмкін емес. Мектеп директоры Асқар ағайымыздың білім сапасының артуына өз үлесін қосып, талмай еңбек етіп, өз тұғырынан түспей, әлі де біраз белесті бірлесе отырып бағындыра беретініне сенімім мол.

Аудандық семинар соңында Білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қ.Бәймен семинарды қорытындылап, семинарға жоғары бағасын беріп, өздерінің шеберлігін көрсетіп, үздік сабақ өткен ұстаздарға,семинарды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін мектеп директоры А.Бекжанов, оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Накипованы аудандық білім бөлімінің мадақтамасына ұсынып, мұғалімдердің іс-тәжірибесі аудан, облыс көлемінде таратылуына ықпал жасайтынын айтып өтті. Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болуы үшін білімді ұрпақ қалыптастыруда ерінбей еңбек етіп, бар ғұмырын жауапкершілігі мықты салаға арнаған білікті ұстаздарымыздың біліктілігін арттырып, білімін жетілдіруі, білім беру жүйесінің озық тәжірибелерін жетік меңгеруі аса маңызды екенін ескере отырып, білім алушыларға білім беру жүйесінде қолданылатын қазіргі заманауи технологияларды пайдаланған әріптестерге үлкен алғыс білдіреміз!

Ләззат ТУЛЕШОВА,

Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі.