Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ АУСТРАЛИЯ ТӘСІЛІМЕН ЗАМАНАУИ МАЛ БАЗАРЫН САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕ АУСТРАЛИЯ ТӘСІЛІМЕН ЗАМАНАУИ МАЛ БАЗАРЫН САЛУ ЖОСПАРЛАНУДА

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірлік инвестициялық штабтың биылғы алғашқы отырысы өтті. Жиында 20-дан астам жобаның жүзеге асырылу барысы, қазіргі жай-күйі сарапталып, өзекті мәселелері талқыланды.

Бүгінде облыста «Саутс ойл» компаниясы өңдеу өнеркәсібі және энегретика саласында 5 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Бұл туралы компания өкілі С. Абдуллаев баяндады. Ордабасы ауданындағы мұнай өңдеу зауыты құрылысының бірінші кезеңі аяқталған. Екінші кезеңі келесі жылы аяқталып, 650 жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Жұмыс жалғасуда. Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіру зауытын салу бойынша «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ-ның, Сайрам ауданындағы генерацияның маневрлік режимімен бу-газ қондырғысын салу бойынша «ПГУ Туркестан» ЖШС-нің өкілдері айтып берді. Қос жоба жоба да аса маңызды.

Сайрам ауданында «Nurym Group» ЖШС-нің құрама жем зауыты, мал сою комбинаты және жануарлардың қалдықтардын терең өңдеу, замануи мал базары жобалары, сондай-ақ Арыс қаласында «Turkestan agro.kz» ЖШС-нің 4500 га алқапқа жаңбырлату жүйесін енгізу және 25 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңы құрылысы жобалары бойынша компанияның негізін қалаушысы С.Ертаев баяндады. Инвестордың айтуынша, бұл жобалар арқылы жұмыс орындары көбейеді. Аустралиялық тәсілмен салынатын заманауи мал базарында саудагерлерге де, келушілерге де қолайлы жағдай жасалмақ. ЖСҚ және рұқсат құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аустралиялық компаниялардан коммерциялық жеңілдіктер күтілуде. Алматы-Самара тас жолының бойында 40 га мал базарын салу үшін жер учаскелері анықталды.

«Жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдері әрбір жобаны сүйемелдеп, соңына дейін жетуін бақылауда ұстасын. Әр жоба бойынша Жол картасы әзірленіп, әкімдік өз міндетін, инвесторлар өз міндетін уақтылы орындаулары тиіс. Созбалаңға салуға болмайды. Бізге өндірісті дамыту, жұмыс орындарын ашу аса маңызды. Инвестициялық штабта айтылған мәселелер хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізілсін», деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырма берді.

Естеріңізде болса, облыс экономикасының маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығын бойынша өткен жылы өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асып, республикада көш бастады. Жыл басынан салаға 88,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл құны 16,7 млрд.тг құрайтын 25 жобаны іске асыру көзделсе, соның құны 14,1 млрд.тг болатын нақты 22 жоба қосылды. Нәтижесінде 396 жұмыс орны ашылды. Салада жаңа технология кеңінен қолдануда. Қарқынды бау көлемі биыл 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып отыр. Бұрын 60-70 центнер болса, қазір 300-350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға ендіріліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Ірі қара мал етінің үлесі 85%, ұсақ мал – 60% құрайды. 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.

Инвестициялық штаб отырысында Кентау қаласындағы «Кентау байыту фабрикасын» қайта жаңарту және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу өндірісін іске қосу бойынша «KazOilEnergy» ЖШС директоры А.Қалабаевтың, Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын салу бойынша «Казкрахмал» ЖШС өкілінің ұсыныстары тыңдалды. Бәйдібек ауданындағы травертинді әрлеу тастарын өңдеу жобаларын жүзеге асырушы инвесторлар да мәселелері мен өтініштерін айтты. Ол назарға алынып, жер мен электр мәселесі шешілетін болды. Сауран ауданындағы тоңазытқыш жабдықтарын шығаратын зауыт салу бойынша украиналық «UBC BG» ЖШС өкілі айтып берді. Сонымен бірге өзге де инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Жоғарыда аталған мал базары жобалары аясында өңір басшысы Аустралияға іс сапарға барған болатын. Аустралияға жұмыс сапарының қорытындысын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин сонда болған мал шаруашылығы қожалықтарының басшыларымен талқылады. Аграрлық салада өзіндік орны бар бес компанияның өкілдері – «Олжа Агро» ЖШС, «Терра» ЖШС компаниялар тобы, «Қарасу-Астық» ЖШС, «Қайып ата» ЖШС, «Қайыңды» ЖШС аустралиялық заманауи технологияларды ескере отырып, қолданыстағы өндіріс орындарын салу және жаңғырту бойынша пилоттық жобаға қатысуға шешім қабылдады.  Инвестициялық жобалар мал шаруашылығын ауқымды дамытудың кең спектрін қамтиды: 2,5 мың мал басына арналған асыл тұқымды мал шаруашылығын, 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын құру және қайта өңдеу («Олжа Агро» ЖШС, Қостанай облысы), 100 мың басқа арналған мега ірі бордақылау алаңын салу, 1,2 гектар жерді суару («Терра» ЖШС, Батыс Қазақстан облысы), ет комбинатын жаңғырту және биогаз, электр энергиясы, тыңайтқыштар өндіру бойынша жасыл технологияларды енгізу («Қарасу Астық» ЖШС, Қостанай облысы), мал азығы дақылдарын өсіру, өндіру, мал биржасын және қалдықтарды терең өңдейтін ет комбинатын салу («Қайып ата» ЖШС, Түркістан облысы) Жетісуда жаңа мал бордақылау алаңдарын салу және қолданыстағы бордақылау алаңдарын кеңейту («Қайыңды» ЖШС).

Пилоттық жобаның бірінші кезеңінде ауыл шаруашылығы мен қатысушы нысандардың жай-күйіне егжей-тегжейлі талдау және аудит жүргізу, яғни қолда бар ресурстарды, ағымдағы қызметті, даму жоспарларын бағалау және олардың әрбір кәсіпорын үшін қаншалықты тиімді екенін анықтау көзделеді. Бұл мәселеде қазақстандық фермерлерге халықаралық мамандар тобы көмектеседі. Екінші кезеңде – әрбір жобаны дамытудың қаржылық моделі мен бизнес-жоспарын әзірлейді. Ал үшінші кезеңде оны жүзеге асыруға кіріседі. Пилоттық жобаға қатысушылардың кейбірінің аустралиялық технологиялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар екенін ескере отырып, нысандардың құрылысын 2024 жылдың көктемінде бастау жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі Етті мал шаруашылығын дамытудың үшжылдық кезеңіне арналған жол картасын әзірлеуде. Құжатта мал басының орташа тәуліктік салмағын арттыруға және жоғары салмақ стандарттарына қол жеткізу мерзімін қысқартуға ықпал ететін заманауи технологияларды қолдану негізінде қазіргі заманғы экспортқа бағытталған ет комбинаттары мен ірі қара мал өсіруге арналған бордақылау алаңдарын құру жөніндегі шараларды енгізу жоспарланып отыр. Қазақстандық кәсіпорындар базасында мал шаруашылығын жүргізудің аустралиялық әдісін енгізу бойынша пилоттық жоба аталған құжаттың бір тармағы.

Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы Қазақстан Республикасының Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы №1 «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елді-мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Жоба – халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер береді. Бағдарламаны жүзеге асыруға 2023 жылы Республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге қаржы бөлінген. Бұған қосымша 8,7 млрд. теңге бөлініп отыр. Жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілуде.

Несиелендіру алты бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығын дамыту, құс шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуына мүмкіндік жасау ретінде шешіледі. Несиенің ең жоғарғы сомасы – кооперацияны дамыту үшін 27600000 теңгеге дейін (8000 АЕК); жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін – 8625000 теңгеге дейін (2500 АЕК). Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай; ең ұзақ мерзімі – 84 ай. Борышты өтеу бойынша 12 айға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.