Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР

«Ауыл аманаты» ұлттық жобасының тағы бір негізгі бағыты – өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту болатын. Аталған бағытты іске асыру үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың барлық мүмкіндігін пайдалану, заманауи кәсіпорындар салып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін іс-шаралар кешені дайындалған. Өз кезегінде жоба жетекшілері инвестициялық жобалар қорында екі жүзге жуық жоба бар екенін айтқан. Олар өндірістің қарқынын арттырып, қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар ретінде саналған. Бұл жобалар агроөнеркәсіптік кешен экспортындағы өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізіп, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге көбейту мақсатына жеткізуі тиіс.

Тағы бір айта кетерлігі – 2025 жылға дейінгі жоба шеңберінде Мемелекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалар аясында 7 бірдей экожүйе қалыптастыру көзделген. Осылайша, жалпы 5 жыл ішінде 4,1 трлн. теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Тиісінше, осы уақыт аралығында еңбек өнімділігі 2,5 есеге артып, 500 мың адам жұмыспен қамтылып, миллионға жуық ауыл тұрғынының табысы артады деп жоспарланған.

Аталған жоба Түркістан облысы тұрғындары үшін де маңызды деп отырғанымыз сондықтан. Себебі, бұл халқы еңбексүйгіш, агросектордың қыр-сырын жетік меңгерген кез келген аймақ үшін мол қолдау, әлеуметті ахуалын жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Мұны біз ғана емес, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен құрылған ақпараттық-насихаттық топ та түсіндіріп келеді. Мәселен, біршама уақыт бұрын осы топтың кезекті жиыны өтіп, ол мәжіліске қатысқан қала тұрғындары агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобаның, мемлекеттік қолдаулардың тиімділігі және өздерін толғандырған өзге де мәселелер төңірегіндегі сауалдарына жауап алды. Нақтырақ айтсақ, қолынан келетін іске қолдау іздеген әрбір азаматқа серпін сыйлаған бұл кездесуде түркістандықтарға «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» Ұлттық жоба қабылданып, осы жоба аясында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында көптеген тірліктер атқарылып келе жатқаны айтылды. Сонымен қатар, ұлттық жобаның мақсаты – еңбек өнімділігін екі есеге арттырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын ұлғайту, ішкі нарықты әлеуметтік азық-түлік тауарларымен қамту арқылы агроөнеркәсіптік кешенін құру екені түсіндіріліп, «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған» ұлттық жобасына сәйкес, 2024 жылғы 11 индикатор бекітілгені мәлім болды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыру, осы салада еңбек етіп отырған шаруалардың еңбек өнімділігін жоғарылату, өнім экспорты мен қайта өңделген тауарлардың саудасын күшейту, мал экспортын ұлғайту, алма бауы, тауық еті мен жұмыртқа өндірісін қолға алу секілді көрсеткіштер бар екен.

– Азық-түлікпен қамтамасыз етудің бірден-бір тетігі – тұрақтандыру қоры. Осы ретте, облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан өңірінде әлеуметтік дүкендер санын көбейтуді тапсырған болатын. Осыған орай, «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан көлемі 50 шаршы метрді құрайтын жаңа әлеуметтік дүкендерді салу, олардың санын 50-ге жеткізу бағытында жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні бұрыннан жұмыс атқарып келген көлемі 24 шаршы метрлік 13 әлеуметтік дүкенге қосымша жаңадан әрқайсысының көлемі 50 шаршы метрді құрайтын 17 жаңа әлеуметтік дүкен салынып, жалпы саны 30-ға жетті. Оның 9-ын «Түркістан» ӘКК» АҚ есебінен салынса, 8-ін кәсіпкерлер өз қаражаттарымен салды. Аталған әлеуметтік дүкендер Түркістан қаласының көпқабатты үйлер орналасқан шағынаудандарында, осал топтағы отбасылар шоғырланған аумақтарға орналасқан. Мұнда 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарықтан 20-30 пайыз төмен бағада халыққа сатылуда. Тазартылған күріштің келісі 350 теңгеге, рожки (өлшеніп салынатын) келісі 300 теңгеге, қарақұмық жармасының келісі (дән, өлшеніп салынатын) 320 теңгеге, тауық етінің келісі 900 теңгеге, тауық жұмыртқасы (I санатты) 35 теңгеге, күнбағыс майының литрі 680 теңгеге, қант-шекер келісі 395 теңгеге, 1 сұрыпты бидай ұнының келісі 190 теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, пастерленген сүт, айран, сүзбе, сары май, бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан, картоп, сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, ас тұзы, сиыр еті нарық бағасынан төмен сатылуда. Жыл соңына дейін қалған 20 әлеуметтік дүкен құрылысы салынып, жалпы дүкен санын 50-ге жеткізу жоспарлануда. Айта кетейік, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша арнайы мониторинг топтары құрылған. Олар осы бағыттағы кемшіліктерді анықтап, бағаны қадағалап келеді. Президенттің жергілікті әкімдіктерге тапсырған тағы бір басты міндеті – инвестиция тарту мәселесі. Осы ретте мемлекет тарапынан инвесторларға бірнеше қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, егер кәсіпкер жобаны іске асыруға екінші деңгейлі банктен қаражат жұмсаса, пайыздық субсидиялау бағдарламасы бойынша алынған несиенің 10 пайызға жуық мөлшерлемесі мемлекет арқылы өтеледі. Екіншіден, инвестициялық субсидиялау бағдарламасына сәйкес, көкөніс сақтау қоймаларын немесе қайта өңдеу кәсіпорындарын салған жағдайда кеткен шығынның 25-50 пайызға дейінгі мөлшері мемлекет есебінен кәсіпкерге қайта қайтарылады. Сондай-ақ сатып алынған малдың басына, тыңайтқыштар мен тұқымға субсидия төленеді, – деді ақпараттық-насихаттық топ мүшелері кездесуде.

Сонымен қатар, соңғы жылдар суармалы егіншіліктің жерін барынша баптап, суды аз қажет ететін дақылдар егу мен жаңбырлатып, тамшылатып суаратын технологияға көшу мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл орайда егіншілік пен ғылымды ұштастырудың қажеттігі байқалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: Егін шаруашылығын-да маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз ке-рек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергі-лікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрып-тарды шығарып, оны өсіру мәселе-сін шешкен жөн.Мемлекеттің баға реттеу мәселесіне шектен тыс ара-ласуы агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселені де шешу керек. Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарықтағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге тиіс,-деген болатын.